Өнер • 04 Қыркүйек, 2018

Күй мен күйші тағдыры

1629 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Күй мен күйші тағдыры

Сол бір шақ күй өнерінің ауыр кезеңі еді. Бар жазығы шертпе күй тартқаны үшін Қыздарбек күйшінің бар шәкірті оққа байланып, шошынған жұрт домбырадан безе қашқан тұс та кешегі ғана күн болатын. Есі енді кіре бастаған ел елуінші жылдары домбырасымен жылап көрісе бастаған. Иә, мен сол кезде Дәулетбек Сәдуақасұлы деген бозбаланы алғаш рет көрдім. Қызылту ауылы еді. Көңілдері енді серпіле бастаған жұрт. Көңілді серпілткен сол ауылдың жастары. Күнара концерт қоятын да сол Қызылту жастары. Дархан еді-ау сол ауыл. Шіркін-ай, мына ауыл мәңгі сақталар ме еді деп іштей тілейтінмін де.

Ауылдың шежіреші қарттары да көп, әнші-домбырашы жастары да тізілген ауыл. Концерттерге Дәукеңмен қатар Маясар, Ағысбай деген жігіттер домбыра ұстап қоса шығады. Үшеуі кезекпен кезек неше алуан күйлерді шертіп, жұртты тебірендіреді. Колхоздың ауыр жұмысынан шаршап келген жұрт бір-бірінен оза шапқан бәйгенің жүйрігіндей алма-кезек жарысқан үшеуінің өнеріне тәнті боп, бой сергітетін.

Дәукең тегі Қыздарбектің күйлеріне бой ұратын. Маясар Тәттімбет күйлеріне әуестік таны­татын. Ағысбай Дайрабайдың, Тоқаның, сонау әріде жатқан Итаяқ күйшінің өнеріне әуес­­ті­гін білдіретін. Иә, осы үшеуі оққа байла­­нып, үзіліп қалған Қыздарбек мектебін қай­та түлетіп, күймен жан кіргізіп жатқандай болатын.

Мен осы кезеңнен сәл бұрын Киіктіде атақ­ты күйші Бегімсалдың өнерін тамаша­ла­ған едім. Киіз үйдің алдындағы көгалға жайғасқан жұрт ертеңгілік сағат 10 шамасында басталған күйшінің күйін табан аудар­май түс ауып, сағат 4 шамасына жеткен­ше тыңдаған еді. Айтуларына қарағанда Бегімсал 100-ден артық күй біледі екен. «Целина» басталған соң Бегімсал күй тың­дай­тын жұрт таба алмай, күйінгеннен дом­быра­сын тастап кетті.

Арада біраз жыл өтіп, Сібірдегі «қажы­лық» сапарымды өткеріп келгенмін. Шалтас­та аудандық шопандар тойы өтті. Кешінде Дәукеңнің жақыны Әлі ақсақал таудың ішіндегі сайға үй тігіп, біраз жұртты қонақ еткен. Дәукең жездеме ере бардым. Төрде Қази ақын бастаған ақсақал әңгі­ме шерткен. Әбекең (Әбдіғали молла) Қыз­дарбек туралы әңгіме қозғап, Сембек күй­ші­нің әр күйге арнаған тиегі болатынын жет­кізген. Төрдегі Қази Әбекеңе «күй шерт» деп қолқалады. Әбекеңнің қолдары ісіп жүр екен, соны алға тартып, домбыраны Дәукеңе ұсынып, ендігі үміті Дәукеңде екенін қадап тұрып айтқан. Жаратушы Жаббар хақтың ерекше сыйы ғой, Дәукең билеп-төстеуге көнбейтін ұлы даланың осы ұлы үнін жеріне жеткізе шертті. Тәуелсіз ой мен рух күші отырғандардың жан сырына жетіп, өмірдің сұлулығын суреттейтін нәзік иірімдер ақ­са­қалдарды еріксіз күрсіндіріп, Дәукеңе рах­меттерін жаудырған еді.

