Қазақстан • 31 Тамыз, 2018

Ұйым жұмысына серпін береді

303 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қыркүйектің басында Шолпан атада (Қырғызстан) өтетін Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммиті зор маңызға ие.

Ұйым жұмысына серпін береді

Бұл жиынды биылғы елеулі оқиғалардың қатарына енгізуге болады. Өйткені, осы жиында түркі интеграциясы үдерісін нығайту өзара ықпалдастықты арттыру ісіне қатысты өзекті мәселелер талқыланбақ. Сонымен алдағы іс-шараның өзектілігіне негіз болатын бірнеше факторды атап өтуге болады.

Біріншіден, Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер үш жылдан кейін енді бас қоспақ. Естеріңізде болса, VI саммит 2016 жылы Шолпан атада өтуі тиіс еді. Алайда түрлі жағдайға байланысты жиын кейінге шегерілді.

Екіншіден, Түркі кеңесінің саммиті өңірлік әріптестікті нығайтуға орасан зор үлес қосады.

Үшіншіден, Түркі кеңесі құрылғалы бері оның құрамын кеңейтіп, Өзбекстанның қосылуына мүмкіндік туып отыр. Түркия президенті Режеп Ердоғанның биылғы сәуірдегі Өзбекстанға сапарынан кейін Ташкент тарапынан ұйымға мүшелікке өтуі туралы әңгіме көтеріле бастады. Ендеше, алдағы саммитте халқы 31 миллионнан асатын, түркітілдес мемлекеттердің бірі Өзбекстанның Кеңеске қосылуы бек мүмкін.

Қысқаша айтқанда, Түркі кеңесі мен оған мүше мемлекеттер осы жиыннан кейін дамудың жаңа қарқынына ие болатыны сөзсіз.

Руслан ІЗІМОВ,

саясаттанушы