Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2018

Ауруханаға лифт сыйлады

609 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Ауруханаға лифт сыйлады

Мақаншы ауданаралық ауру­ханасының үш қабатына мүл­тіксіз жүріп-тұратын лифт пайдалануға берілді.

Ең қуаныштысы, аталған лифтінің жұмыс істеуіне дем­еу­­шілік қолдау көрсеткен Ма­қан­шы ауылының тумасы, атым­тай азамат, «Атамұра» кор­­по­рациясының президенті Ра­қым­ғали Құл-Мұ­хамет кез­десуге Алматыдан ар­на­йы келді. Ауру­хананың бас дә­рі­­гері Нағима Жақия­но­ва емхана­да қырық жыл бойы бол­маған лифтінің орна­тылғанына қуанышты еке­нін жеткізді. «Жү­ріп-тұруы қиын сырқат адамдарды жоғары қа­бат­қа медици­на қыз­мет­керлері та­лай жыл арқалап апарып жүрді. Кішкентай мейірбикенің алпамсадай сы­р­қатты қалай жеткізерін білмей қиналып тұрғанын көр­сеңіз, өн бойыңызды мұз қары­ғандай болады. Мақаншы аудан­аралық ауруханасына ем іздеп ауылдардан келетін адамдардың, осы мекемеде еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлерінің атынан жаны жомарт, аяулы азамат Рақымғали Абрарұлына рахмет айтамыз», деген бас дәрігер демеушіге арғымақ мүсінін сыйға тартты.

Үржар ауданы әкімінің орынбасары Серік Садуақасов бұл бастаманың басқа да қал­талы азаматтарға үлгі-өнеге екенін тілге тиек етті. «Әлішер Науаи: «Жомарттық – бақтағы мәуелі ағаш, тіпті сол ағаштың жемісі» деген болатын. Осы ісіңізбен ата-анадан тараған асыл қасиетіңізді, туған жерге сүйіспеншілігіңізді көрсеттіңіз», деді ол.

Ал ауыл қариясы, аудан­ның құрметті азаматы Төле­ген Жи­рентаев сөзін әріден бастады. – Әкең Абрар ақса­қал жаны таза, жұмысына тия­нақты, ісіне адал, уәдеге бе­рік, үй-ішіне ерекше қам­қор жан. Бүгінде тоқсан жас­тан асып, ел мен жерге тілек­ші болып отырғанына қуана­мыз. Әке мен ананың мейі­ріміне бөлеген Абрар аға­ның бала­лары өздері өскен елге деген балалық іңкәр кө­ңіл­дерін, адамгершілікке толы істе­рін үнемі көрсетіп келе­ді, – деп ақ батасын берді. Өз кезегінде ауылдың аузы дуалы ақсақалдарының бірі Бейсенбай қажы Қы­рық­байұлы да атымтай азаматқа алғыс айтты.

Бұрынғылардың «Жақ­сы­лық жерде қалмайды, иман отқа жанбайды» дегені осы бо­лар. Бұл ретте Рақымғали Құл-Мұхаммед басқаратын «Ата­мұра» баспаханасының көме­гімен жергілікті ақындар Жа­байыл Бейсенов, Айжарық Абыл­қасымовтың жыр жинақтары, журналист Сәбит Шөмшековтің прозалық кітаптары, көкталдық Күлпан Базарқызының ауыл та­рихын ұлағаттаған естелігі, ше­жі­реші Амангелді Бөгісовтің Бай­­­­ғана руы жайлы жазған ше­жіресі, ел басқарған Бауыржан Жү­нісовтің өмірбаяндық хам­са­сы, Әсеттің 150 жыл­дығына ар­налған «Әсетті танып, білдік пе?» сынды зерттеу еңбектерінің жа­рыққа шығуына демеушілік көр­сеткенін де айта кеткеніміз жөн.

– Рақымғали Абрарұлы таяуда жарбұлақтық спортшы, палуан Төкен Сейдікәрімұлы жайлы жазылған кітапты да шығарып берді. Сондай-ақ өзі оқыған Ә.Найманбаев мектебіндегі Әсет ақынның мұражайын қалып­тастыруға қаржы бөлді. «Үздік ұстаз», «Үздік оқушы» аталымдарына арнайы ақшалай сыйлық белгіледі. Мектепке, ауданның 80 жылдық тойына жеңіл автокөлік беріп, үлесін қосты. Үржар ауылында мүмкіндігі шектеулі ба­лалардың қажеттілігі үшін қол арбаларға жарты миллион қаржы босатты. Тізе берсе, демеушілік көрсеткен жемісті ісі аз емес, дейді ауыл азаматтары.

Жиында Рақымғали Абра­р­ұлы өз сөзін туған жерге келіп, жерлестерімен, ауылдың абыз қарияларымен кездескеніне қуанышты екендігінен бастады.

«Адам баласы үшін асыл құн­дылықтардың бірі өзіңді өмір­ге әкелген ата-анаң болса, екіншісі, кіндік қаның тамып өсіп-өнген, ер жеткізген ту­ған жерің. Осы ыстық ұғымдар бүгін менімен бірге. Мен – туған ауылымдамын. Бірде анамыз сырқаттанып, жедел жәрдеммен осы ауруханаға әкелуге мәжбүр болдық. Дәрігерлердің үшінші қабатта отыратынын білген соң, дереу лифт іздедім. Бірнеше адам анамызды үшінші қабатқа көтеріп апардық. Дәрігерлер анамды қарап жатқанда, баспалдақтың қасында күтіп тұрған едім. Сол сәтте осы ауруханаға келетін бар­лық науқастың лифтіге мұқ­таж екеніне көзім жетті», деді кәсіпкер тебіреніп.

Кеңес дәуірінде емханада лифт үшін қалдырылған арнайы орынға Беларусь елінде шы­ғарылған лифт дәл келіпті. Лиф­тіні орнатуға атсалысқан Өске­мен «ЛИФТТЭК» мекеме­сінің басшысы Асхат Нұрышев­тің айтуынша, сапалы лифтіні орнымен пайдалана білсе ұзақ жыл қызмет етеді.

Салтанатты шарада Т.Бә­кей­­­ұлы, Р.Абрарұлы, Ә.Ахмер­ұлы жаңа лифтінің лентасын қиып, ақ ті­лектерін білдірді. Жаңа лифт кең, ені – 1,5, ұзындығы – 2,5 метр. 500 килоны жоғары қабат­қа қиналмай көтереді. Бас мейір­бике Фатима Мандышқызы «Бұл біз­дің мейірбикелерге үлкен көмек болды», деп разылық көңілін білдірді.

Лифтімен жоғарыға көтеріл­ген қонақтар екінші қабаттағы қабырғадан осы ауруханада бас дәрігерлік қызметтерін абыроймен атқарған Болат Сіләмбеков, Тәңірберген Тоқтаров, Айтқали Жармұхаметов, Гүлнар Төлеу­таева, Ерлан Масалимов, Әлмұ­рат Рыспаевтардың майлы бояу­мен салған суреттерін тамашалап, ­аурухана қызметімен танысты.

Мұратқазы САЯБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы,

Мақаншы ауылы