Сол бір сәт солай болғанымен де озбыр күш өз дегенін істетіп жатты. Жұрт әсіресе, ауыл­дың шала шенеуніктері, институтты «заочна» бітіріп, «болған», «толған» шала мұға­лім, дерексіз директор атаулы қазақ өнері­нен алыс кетті. «Әй, домбыра тартшы» дейді ұлықсығаны. Еріксіз қолға домбыра ал­­дырады. Көлденең домбыра ұстағанға таң­да­на ежірейіседі. Араққа тойғаны одырая кекірінеді, ұнатпағаны жөткірінеді, арты у-шу. Мұндайдың сынына кезіккен Дәу­кең «енді домбыра тартпаймын» деп бар күй­зелісін айтып шыға келді. «Мына топастар күйді мазақ еткісі келеді, мазақ еткізбеймін олар­ға. Бұлардың ойы күй тыңдау емес, қор­лау. Неге қорлатам мен оларға. Жетті енді. Күйдің киесі ұрар тегі». Күйзеліс ұзаққа созылды. Бір шамада менің де қолыма магнитафон түсті-ау. Ебін тауып Дәукеңнен біраз күй­лер­ді жазып алдым. Анда-санда үйге жолы түскенде магнитафонды қосып қоямын. Шай­­дың соңында Дәукең де шыдай алмай Смағұл ақсақал жасаған домбыраға қол созып, іштегі күйінішін баяу шертіп ақтарады-ай, келіп.

Дәукең үйге әр келген сайын Сембек күйшінің домбырасын қолға алып, көп айналдыратын еді. «Осы күнгінің домбырасынан басынан бастап тырнағына дейін бояп қоятын қатынға ұқсатып жыпырлатып перде тағып қояды. Осы батысқа еліктеуді қашан қояр екенбіз. Домбырада қазақтың үні бар, ол батыстың мандалині емес қой» – деп ренжитін. Сембек күйшінің домбырасына тоғыз перде тағып, күй шертетін де «міне, тыңдашы көне бір үн енді ғана шықты, осыны неге ұмытамыз, қазақтың үні осында жатыр» деп дәлелдейтін.

Көз алдымнан Маясар домбырашы кет­пей­ді. «Целина» деген пәленің қырсығынан домбырадан көз жазып, тракторға мінген өнер адамын, іштегі сарынның күйініші жеді ме, күні-түні май-май боп, шаң басқан, қыстың аязы темір орындықта қосылып қысқан Мая­­сар домбырашының өмірі ұзаққа бармады. Ға­жайып өнер иесі еді, жанашыр пенде болмады-ау.

Сібірдегі сапарымды аяқтап келген соң өнер ортасыннан алыстап, әр жұмы­с­тың басын бір шалып жүрген Ағыспайға көмек етуге тырысқан едім. Райкомның үшінші хат­шы­лығына бекіген қайынбикем Шәкен Тұра­бай­қызының көмегімен ол мәдиниет үйі­нің меңгерушісі жұмысына қабылданған. Ке­л­ін­шегім екеуміздің аядай бөлмемізде екі ай бойы үшеуміз сыйысып орналастық. Сонан соң тағы жарты жылдай жеке пәтерге шықты.  Ағысбайдай домбыраны сұлу шертетін адамды көрген жоқпын. Кейде домбыра шанағы адамша тіл қатып кететіндей көрінуші еді. Отбасының жағдайы келіңкіремей, тағы- тағы мәселелер туындап Ағысбай ауылына қайтқан еді. Өнер адамын өнер ғана сақтай­ды. Біраз жыл әредік кездесіп жүрдік. Жүде­ге­нін көрдім. Денсаулығы да сөнер шоқтай әл­сі­рей берген. Дүниеден озғанын бір-ақ естідік.

