Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2018

Көкөніс дегенің көл-көсір

825 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұл қалаға сапар шеккендер алаш­тың астанасының іргесінде жолдың екі қапталында жайқалып өсіп тұр­ған жап-жасыл шалғын шөпті, онда­ған гектар көкөністі көреді. Қаз-қатар тұрған «Фрегат» су бүріккіш қондыр­ғы­ларының тынымсыз жұмыс істеп тұрғаны қандай жарасымды. Бұл – «При­реч­ный» агрофирмасының көкөніс алқабы. Семей мен Өскемен қаласы тұрғын­дарына қысы-жазы көкөністер, сапалы ет тағамын жеткізіп отырған шаруа­шы­лықтың тәжірибелі де іскер басшысы, «Құрмет», «Парасат», үшінші дәре­желі «Барыс» ордендерінің иегері, облыс­тық мәслихаттың депутаты Мұхит Тұма­баев­тың осы салада қызмет еткеніне 40 жыл болыпты. Аз уақыт емес, әрине!

Көкөніс дегенің көл-көсір

– Өзім Барқытбелдің күнгейіндегі Елтай ауылында дүниеге келдім. Бала кезден жердің қадірін көкейге түйіп өстік, алтыншы, жетінші сыныптан бас­тап жұмыс істей бастадық. Осындағы орта мектепті аяқтаған соң Семейдегі малдәрігерлік институттың ветеринария факультетіне оқуға түстім. 1979 жылы оны аяқтаған бір топ көкөрім жасты жолдама бойынша ауыл шаруашылығына қызметке жіберді. Ол кезде Приречный ауылы мал бордақылаумен айналысатын. Негізінен шошқа өсіретін шаруашылық тек осы бағытқа бет бұрған екен. «Шіркін, мына бос жатқан алқапқа көкөніс ексе ғой!» деген ой сол кезде пайда болған.

Бұл ауылда немістер көп тұратын сол кезде. Олар өз ісіне пысық, еңбек етуден жалықпайтын халық екені белгілі. Олар маған көп нәрсені үйретті. Бір жылдан кейін бас мал дәрігері етіп тағайындады. Күндіз-түні жалықпай жұмыс істеу нәтижесін бере бастады, 1990 жылы мені директорлыққа тағайындады. 18 жылда бес мың малды 35 мың басқа жеткіздім. Сол кезде жылына үш жарым мың тонна ет өткізетінбіз. Алдыңғы толқын ағалар ақыл-кеңесін аямады, үйретті. Заман талабы шығар, Одақ ыдырап, немістер атамекеніне қоныс аударды. Қазір немістер қалған жоқ, оның орнына өзіміздің қандастар көшіп келді, – деді М.Тұмабаев.

Ерке Ертістің жағасында орналасқан Приречный қандай көрікті. Қарағай, шырша, қайың ағаштары жайқалып өсіп тұр.Түзу көшелерге асфальт төселген. Мәдениет үйі, кітапхана жұмыс істеп тұр. Шығыс өңірінде небәрі 12 жылдық төрт білім ордасы болса, соның бірі – осы ауылда екен. 12 жылдық мектепте үш жүзден астам шәкірт білім алуда. Агрофирма басшысы М. Тұмабаев сонау бір жылдары мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, үздік деген бірнеше оқушыға тоқсан са­йын қаржылай қолдау көрсетіпті. Бүгінге дейін мектептің жиырмаға тарта баласын өз қаржысына тегін оқытқан. Ал сол шәкірттер қазір осында өзімен бірге еңбек етуде.

Агрофирмада бұл күндері 1800 гектар суармалы егіс алқабы бар. Іскер басшы сонау екі мыңыншы жылдары мал өсірумен бірге көкөніс баптауды қолға алыпты. Себебі, бұл жер құнарлы, күтіп баптасаң – ырыс көзі. Мемлекеттің екі жарым миллион долларын несиеге алып шетелдің аса қуатты 27 «Фрегат» қондырғысын сатып алды. Ертіс – жанында, жаңағы қуатты су тартқыш «Фрегаттар» бұл күндері 1800 гектар алқапты тынымсыз суландырып тұр. Сондықтан болар, тіпті қуаңшылық жылдары да ұжым астықтан мол өнім алуда. Оның сыртында малға қажет жем-шөп тағы бар.

– Биыл көктем кеш келді. Соған қарамастан 400 гектарға картоп, 88 гектарға сарымсақ пен сәбіз, 300 гектарға жүгері, 300 гектарға арпа, сұлы, екі жүзден астам гектарға жоңышқа салдық. Мал басын көбейту үшін ең алдымен қажетті мөлшерде жем-шөп әзірлеуге тиіссің. Қазір агрофирмада үш жарым мың қазақтың асыл тұқымды ақбас сиыры, 300 жылқы бар. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында асыл тұқымды мал өсіруге, мал бордақылау алаңдарын салуға көңіл бөлу қажеттігі айтылған. Біздегі малдың барлығы асыл тұқымды, жыл сайын облыстағы аудандар агрофирмадан асыл тұқымды құнажындарды сатып алады. Оның бағасы қолжетімді. Осындайда еске түседі, нарықтың аумалы-төкпелі жылдары Канададан әкелген мың бас асыл тұқымды малымыз жергілікті климатқа бейімделмей, барлығы қырылып қалды. Сондықтан өзіміздің ақбас сиырды өсіруге бет бұрған оң болар. Алдағы уақытта ақбас сиырдың санын 4-5 мыңға жеткізіп, биыл үш мың ірі қараны бордақыға қоймақпыз. Өңір басшысы Даниал Ахметовтің де қойып отырған талабы осыған саяды. Ол ол ма, биыл егістікті – 250 гектарға, ал келер жылы – 200 гектарға ұлғайтуды көздеп отырмыз. Реті келгенде айта кеткен орынды болар, қазіргі таңда біздің агрофирма өндірген көкөністі Семей мен Өскемендегі 140 сауда орны қажеттілікпен сатып алады. Себебі, біз бағаны аспандатып жібермейміз, делдалдарды жолатпаймыз. Ауылда 15 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасы бар, – дейді кәсіпкер.

Сауда орындары тонналап картоп, сарымсақ, бұрыш, қызылшаны қабылдап алғаннан гөрі оны өңделген күйінде алғысы келеді. Көкөністі өңдеу аса тиімді.

– Бізде көкөністі өңдеу цехы жұмыс істеп тұр. Жаңағы көкөніс түрлерін өңдеп, дүкендерге жөнелтеміз. Мәселен, он кило картобыңыз жүз грамдық ұнтаққа айналады. Оны суға салып пісірген кезде бірнеше есе өседі. Міне, осы озық технология алдағы уақытта жүзеге асса, нұр үстіне нұр. Біздің бұл тәжірибеге қызығушылық танытып жатқандар бар. Оларға үйретуден жалықпаймыз, – дейді М.Тұмабаев.

«Приречный» агрофирмасында екі жүзден астам адам еңбек етеді, жала­қы­ларын уақытылы алады. Осы жерде жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан, күнкөрісі нашар жандарға қолғабыс жасау Мұхит Тұрысханұлының мойнында. Ауылды былай қойып, өңірде өтіп жатқан спорт жарыстарына демеушілік жасап тұрады. Нар жүгін арқалаған азаматтың алар биіктері әлі алда деген үміттеміз.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

журналист

Семей