Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2018

Нұрлан Нығматулин Мәжілістің басты міндеттерін атады

817 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин жаңа сессия барысындағы басты міндеттерді атады.

Нұрлан Нығматулин Мәжілістің басты міндеттерін атады

Бүгін Парламент Мәжілісінің төртінші сессиясы өз жұмысын бастады. Нұрлан Нығматулин мемлекет басшысы тапсырған жүктемелердің басты міндеттерін атады.

«Бүгін біз алтыншы сайланған Парламент Мәжілісінің төртінші сессиясының жұмысын бастап отырмыз. Елбасы бірінші қыркүйекте осы сессияны ашып, еліміздің даму жоспарына сәйкес, нақты тапсырмалар берді. Біздің басты мақсатымыз - Президенттің жүктеген міндеттерін өз уақытында сапалы заңдармен қамтамасыз ету. Оның ішінде Мемлекет басшысының жаңа тапсырмаларына орай, әлеуметтік жағдайды одан әрі күшейтуге, экономиканы дамытуға және ұлттық рухани байлықты сақтауға ерекше көңіл бөлетін боламыз», - деді Н. Нығматулин жалпы отырысы кезінде.

Парламент қарауында 50-ден астам заң жобасы бар. Олардың арасында «Мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сектордың сатып алулары мәселелері туралы»,  «Табиғи монополиялар туралы» маңызды заң жобаларымен қатар,  денсаулық сақтау, көлік, мемлекеттік сатып алулар, АӨК-ті реттеу, сондай-ақ меншік құқығын қорғауды күшейту туралы заңнамалық түзетулер, арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар, кинематографияға қатысты құжаттар қамтылған.

Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйекте ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Президент тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мәселелерді шешуді тапсырды.  Сондай-ақ, Елбасы қоғам денсаулығын нығайтуға қатысты заң жобасының маңызы туралы айтты.