Тракторшы болып жүрген Дәулетбек Сәдуа­­қа­с­ұлының өмірін де, күйшілік өнерін­де сақтап қалуға үшінші хатшы болған Шәкен Маясарованың тікелей көмегі тиді. Біраз совхозға партком, Қаработа деген фер­ма­­да меңгеруші болды. Менің достарым К.Ме­­диев­тің, С.Медеубаевтың көмегімен Ақадыр, Шет аудандарында «Заготконтора» деген жеңіл мекемелерді басқарып, күй өне­рін сақтауға мүмкіндік жасалды.

Мұның бәрі де қазақтың күйі өлмесінші деген қысылтаң кезеңдегі жан далбасалық еді. Күй туралы сөз қозғағандар Қыздарбек, Сембек деген күйшілер болыпты дегеннен аспайтын. Бар шәкірті оққа байланған Қыздарбектің атын атаудан жұрт сескенетін. Байқап жүрмін, енді болмаса ұлы күйшінің де, шәкірттерінің де асыл мұрасы біржола жоғалады. Солар солай болады-ау деп керек қылып жүрген тағы ешкім жоқ. «Запорожец» көлігіне мініп, жартылай жасырына жүріп, (КГБ-нің бақылауындамын ғой) сонау Мойынты, Киікті, Босаға, Ақшағыл жұртын аралап Қыздарбек шәкірттерінің жиырмадан аса күйін таспаға түсіріп алдым. Енді соларымды консерваторияға не облыстық мәдениет бөліміне өткізе алмаған шақтарды да бастан өткердік.

Жетпісінші жылдардын соңында жаныма немере інісі Есенді ертіп Бегімсал күйшіні іздеп бардым. Қамыққан күйшінің домбырасын шертуді қойып кеткеніне он жылдан асыпты.

– Неге кеш келдің? – болды алғашқы сөзі. – Иә, естігем, бір басыңа жетерлік қасірет тарқаныңды, – деді тағы да.

Пенсиядан ада Бекеңің жасы 74-те. Жас бала-шағасын асырау үшін қыста кочегар, жазда жұрттың малын бағады. Қолы күс-күс. «Енді мені зорламаңдар» деп өтінген Бекен біраз уәжімнен кейін көнгенсіді. Шолаңдағы домбырасын алдырдық, жөндедік. Күс-күс саусақтар икемге келмеді. Жылы суға салып, жылқы майымен майлап, төрт-бес сағат әуреге түскенбіз. Бекен қайта-қайта до­м­­бы­­расын алады да, «болмады» деп басын шай­қайды. Біз кәсібімізге қайта кірісіп, ала­қа­нын, саусақтарын уқалаймыз. Сөйтіп оты­рып Бекеңнің ризалықпен бас изеген шама­сына да жеттік. Бекеңнен сол жолы сонау әрідегі Итаяқ, Қыздарбек, Сембек, Дайра­бай­дың қаншама күйлерін жазып алдық. Қайран Бекең сонан арғы екі жылда дүниеден кетті.

Сексенінші жылдардың орта кезінде қонаққа Дәукеңмен қоса Арқаға белгілі болып қалған домбырашы Орал Истайұлын шақырдым. Оралдың да күй шерту өнері ерекше, жан-жүйкеңді билеп әкетеді. Орал шерткен Әбдидің «Зар қосбасарын» тыңдап отырып консерваторияның деканы Тымат Мерғалиевтің жылағанын көзім көрген. «Япыр-ай, адамның күйініші мен зарын, бұлдыр қағып кете беретін арман-қиялын екі ішекпен де осылайша бере беруге болады екен ғой» – деген еді көзін сүрткен Тымат аға.

