Таным • 05 Қыркүйек, 2018

Ұлыдан ұлағат – ұрпаққа аманат

4057 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халқымызда «Жақсының аты өлмейді» деген сөз бар. Қазақтың өркендеуіне, тарихи тұрғыда қалыптасуына үлес қос­қан жақсылардың көбі бүгін­де арамызда жоқ. Ал өткенге құрметтің өзі сол жақсылардың рухын құрметтеуден басталады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да қазақ даласынан қыран құстай түлеп ұшқан жақсыларды ұмытпау, оларға тиісінше құрмет көрсету, сонымен қатар тарихты ұлық­тау мәселесі айтылады. Ал бүгінде аты ұмытылып бара жатқан жақсылар мен жайсаңдар­дың есімін қайта жаңғырту, рухын қайта түлету бүгінгі ұрпақтың борышы.

Ұлыдан ұлағат – ұрпаққа аманат

Әрбір адам жеке тарих. Кезін­де әлемдік рекорд орнат­қан Ыбырай Жақаев, малшы­лардың маршалы атанған Жа­зыл­бек Қуанышбаев, даңқты қызыл­шашы Мәрзия Ибраги­мова сияқты қаншама Еңбек Ерлері қазақ топырағынан шық­ты. Сонымен қатар, Ағаділ Сухам­баев, Баубек Бұлқышев, Абдолла Жұмағалиев сынды талай боздақ Отан үшін от кешті.

Тарихи тұлғалар ұмытыл­мауы тиіс. Қазақтың әрбір өлкесі қасиетті, қастерлі. Алайда әрбір өңірдің өзіндік ерекшелігін танытатын деректер болады. Мәселен, Жамбыл облысының Талас ауданынан кезінде 2 Кеңес Одағының Батыры мен 59 Социа­листік Еңбек Ері шықты. Бәрі де кезінде Таластың колхоздарында еңбек етіп, қазақтың ежелгі кәсібі мал шаруашылығын дамытуға үлес қосқан азаматтар. Олардың арасында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 1943 жылы Лоевоның оңтүстік-батыс жағындағы 138,6 метр биіктікке алдымен жетіп, төбесіне ту тіккен Сәду Шәкіров, 708 саулықтың әр жүзінен 115-тен төл алған Иманбек Аманкелдиев, Үшарал ауылындағы ферма бойынша әрбір жүз аналықтан 113-тен төл алып, қаракөл елтірісінің сексен бес процентін бірінші сортқа жеткізген Әбдір Сағынтаев, әр жүз аналық бастан 112-ден төл алған Қасым Сәмбетов және өзге де Еңбек Ерлері мен Кеңес Одағының Батырлары бар.

Бүгінде Талас ауданының ор­­­та­­лығы Қаратау қаласында, аудан­­­­­дық әкімдіктің қарсы ал­дын­­­да осы­нау азаматтардың бар­лы­­­­ғы­­­­ның да жекелеген бюс­тері ор­­­на­­тылып, есімдері жазыл­­­ған. Ал оның жанында Ұл­бике ақын атындағы мәде­ниет үйі ор­на­лас­қан. Аудан әкімі Дос­ма­хан­бет Әлиев ұлы­лар­дың ұла­ғаты әр­дайым халқы­ның жадын­да екенін айтады. «Ұлыдан ұлағат – ұрпаққа аманат. Біздер әрдайым Таластан шыққан тарландарды қадірлейміз. Соны­мен қатар бұл аллея ұрпақтар са­бақ­­­тас­­­тығына да жол ашады», дейді ол.

 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы