Тарих • 05 Қыркүйек, 2018

Ақтауда Сафи Өтебаевқа бюст қойылды

1345 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Дала төсінен қара алтын дариясын игеріп, ел ырысын еселеп жүрген маңғыстаулық мұнайшылардың көшбасында тұрған тұлғалардың бірі – Сафи Өтебаев. Даңқты мұнайшының есімі мен ерен еңбегін  мұнайшылар ғана емес, барша маңғыстаулықтар құрметпен атап, ықыласпен еске алады. Қазақстан Республикасы  Конституциясы күні және Мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орай Ақтауда «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының еңселі ғимараты алдына Сафи Өтебаевтың көрікті кеудемүсіні қойылды. 

Ақтауда Сафи Өтебаевқа бюст қойылды

Ескерткіш кез келгенге қойыла бермейтіні белгілі – сан-сапат қағаздар мен келісімдерге қол қойылуы, «бұл кім, халыққа қандай еңбегі сіңді, ескерткіш қоюға лайықты ма?» деп шұқшия үңіл­г­ен комиссиялардың тезінен өту үшін ол адам­н­ың расында талай сынға төтеп беретін тұлға болуы тиіс.

...Көрші Атырау өңірінде мұнай саласында басшылық қызметте жүріп, «пай, шіркін, тыңнан түрен салғандай етіп, осы бір маң далаға қашан бұрғы түсірер екенбіз?! Мұнай саласындағы азды-көпті тәжірибеме сүйенсем, мынау Маң­ғыс­тау жерінде ерекше сыр бар, маңғаздық бар, небір байлықты бауырына басқан құпия жатыс қой бұл!» деп Маңғыстау даласына көзінің қырын салып қоятын. Маңғыстаудың 6 млн 245 га жеріне зерттеу жүргізген жайылымдық-мелиоратив­тік трест біраз жерді жайылымдық деп танып, қалған үлестерді құмдақ, сор, аңғар, жар, егістік алқап, тақыр деп бөліп қарастырған. Ал сулы жердің үлесі болмашы ғана және «қолайсыз, пайдасыз жер» деп танылған аз-маз жер тағы бар. Сол пайдасыз жердің сыры тереңде болар, кім білген?!  Осылайша қауырт жұмыстан қолы сәл босаса Сафидың ойы Маңғыстау даласын кезіп кететін... Тіпті мұнай өндіруден өзгелерге өнеге болған Баку­дың белсенділігіне жетуді іштей мақсат еткен Қазақстанның Маңғыстау мұнайын игермесе бұл арманы тек қиял түрінде қалатындығын да са­насымен болжап қойған. Өйткені соғыстан соң­ғы қалпына келтіру, еңсе көтеру жылдарында Қазақ­стан жылы­на 1200-1400 мың тонна мұнай өнді­ріп, бүкіл­одақтық мұнай өндірісінде небәрі 2-3 проценттік үлесті ғана игере алған еді. Бұл, әрине одақтың, үкіметтің көңілін көншітпейтіні анық.

1951 жылы Мәскеудегі Орталық комитеттің шешімімен «Қазақстанмұнай» бірлестігіне басшы болып тағайындалған Сафи Өтебаев кідірмей Маңғыстау даласын зерттеуге күш жұмылдырды. Сусыз, көлеңкесіз ен дала, қысы қандай қатал болса, жазы соншалықты ыстық, байланыс, қатынас мүмкіндігі жоқ, ауызекі тілде «Өлі қолтық» атанып кеткен өңірде жұ­мыс жүргізудің оңай болмайтындығын білген С.Өте­баев алдымен мәселені зерттеушілер үшін қолай­лы жағдайларды ұйымдастырудан бастады.

Қиын да жауапты, аса маңызды жұмысты жолға қою және нәтижеге қол жеткізу оңай болған жоқ. Алдымен ат басын тіреген Төңірекшың тоң-теріс қалпында үмітті ақтамай томсарса, болар-болмас мұнайымен көз қуантқан Түбіжіктегі қуаныш ұзаққа бармады, ал Құсайын, Қарасаз-Таспас алаңдары да аз-маз мұнайымен алдаусыратып тынды, Қызан жері тіпті бас иген жоқ. Одақ құлақ түріп, Маңғыстау даласынан әрбір күні жаңалық хабар күтіп отырғанын және мұн­ай табылмаған күнде кеткен ақша, шыққан шы­ғынға өзі ғана жауапты екендігін ойлағанда Сафи­дың ұнжырғасы түсіп мұңайып қалады да, маң даладан үмітін үзбей бәрібір жігерлене алға ұм­тылады. Бағытты Өзен мен Жетібайға қарай бұрды.

Осылайша 1951 жылы Маңғыстауды зерттеу­ді бастаған жұмысының – небір ұйқысыз түн­дер мен күлкісіз күндердің жауабындай болып, 1961 жылы 5 шілдеде Жетібайдағы ұңғыдан мұнай бұрқағы атқылады. Ал сол жылдың соңын­да, яғни 10 қазанда Өзендегі ұңғы қара алтынды «құса» жөнелді. Жетібайдағы ұңғы тәулігіне 400 тонна мұнай берсе, Өзендегі ұң­ғы­ның тәуліктік өндіру көлемі 80 тоннаны құра­ды. Бұл Қазақстанның мұнай өндірісіне қосыл­ған қан­шалықты үлес екендігін шамалай бері­ңіз... Көп ұзамай дендей зерттеу нәтижесінде Жеті­байда 147 млн тонна мұнай мен 32 млрд текшеметр газ қорының, Өзенде 600 млн тонна мұнай мен 6 млрд текше метр газ қоры бар екен­дігі анық­талды. Сафидың талай қиналса да үзіл­меген үміт-сенімі ақталып, мерейі өскен сәт еді бұл.

Бүкіл Одақты қуанышқа бөлеп, шартарапқа шаттана тараған жаңалық – Сафи Өтебаев бас­таған мұнайшылардың, дала төсінде қажымай-талмай  еңбек еткен ерлердің еңбегінің ақтал­­ғаны еді! Арада өткен он жыл айтуға ғана оңай, кірпігін қақпай қадағалап отырған Одақтың ызғарының астында жоқтан бар жасап, құла дүзге жан бітірудің, маман тартып, жұмысқа жұмылдырудың, табиғаттың қиындығы мен қолдан жасалған қитұрқы кедергілерді жеңіп, жұмысты ұйымдастырудың ауыртпалығын сол кездің ерлеріндей ешкім ұғына алмас, сірә! Маңғыстауды тереңдеп зерттеу, техника мен жұмыс күшін тарту, оларды азық-түлікпен, сумен, киім-кешекпен, құрал-жабдықпен қамтамасыз ету өз алдына, темір жол түгілі, даласына жор­ғала­ған жылан мен жортқан киіктен басқа із түсіп көрмеген өлкеде іс жүргізу үшін қатынас жолының болуы аса маңызды.

Сондықтан  С.Өтебаев Форт-Шевченко мен Гурьев арасын су жолы арқылы байланыстыру үшін айлақ салуды алдыңғы кезекте ұйымдастырды, сондай-ақ 1963 жылы Батыс Қазақстан Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы болып жүріп, 1963 жылы Бүкілодақтық Халық шаруашылығы кеңесіне Маңғыстау мұнайын жедел игеру туралы ұсыныстарын қойды. Шевченко қаласында «Маңғышлақнефть» бірлестігін құру,  мұнай­шы­жұмысшылардың еңбекақысын көтеру, аяқтал­­­ған Мақат – Шевченко темір жол құрылысын Жеті­бай арқылы Өзенге жеткізу, Шевченко қаласы­нан Жетібай арқылы Өзенге жоғары вольтті электр желісін тарту, Өзенде тұр­ғын үйлер салу, «Шевченко – Жетібай – Өзен» асфальт жолын, сондай-ақ мұнай өндіру кәсіпші­лік­тері­не қажетті түрлі өндіріс базаларын салу мен мұнай және су құбырларын тарту мәсе­ле­лері одақтан қолдау тауып, Сафиды тағы бір қуант­ты. Жергілікті жастардан мұнайшы мамандар дайындау қажет­тігін аңғарып, ҚазКСР Министрлер кеңесіне хат жазып, өз елімізде мұнай факультетін ашу туралы ұсыныс түсірді, маңызды ұсыныс аяқсыз қалмай Алматыдағы политехникалық институтта мұнай факультеті ашылды. Осылайша бұған дейін Ресейде, Татарстанда, Башқұртстанда және Әзербайжанда оқу қажет болғандықтан, мұнай мамандығына мойындарын бұра бермейтін қазақ жастарын өз елімізде оқытуға қол жетті. Аталмыш мұнай фак­ультетіне оқуға түскен маңғыстаулық бала­лар­­дың қиналмай оқуы үшін  Сафи Өтебаев инс­титутқа  жиналмалы жатақхананың екеуін сыйға берді.