Қыздарбек күйші мектебін өзіндік ерек­шелігін жалғастырушы екі өнерпаз Дәукең мен Орал кезек алмасып күй шертіп, көне мұраларды көне сарынымен алдыға жайып салып, керемет күй кешін өткізген еді. Дәукеңнің орындауындағы Қыздарбектің «Өткінші» күйі ұлы даланың ұлылығына бас идіріп, қол жетпес шексіз арманға сүйресе, іле Сембектің «Наз» қосбасарын шертіп, қайырылып келмес жастық шақты да, аса сыйластық көңіл пәктігін де наздана еске алып, балаша тербеткен еді. Екі өнерпаздың домбыраны кезек алмасып отырып, бір-біріне деген сыйластығын көрудің өзі бір ғанибет. Иә, кешегі өткен дәуренді шақтарында Қыздарбек күйші шәкірттері Әбди, Сембек, Мақаш, Ақмолда, Кәрібек, Кенжеғараны өстіп бір алдынан өткізетінін Әбдіғали ақсақал айтушы еді-ау. Қайран, қазақтың келмеске кеткен дәуірі.

Қазақтың туа біткен ғалымы, қазақ мәде­ниеті­нің үлкен жанашыры Ақселеу досым Бегімсал мен Дәукеңді жиі сұрап, аман­ды­ғын біліп тұратын. «Көңілдегі күйді сау­сағы­ның сезінуі не деген керемет. Ешбір оқу оны бере алмайды ғой» деп таңданып, «сен Бегімсалды домбыраға қайта ие алдың, сонымен де бақыттысың, күйшінің сезімі нәзік қой, Дәулетбекті сақтау керек, шәкірт тәрбиелету қажет» дейтін еді.

Ауданды дүлей әкім билеген тұста, тиісті мекемелері соның ыңғайына жығылатын адамдар басқарған уақытта Дәукеңе шәкірт дайындату ісі де ұзаққа созылды. Өмірінің соңғы кезеңінде екі қыс шамасындай мезгіл­де он шақты жасқа үлгі көрсете алды. Деген­менде, солардың ішінде Еркебұлан деген аза­мат­тың Дәукеңнен жап-жақсы үлгі алып, шер­тісі қоңғаны көңілге медеу.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұста Дәукең­нің бағы жанды десе болады. Оны іздеп келушілер де шек болмады. Саян Ақмолда, Базаралы Мүптекеев көштің басын бастаса, Дәукеңнің бір күйін тыңдап кетейінші дегендердің саны мол еді. Дәукеңнен сүбелі күйлерді жазып алып, нотаға түсірген арқалы өнер иесі Біләл Ысқақтың ісінің өзі бір төбе.

Иә, Біләл Ысқақ арқалы өнер иесі еке­нін көз көрді. Күйді шертерде бәйгі алдын­да ауаны жұта қармыған арғымақтай көтеріліп, құбылып кетеді екен. Осындай азамат­тың Дәукеңе бас иіп келуінің өзі талға­мы бөлектігінің, іңкәрлігі алабөтен екенді­гінің куәсі емес пе.

Ал, дарынды өнер иесі Жанғали Жүзбай­ұлы Дәукең шертетін күйлердің негізін мең­геріп алды десе болады. Жанғалидың орын­дауындағы Итаяқтың шертпесін теледидардан естіп, қатты тебірендім. Құдды Бегімсал күйшінің сарыны. Ерекше тәсіл.

Дәукеңнің «Күй керуенді» Шетке әкеліп, қаншама саңлақтарын жұртпен таныс­тыруының өзі жеке әңгіме.

Тегінде, күйші Дәукең суреткер. Күйге тән сипаттар, Ұлы даланы сезіну, әуез бен әуенді, ырғақты сол кеңістікке үйлестіру, көз алдыңа соның бәрін тұтастай келтіру ерен күй­шінің ғана қабілеті.

Күйші, Алланың берген ұлы сыйы күй өнері кеудесіне молынан қонған, оның қасиетін терең сезінген, тылсымға толы пенде.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,

жазушы, «Құрмет» орденінің иегері

Қарағанды облысы