Тарих • 04 Қыркүйек, 2018

Үркердей топ ішіндегі Үркімбаев

716 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Үркердей топ ішіндегі Үркімбаев

Өткен ғасырдың 30-жыл­да­рын­­дағы қазақ зиялыларының тағдыры – Қазақстан тарихының ең ерекше парағы. Олардың көп­шілігі әдебиетте, өнерде, ғылым­да, білім саласында жарқын із­­дерін қалдырып кетті. Есім­дері қай­та жаңғырып, өмірбая­ны, еңбегі белгілі бола бастады. Көмес­кі тарт­­қан тарихтың қалта­рыс­­тарын­да қалып бара жатқан бұл жай­саң­дарды қоғаммен қайта табыстыру үдерісінде Қазақстан Ұлттық архив қоры құжаттарының орны бөлек. Қазақстан Респуб­ли­касы Президенті Архивінің құ­жат­­тары жекелеген тұлғалардың өмір­баянын зерттеп жүрген қазақ­стандық және шетелдік тарихшы ғалымдардың ғылыми ізденісі­нің негізі, берік іргетасы десек те артық емес. Президент Архиві Қазақ­станның номенклатуралық қыз­меткерлерінің өмірбаян, жеке парақшалар, білім жөніндегі құжаттары, мінездеме, фотосурет­терден құралған жеке істері­­не аса бай. Республикалық, облыс­тық және аудандық дәреже­дегі жетекші­лердің кадр­лық мәсе­лелері қаралған кездегі бас­қару құ­жа­ттамасы бөлімдерінде, іс қағаз­дарында және оған қыстырыл­ған қосымшаларда өмірбаяндық құжат­тар молынан кездеседі. Бар­лық номенклатуралық-партия­лық қызметкерлердің жетекші қыз­метке өсу жолын осы архив құжат­т­арымен қуалай отырып анықтау аса қиын шаруа емес. Олардың қыз­метке тағайындалу, араласу, лауа­зымынан алынуы туралы деректерді архив қоймаларынан оңай табуға болады.

«Егемен Қазақстан» газетінде (15.03.2018) Раушан Нұ­ғ­ман­­бектің «Жазықсыз атылған жампоз» атты мақаласы жария­л­анып, онда журналист оқыр­ман­ға Семей облысының тума­сы Сәкен Үркімбаев туралы баян­даған еді. Біздің газетімізде іл­герір­екте, дәлірек айтқанда, 2010 жылы белгілі журналист Дәу­лет Сейсенұлының да «Қажы қолынан дәм татқан» деген мақа­ласының жарық көргені есіміз­де. Мақалада Сәкен Үркім­баев­тың Шәкәрімді әне-міне қолы­­на кісен салынатынын ескер­тіп, төніп келе жатқан тажалдан құт­қару ниетімен туған жерін тастап шығуға кеңес беріп, осылай­ша оны аман алып қалғысы келген әрекеті туралы әңгімелейді. Бірақ Шәкәрім Сәкеннің ақылын тың­дамайды. Ал 1931 жылдың қазанында Шәкәрім жауыздар қолынан мерт болады.

Сәкен Үркімбаев туралы дерек өте аз, сондықтан семейлік тілшілер ол туралы кім не біледі деген мәселемен қоғамға сұрау да салған болатын. Прези­дент Ар­хивінің қоғаммен байланыс бө­лімінің жетекшісі Жанар Сатаева өз мекемелерінде Сәкен Үр­кім­баев туралы сақталған аз­даған мәлі­мет­терімен бөліскен еді. Оның ай­туын­ша, Президент Архивінде Үр­кім­баевтың өмірбая­нына байла­ныс­ты бірнеше құжат қана сақ­тау­­­лы. «Қазақстан Комму­нис­­тік пар­тияс­ы Алматы облыс­тық ком­итеті» арх­ивтік қорының кадр­лар­ды тір­кеу секторында Үр­кім­баев Сә­кен Омарбекұлы­ның да жеке ісі сақ­­талған. Сәкен Үр­кім­баев 1902 жы­­лы дүниеге кел­ген, Шығыс Қа­зақ­стан облысы, Шыңғыстау ауданы­ның (қазір Абай ауданы) тумасы.

