Спорт • 05 Қыркүйек, 2018

Шаршы алаңда – «шалдар»

562 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Спорттың бұқаралылығын арттыру, жұртшылық арасында саламатты өмір салтын насихаттау мақсатын діттеген «Ринг королі» жекпе-жегі алғаш рет былтыр бастау алған болатын. Бұл жолы өңіріміздің жеті өңірінен, сондай-ақ Ресей мен Қырғызстаннан ақтық сайысқа жасы 35-тен асқан 22 ардагер спортшы жолдама алып, өзара күш сынасты.

Шаршы алаңда – «шалдар»

Жарыстың бас төрешісі Виктор Беспятовтың айтуынша, шаршы алаңда қол­ғап түйістіретін боксшыларға ұлт­тық құрамаға мүше болмау, денсаулығының жарамды­лы­ғ­ы, жас мөлшерінің шектеу­лігі секілді бірқатар шарт-талап­тар қойылған. Бес салмақ дәре­жесінде жан алып, жан беріскен бәсекеде жұрт күтпеген небір көріністер орын алды. Атап айт­қанда, жүлделі үшінші орын үшін Қырғызстанның 54 жастағы өкілі Абделахад Турдыоглы мен 36 жастағы батысқазақстандық Асылбек Сармалаев шаршы алаңға көтерілді. Соңғысы екі раунд бойы бастырмалатып, біраз соққы жасап та үлгерді. Алайда Аб­делахад көкеміз тіс қаққан шебер екен, күш-қуатын, айла-тәсілін соңына сақтаған болу керек, қарсыласынан жеңісті жұлып әкетті.

Петропавлдық Рустам Жа­қыпов павлодарлық Асылбек Қалықовты таза жеңіп, 64 кило салмақ бойынша алғашқы «Ринг королі» атанды. Осыдан 17 жыл бұрын бокс қолғаптарын шегеге ілген қарағандылық Қуаныш Исембаев жарысқа жақсы дайындықпен келген екен. Мықты қарсыласын тізе бүктіріп, 75 кило салмақта теңдессіз шебер екенін танытты. 81 кило салмақта Түркі­стан облысының өкілі Қасым­хан Оспановтың жолы болды. 91 кило салмақта сынға түс­кен екібастұздық Әділ Асау­беков жеңісті уысынан шы­ғарма­ды. Аса ауыр салмақта петро­павлдық Андрей Бейсембаев пен омбылық Сайран Смайылов қолғап түйістірді. Алаң иесі өткен жылы ақтық сайыста сүрінген болатын. Бұл жолы сәл-пәл басымдылықпен ащы жеңілістің есесін қайтарды.

Жеңімпаздар мен жүлде­гер­лерге ақшалай сыйақылар беріліп, басқа да марапаттар көрсетілді. Қызылжар жерінде еліміз бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылған халықара­лық «Ринг королі» турнирі облыс­тық әкімдіктің қолдауымен өт­кізіліп, дәстүрге айналдыруды спорт және денешынықтыру бас­қармасы өз міндетіне алды.

 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы