Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2018

Астана әкімдігінің мәжілісінде елорданың тыныс-тіршілігіндегі өзекті мәселелер қаралды

473 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Апта сайын өтетін аппарат жиынында Әсет Исекешев қаланы дамытудың бірқатар өзекті мәселелерін қарастырды, оның ішінде үлестік құрылыс, қауіпсіздік, жылу маусымына дайындық, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Астана әкімдігінің мәжілісінде елорданың тыныс-тіршілігіндегі өзекті мәселелер қаралды

Ал оперативтік жағдай туралы ІІД басшысының орынбасары Марат Төлебаев қалада қауіпсіздік деңгейі жоғарылатылғанын айта кетті. «Жасөспірім» жедел профилактикалық шарасын өткізудің нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалынатын қылмыс саны азайған. Сонымен бірге, «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені аптасына 19,5 мың құқық бұзушылықты белгілеген, оның 19 185 өңделді. 

Қаладағы аппараттық-бағдарламалық кешеннің фотобейнетіркеу мен бейнеталдаудың жұмысы туралы инвестиция және кәсіпкерлікті қолдау басқармасының басшысы Әлішер Абдықадыров айтып берді. Оның сөзінше, «Сергек» камерасын енгізу қалалық ортада жол-көлік апатын төмендетуге сеп болған. Айталық, жыл басынан бері 12 194 ЖКО тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20% аз. 

Жылу маусымына дайындық пен қатты отынды іске асыру бойынша отын-энергетикалық кешені мен коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов баяндады. Ол жылу маусымына дайындықтың кестеге сай жүріп жатқандығын хабарлады. Сондай-ақ көмірді сатудың жоспарға сай екендігін, халық арасында айқай-шудың жоқтығын жеткізді. Осыған байланысты әкім осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, көмірдің бағасы шарықтап кетпеуін тапсырды. 

Бұдан басқа, Әсет Исекешев көше шамдарының кеш жанатыны туралы ескерту жасады. Оның айтуынша көше шамдары белгіленген уақытта емес, қараңғы түсе салысымен іске қосылуы керек. Әкім бұған да тапсырма беріп, көшелерді жарықтандырудың кестесін қайта қарауды және қажеттілік болған жағдайда іске қосу керектігін айтты.