Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2018

Бүгін «Сарыарқа» бағыты экспедициясы өз мәресіне жетті

521 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін «Сарыарқа» бағыты экспедициясы өз мәресіне жетті. 20 тамызда басталған экспедиция 16 күнге созылды. Осы уақытта қатысушылар 4000 шақырымнан астам жолды еңсеріп, төрт ұлттық табиғи саябақта болып қайтты.

Бүгін «Сарыарқа» бағыты экспедициясы өз мәресіне жетті

Экспедицияны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің индустрия комитетінің тапсырмасы бойынша «Kazakh Tourism» ҰК ұйымдастырды. «Сарыарқа» экспедициясының бағытын жүзеге асырушы – «QazaqGeography» РҚБ. Бұл «Ұлы Дала Eліне саяхат» жобасы аясындағы төртінші бағыт.

Саяхатшылар Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы түрлі ландашфты, өсімдіктер мен жануарларға бай көрікті жерлерді аралады. Экспедиция құрамында саяхатшылар, телевизия журналистері мен туроператорлар өкілдері, шетелдік және қазақстандық тревел-блогерлер: атап айтсақ, ресейлік тревел-блогер Елена Хачина мен қазақстандық саяхатшы, блогер Ұлан Әлімбек бар.

«Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында экспедиция мүшелері маралдарды тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Сол күнгі ауа райының қолайсыздыңына орай, саяхатшыларға оңай болмады: нөсерлі жауын астында шатырда түнеу – кез келген туристің қолынан келер іс емес.

Осы саябақта құстардың небір түрі мекендейтін көл бар. Бұл – саябақ аумағындағы ең ірі көлдердің бірі — Әжібай көлі. Мұнда құстарды тамашалағанды ұнататындар келеді.

Экспедиция қатысушыларының келесі тоқтаған жері — Баянауыл ұлттық табиғи саябағындағы Торайғыр көлінің жағасы. Көлдің бұлай аталуы әйгілі Едіге бидің ұрпағы Торайғырмен байланысты. Ол өте әділ әрі парасатты адам болған. Осы көлдің бойында өмір сүргендіктен, халық көлге оның атын берген. Жалпы алғанда Баянауылдың тарихы бай, табиғаты әсем, ол туралы аңыздар мен әпсаналар көп.

Баянауыл саябағында экспедиция қатысушылары барған тағы бір көл — Жасыбай. Бұл — туристердің сүйікті орны. Айта кету керек, мұнда инфрақұрылым біршама дамыған.

Қарағанды облысының аумағындағы Қарқаралы мемлекеттік ұлттық саябағында экспедиция тобы Шайтанкөл деп аталатын тағы бір көлмен танысты. Көл тау басындағы тастардың арасында орналасқандықтан, мұнда тек жаяу жетуге болады. Жергілікті халық мұнда жын-перілер мекендейді деп санайды.

 Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов қатысушыларды, Құнанбай қажы салдырған Қазақстандағы ең ескі мешіттердің бірін көруге шақырды. Бүгінге дейін мешіт көп өзгерген. 1920 жылы мешіттің мұнарасы қиратылып, ғимараты мектеп ретінде берілсе, кейіннен қойма қызметін атқарды да, бертін келе мүлде бос қалды. 1980 жылдары мешіт қайта жөнделіп, бүгінде өзінің бастапқы мақсаты бойынша қайта қолданылуда.

Ары қарай экспедиция мүшелері еліміздегі ең үлкен су қоймаларының бірі — Балқаш көліне бет алды. Көлдің ерекшелігі: оның батыс жағы – тұщы, ал шығыс бөлігі ащы болып келеді. Көлде шамамен 20-ға жуық балықтың түрі, ал жағасында құстың 120-дан астам түрі мекендейді. Олардың көбі Қазақстанның Қызыл ктіабына енгізілген.

Балқаштың сол жағалауында жұмбағы мол, табиғаты сұлу Бектау ата тауы бар. Мұнда келгенде саяхатшылардың алдында керемет «марс» пейзажы көрінді. Бұл екі табиғи ландшафт — гранитті тау мен құмды даланың түйіскен табиғи ортасы. Бектау ата гранитті жартастары — жер беті мен жарықшақтарында қалған жанартау лавасы. Жанартау қатпарлары өте әдемі. Бұл таудағы ең көрікті жерлердің бірі — Атабек үңгірі. Оның ұзындығы 50 м. Мұнда тәңіршілер Ұмай анаға арнап діни рәсімдер жасаған деп саналады.

Ортауда экспедиция мүшелері Шұнақ метеорит кратерін көріп, содан соң ежелде жартастарға салынған суреттер сақталған археологиялық ескерткіші бар Теректі шатқалына бет алды. Теректі әулие шатқалында «аң стилінде» салынған жануарлардың суретін көруге болады. Мұнда шамамен 300 петроглиф бар.

Саяхатшылар осы бағыт бойынша тағы екі ұлттық саябаққа барды, олар: «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы мен ЮНЕСКО дүниежүзілік мұрасына кіретін Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы. Қатысушылардың айтуынша, бағыт қызыққа толы және өте әсерлі болды.