Әдебиет • 05 Қыркүйек, 2018

Алматыда жазушылардың І Халықаралық форумы өтеді

437 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда 10-12 қыркүйек аралығында «Құбылмалы әлемдегі заманауи әдебиеттің рөлі» тақырыбында жазушылардың І Халықаралық форумы өтеді. Қазақ елінде бас қосатын әлем әдебиетшілері қазіргі заманғы әдебиет төңірегіндегі өзекті де қызықты пікірлерімен бөлісетін болады.

Алматыда жазушылардың І Халықаралық форумы өтеді

Форум қарсаңында Ұлттық кітапханада баспасөз мәслихатын өткізген халықаралық қазақ Пен клубының президенті Бигелді Ғабдуллин осы мазмұндағы әдеби форумның елімізде 1973 жылдан бергі аралықта ұйымдастырыла қоймағанын, әрі шараны ұйымдастыруға Мемлекет басшысының  «Болашаққа бағдар: рухани сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласының үлкен ой тастағанын жеткізді. «Бұл саясат, әлемдегі қақтығыстар тақырыбы емес, әдебиет төңірегіндегі жарқын ойлар мен еркін пікірлер басқосуы» деп атап өтті Бигелді Ғабдуллин.

Форумға Түркия, Моңғолия, Германия, Чехия, Ресей, Франция, АҚШ, Ұлыбритания, Польша, Израиль, Қытайдан, Палестина сияқты әлемнің 16 елінен 80-ге жуық өкілдер келеді. Осы айтуылы мәдени шараға белгілі қазақстандық қаламгерлермен қатар Сергей Гандлевкий, Алексей Цветков, Бахыт Кенжеев, сондай-ақ Саймон Холингсворд, Саймон, Гейган, Владимир Кварцов сынды есімдері әдебиет әлеміне танымал тұлғалар қатысады.

Форум аясында пікірлер алаңындағы кездесулермен қатар М.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында әдеби кеш өткізу жоспарланған.

Эльвира Бөкенбаева,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