Әдебиет • 04 Қыркүйек, 2018

Гагик Давтян, армян ақыны: Бір-бірімізді аудару арқылы өсеміз

352 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Гагик Давтян, армян ақыны: Бір-бірімізді аудару арқылы өсеміз

– Қазір Арменияда биліктің әдебиетке деген көзқарасы қалай?

– Билік әдебиетке сон­шалықты көп назар аудармайды. Кітаптың ба­сылуына ақша бөлін­бейді, қаламақы мүлде жоқ. Кітап таралымы – 500 дана. Оның көп бөлігін сыйлауға тура келеді. Жақында Бақыт­­жан Қанапияновтың кі­табын аударып, басып шығардым. Халық әдебиеттен алыстап кетті. Бірақ әдебиетпен айналысатын орта сөз өнеріне махаббатын жоғалтқан жоқ.

– Кітап дүкендеріндегі ахуал қалай?

– Біздің мемлекетте халықтың басым бөлігі – армяндар. Соған сәйкес кітаптардың көбі армян тілінде. Әлем әде­­биеті, әрине, барлық елдердегі сияқты дү­кенге жүйелі түрде түседі. Біз­дің ха­лық көп тілді білуге құштар. Бәл­­кім, бұл біздің әлемде шашылып жат­­қа­нымызбен байланысты шығар. Та­­лантты жастарымыз бар. Әдебие­тіміз көп жанрлы. Қазір саған олардың атын айтсам, ол саған ештеңе бермейді.

– Сол талантты жастарға арнал­ған қандай сыйлық бар?

– Жастарға арналған Мемлекеттік жастар сыйлығы және Президент сый­лығы бар. Жыл сайын бір әдебиетшіге беріледі. Одан бөлек, Жазушылар од­а­ғында жастарға арналған сыйлық көп. Жанында ақшалай да сыйлары бар. Мемлекеттік жастар сыйлығының жүлдесі – 10 мың доллар, ал Президент сыйлығы – 5 мың доллар. Бұл жас әдебиет­шілер үшін жақсы стимул деп ойлаймын.

– Қазақ жазушыларымен қай кезден таныссыз?

– Осыдан 33 жыл бұрын Влади­вос­­токта жас ақындардың он үшінші фес­тивалі өтіп жатқан. Сонда қазақ ақыны Бақытжан Қанапияновпен таныс­тым. Бір-бірімізге мекен-жайымызды, өлеңдерімізді бердік. Со­дан біраз уақыт өткен­де маған Алматыдан қаламақы келді. Үш ай өмір сү­ріп, отбасын еркін асы­­­рауға жететіндей ақша еді. Қалай рахмет ай­та­­мын деп жүргенде, бәрі өзгеріп кетті. Бір-бі­рі­­мізден көз жазып қал­­дық. 2010 жылы аяқ асты­нан Ереваннан Ба­қыт­­жанды кездестіріп қал­­дым. Арада 25 жыл өт­­кен. Бір-бірімізді ұмы­туға айналғанбыз. Бірақ түрін бірден танып: «Бақытжанбысың?» десем, ол да танып, құшақтаса кеттік. Мен оның өлеңдерін алып, аударып, «Гракан терт» деген әдеби газетімізге бастым. Енді осы жерге оның армян тіліндегі кітабын әкелдім.

– Басқа қазақ қаламгерлерінен кімді білесіз?

– М. Әуезовтің «Абай жолымен», Жұбан Молдағаливтің өлеңдерімен таныспын. Бірақ көп ақын-жазушыларды танимын деп айта алмаймын. Маған қа­зақ жастары қызық. Қазіргі қазақ жас­­тары қалай жазады екен соған қызығамын.

– Біздің де әдебиетіміз көпжанрлы, талантты жастары да көп. «Ақ ордалы Астана» фес­тиваль аясында бір бө­лігімен таныстыңыз деп ойлаймын.

– Әрине, Ерлан Жүніс, Бауыржан Қарағызұлы, Ақберен Елгезек, Нұртас Тұрғанбек, Бекзат Смадияр, Еламан Хасен сияқты жастармен танысып, өлең­дерін тыңдадым. Басқа да қазақ ақын­дарымен танысып, енді байланыс үз­беу­ге келісіп жатырмыз. Осындай шара ұйым­дастырған Қазақстан билі­гіне, Қа­зақстан жазушылар одағына рах­мет. Біз бір-бірімізді аудару арқылы өсеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»