...Маңғыстау даласындағы дүбір осылай басталған еді...

Алғашқы қазақ инженер-мұнайшысы, елі­міз­­дегі мұнай индустриясын ұйымдастыру­шы­­лар­­дың бірі, КСРО Құрметті мұнайшысы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым мен техника қай­раткері, Одақтық жоғары наградаларды айт­­па­ған­да, Қазақстан Республикасының жо­­ғар­ғы мем­­лекеттік марапаттары – «Отан» және I дә­ре­­желі «Барыс» ордендерінің иегері, даңқ­­ты мұ­най­­шы Сафи Өтебаевтың Маң­ғыс­тау мұнай өндірісіне ғана емес, қазақ мұнайына сіңір­­ген еңбегі өлшеусіз, оның бәрін тізбектеп ай­­тып жату мүмкін емес. Ең бастысы, есіл ер­­­дің еңбегін елеп, Ақтауда еңселі мүсіннің қо­­йы­луы – кешегі ердің үлгі-өнегесін бүгінгі және келер ұрпаққа насихаттаумен қатар, аға буын­­­ды қастерлеген ұрпақ сабақтастығының ізгілігін танытты.

Салтанатты шараға Маңғыстау облысы әкімі­нің орынбасарлары, С.Өтебаевтың қызы Светлана Өтебаева, белгілі кәсіпкер Төкен Танаұлы, жақсы істің ұйытқысы, әрі ұйым­дас­тыру­шысы болған азаматтар –  Бекет Тұрғара­ұлы, Мейрам Ахметжанов, Ғани Карин, Ақтау қаласының тұрғындары мен мұнай-газ саласы қызметкерлері қатысты.

Мүсіннің ашылуымен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары М.Сқақов құттықтаса, арда­гер мұнайшы, облыстық қоғамдық кеңес төр­ағасы С.Қырымқұлов, Алматыдан арнайы кел­ген Светлана Сафиқызы, Бекет Тұрғараұлы сөз сөйлеп, Сафи Өтебаевтың еңбегі мен азамат­тық болмысын еске алып, оның есімін есте қал­дыру, ұрпақтың Сафи сынды ардагер буынға  қарап бой мен ой түзеуі қажет екендігін айтты. 

Өткен жылы Ақтау қаласындағы мектеп аула­сына көрнекті мемлекет және қоғам қай­рат­­кері Нұртас Оңдасыновтың кеудемүсінін қойған азаматтар биыл маңғыстаулықтарды тағы  қуантты. Кеудемүсінді көлегейлеген ақ жамылғы суси сыпырылғанда қасқайып қарсы қарап тұрған Сафи Өтебаевтың көрікті мүсінін көрген халық қуанышпен дуылдата қол соғып, мәре-сәре болып жамырай жөнелді, ескерткіш маңына гүл шоқтарын қоюшыларда толас болған жоқ. Бұл – Қазақстанға еңбегі сіңген мүсінші, Т.Жүргенов атындағы  Өнер академиясының профессоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескен Сергебаевтың шебер қолынан шыққан туынды. Ел-жұртымен «қауышқан» Сафи ата рухы ұрпағына риза болар деп ойлаймыз, ал еңбегін ардақтап, рухы алдында аза­мат­тық іс тындырған азаматтарға халық зор ризашы­лықпен алғыстарын жаудырып жатты.

–  Еліміздің мұнай саласының қалыптасуын­да, өркендеуінде Сафи Өтебаевтың еңбегі зор. «Ештен кеш жақсы» дегендей, Сафиға ескерт­кіш­тің қойылуы – өткенді бағалау, келешекке өнеге беру деп ойлаймын. Біз, Сафидың шәкірттері Табын Оржанов екеуміз осы мәселемен 30 жыл бойы айналыстық – тиісті орындарға талай рет ұсыныстар түсірдік. Бүгін арманымыздың орындалғанына көз жеткізіп, қуанып отырмыз. Жақсы идеяға жан бітіріп, Сафи ағамызды арамызға «алып келген» демеуші болған, қолдау көрсеткен азаматтарға, мүсіншіге көп рахмет, – дейді ардагер энергетик Қалабай Төлешұлы.

Сафи Өтебаев алыста жүріп өзі аңсаған, қызметте жүріп қиындығымен арпалысып, бірін-бірі жоғары жетістіктерге жеткізген Маңғыстау төрінде халық қошеметімен биік тұғырға жайғас­ты. Ол ел-жұртының жүрегінен мәңгі орын алған тұлға, оның биігі ешқашан аласармайтыны анық.

 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы