Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2018

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңі басталды

758 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұл туралы Орталық комму­никациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында белгілі болды. «Казконтент» АҚ бас­қар­ма төр­ағасы Евгений Кочетов, «Бо­­ла­­­шақ» және «Жастар үні» қ­о­ғам­дық бірлес­ті­гінің төрағасы Дәурен Бабамұратов, Қазақ­стан Азаматтық альянсының директоры Гамал Түзелбаев, «Бо­лашақ» қауымдастығы ке­ңе­сінің мүшесі Динара Шайжүнісова қатысқан баспасөз жиынында «100 жаңа есім» жобасының маңыздылығы туралы һәм екінші кезеңіндегі басымдықтар туралы әңгіме өрбіді. 

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңі басталды

«100 жаңа есім» жобасының мақ­саты – табысты, бәсекеге қабілетті болу, прагматизм мен білім культі идея­ларын, Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың өмірбаянын үлгі ете отырып насихаттау. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» мақаласында баса назар аударылған жас­тар мәселесі де қоғам талқысынан тыс қалмаған болатын. Қалың ел қолдаған сол бағдар­ламалық мақалада айтылған әр мәселе жеке-жеке қаралып, әр тапсырма жіті қадағалаумен іске асып келеді. Соның бір тармағы ретінде «100 жаңа есім» жобасы да іске қосылған болатын. Өткен жылы аталған жобаға 2 мың­нан аса өтінім қабылданып, оның 302-і іріктеу кезеңінен өтіп, 102 үміт­кер «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жо­басының жеңімпазы атан­ған, Елбасы өзі қабылдап, арнайы кездесу өткізген болатын. Бұл жобаның ­басты мәні кейінгі толқынды еңбекке, білімге, іскерлік пен адалдыққа құштар ету екендігі де баса айтылып келеді. Биылғы екінші кезеңнің өзіндік ерекшелігі бар.

«Осыдан бір жарым жыл бұрын Елбасының жаңа замандағы трендтер мен жаңа бағыттарға сәйкес жастардың сана-сезіміне, рухани дүниесіне қозғау салған мақаласы шықты. Бұл мақала біздің еліміздегі қоғам өкілдерінің арасында қызу қолдау тапты. Соңғы жылдарда кездеспей кеткен азаматтық қоғам мен биліктің арасында диалог орнады. Сол рухани жаңғыру мақаласы аясында «100 жаңа есім» бағдарламасы іске асқан болатын. Мүлде басқа бағыт, жаңа технология арқылы жүзеге асты. Тәуелсіздік жылдары қазақ қоғамының дамуына зор үлес қосқан азаматтар таңдалды. Әлеуметтік оптимизмнің арқасында таңдалған жаңа тұлғаларымыз қоғамға үлес қосады деу­ге негіз бар. Азаматтық қоғамның тарапынан 100 жаңа есімді әрі қарай жалғастырсақ деген ұсыныстар болды. Қазақ қоғамының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтар 100-ден көп деген пікірлер айтылған соң, соған сәйкес жаңа есімдерді іздесек деген қоғамдық тапсырыс болып отыр. 100 жаңа есімнің екінші кезеңін бастағалы отырмыз. Бұл жастардың арасына жаңа бағыт, рухани дүниелерге жаңа серпін әкеледі деп ойлаймын. Әртүрлі тағдырларды жастарға үлгі етіп көрсетіп, жақсы жағынан ұсынамыз» деді Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ерлан Саиров.

«100 жаңа есім» Қазақстанда ерекше талантты және тұлғалық сипатқа ие адамдарды іздеп, жобаға белсене қатысуға шақырып отыр. Аталған жоба кәсіби салада жетістікке жеткен, өз дара жолы өзгеге өнеге болатын адамдарға арналған. Осымен екінші жыл ұйымдастырылып отырған жобаның биылғы ерекшеліктеріне келсек, үміткер өзін өзі ұсынуға және үміткерді ұйым атынан ұсынуға болады. Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне басымдық берілетіні айтылды. Сол сияқты өткен жылғы іріктеу кезеңінен өтпей қалған үміткерлер биыл тағы да өтінім беруге құқылы. Өтінім осы жылдың қазан айының ортасына дейін 100esim.el.kz сайты арқылы қабылданады, одан әрі қараша айы бойы онлайн дауыс беруге жалғасады. «100 жаңа есім» жобасының жаңа маусымын ашық деп жариялаймыз. Үміткерді таңдауда қойылатын басты талап, ол адамның тәуелсіз еліміздің дамуына өз үлесін қосуы. Үміткерлерді анықтауда қазылар алқасы болмайды, лайықты деген азаматты не азаматшаны халық дауыс беру арқылы өзі таңдайды», деді «Қазконтент» АҚ-тың басқарма төрағасы Евгений Кочетов.

Қызмет саласы бойынша ұйымдар тобының кеңінен таныстырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтық бастамаларды насихаттау мақсатында жобаның жаңа үміткерлерін таңдау институционалдық әдістермен жүргі­зіледі. Әр қоғамдық ұйым, бірлестік ерекше тарихы мен кәсіби жетістіктері бар үміткерлерін ұсына алады. Үміт­керлерге қойылатын негізгі талап мынадай:

• үміткердің кәмелет жасқа толған болуы (18);

• қызмет саласында елдің жағымды имиджін қалыптастыруға үлес қосқан айрықша жетістіктерінің, қатысушы имиджін дамытуға ықпал ететін тұлғалық қасиеттерінің болуы;

• үлгі алуға лайық, жастарды пат­риоттық және туған жерге адал­дық рухында тәрбиелеуге, еңбек культін қа­лыптастыруға ықпал ететін қоғамдық-саяси және еңбек қызметінің болуы;

• Қазіргі Қазақстанның дамуына қосқан нақты үлесінің болуы.

• Қазіргі Қазақстанның, оның табыс­тары мен түрлі саладағы жетістіктерінің жарқын үлгісі бола алатын тұлға;

«100 жаңа есім» жобасында үкі­меттік емес ұйымдарға басымдық бе­рілуі – үлкен сенім мен қолдау. Ла­йық­тылар, әрине, көп. Соның ішінен 100 есімді анықтау барынша әділ өтуі тиіс. Сол үшін үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне басымдық беру қажет. Қазақстан халқының көбі ауыл­да тұрады. Сол себепті аймақтағы талантты жастарды, азаматтарды анық­тау үшін осы ұйымдар барынша­ ат­салысады деп ойлаймын», деді Дәурен Бабамұратов.

«100 жаңа есім» жобасы қазақ қо­ғамына, я жастарына не береді? Оның маңыздылығы неде? Осы сұрақтарға да баспасөз жиынында жауап берілді. Бұл қазақ қоғамының оптимистік санасын дамытуға, қазақ жастарына үлгілі ел азаматтарын көрсетуде маңызды қызмет атқаратын жоба. Ел үшін тер төгіп жүрген замандастарымыз еленуге де, құрметтелуге де лайық.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»