1935 жылы өз қолымен толты­рылған кадрларды тіркеу бойынша жеке іс қағазында 1935 жылы 2 мау­сымдағы РСФСР Жоғар­­ғы соты Қазақ бөлімшесінің оны Ал­маты облысы Сарқан ауданының халық судьясы етіп жіберген жолда­­ма­­сы да қоса тіркелген. 1935 жыл­дың 29 маусымында Алматы обл­ыстық партия комитетінің бюро­­­сы С.Үркімбаевты халық судья­сы етіп тағайындайды. Бұл лауа­зымға тағайындалу үшін Сәкен Үркімбаевтың бүкіл ата-тегі, әлеу­меттік ортасы ұзақ уақыт тексе­ріледі. Өзінің байдың тұқымы емес екенін дәлелдеп жазған ол, көптеген ақталу қағаздарында ту­ғанына екі ай болған кезде әкесі Омарбек Үркімбаевтың 1902 жылы қайтыс болғанын айта­ды. Әкесі қайтыс болған соң дү­ние-мүлкін тегіс ағайын-туысы бө­ліп алады, ал анасы Атажанның қолында азын-аулақ ұсақ малы ғана қалады, оның өзі 1930 жылы үкіметке өткізіледі.

«Мен Жігітек пен Кеңгір­бай биді білемін. Бірақ олардың жеке басы туралы ешнәрсе айта ал­май­мын, өйткені олар қайтыс бол­ғалы бері 200 жылдан ар­тық уа­­қыт өтті. Олардың тегі мен тұ­­­қы­­­мы­нан тараған ел бүгінде екі ауыл­­­дық кеңес болып отыр, бұл тұ­­қы­­мнан мен де тараймын. Ұзын­­құ­­лақ­тың айтуынша, Кеңгір­бай то­бықты руының ішінде өте бедел­ді адам болған» дейді Семей қала­лық партия комитетіне жазған өмірбаяндық құжатта.

Сәкен Үркімбаев әйелі Ақли­ма­мен Қызылтас ауданының (1929-1930) соты болып қызмет істеп жүрген кезінде танысады. Ол күйеуі туралы естеліктерді ұзақ жыл есінде сақтап жүрді. Ақ­ли­мадан Сәкеннің Шәкәріммен кездесуін, ақынның оның ақылына құлақ қоймай күйіп кеткенін күйініп әңгімелейтіні туралы дерек жеткен.

Зобалаңның алғашқы торуылы Үркімбаевқа 1935 жылдың өзінде-ақ жетеді, бірақ сол жылғы тұт­қын­далудан құтылғанымен, 1937 жылғы жаппай нәубеттің құ­ры­ғынан сытылып кете алмайды. Бұл туралы Алматы облыстық пар­тия комитеті Бюросының 1937 жыл­ғы 1 сәуірдегі №256 п.25 қау­лы­­­сында: «Сарқан ауданы­ның халық соты Үркімбаев сот жұ­мы­сын­да жі­берген ірі қылмыстары үшін қыз­метінен алынды» деп жазылған.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар туралы Мемориал» мәліметтер базасында Сәкен Үркімбаев туралы деректер жоқ. Тек әйелі Ақлиманың әкесі Жұматай Арыновтың 1938 жылдың тамызында тұтқындалып, сол жылдың қазанында атылғаны туралы ғана ақпарат бар.

Өз мекемелерінде сақталған белгісіз деректерді көпшілікпен бөлісіп, таныстырып отыру­ды қыз­метінің негізгі қыры ретінде қарастыратын Қазақстан Пр­е­зи­денті Архивінің қызметкері Ж.Сатаева белгілі қоғам қайраткері Сәкен Үркімбаевтың тағдыры туралы қосымша мәліметтер Шығыс Қазақстан және Алматы облыстық архивтерінде сақталуы мүмкін екенін айтады. «Бастысы, облыстағы архив ісімен айналысатын әріптестеріміз қайраткер туралы деректерді толықтыру туралы семейлік тілшілердің бастамасын жерге тастамай, тың мәлі­меттермен байыту ісіне атсалысса, 1930 жылдардағы ұлт үмі­ті болған үркердей топ ішін­де Үркімбаев секілді бірегей тұлға­ның да болмысы жарқырай түсер ме еді», дейді Жанар Сатаева.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

АЛМАТЫ

«Егемен Қазақстан»