Қазақстан • 06 Қыркүйек, 2018

Ауған әйелдерінің мәселесі – әлем назарында

906 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Ас­танада өткен «Ауғанстан әйелдерінің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту» атты аймақтық конференцияға қатысты. Ол  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың конференция қатысушыларына арнаған құттықтау сөзін оқып берді.

Ауған әйелдерінің мәселесі – әлем назарында

«Конференциядағы өзекті күн тәртібінің өзектілігі әйелдердің заманауи әлемдегі ерекше рөлін және көптеген саяси, әлеуметтік мәселелерді шешуге, шиеленістерді реттеуге, бейбітшіліктің дамуына қосып жатқан өлшеусіз үлесін айқындайды. Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бері гендерлік саясат мәселесінде жоғары әлемдік стандарттарға қол жеткізу үшін және елдің әлеуметтік-саяси өміріндегі әйелдердің рөлін күшейту үшін жүйелі жұмыс істеп келеді. Еліміз гендерлік теңдік жөніндегі барлық іргелі халықаралық құжаттарды ратифи­ка­циялады, оның қағидалары біздің стра­тегиялық және саяси құжаттарымызда көрініс тапты.

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде әлемдік қоғамдастықтың белсенді қолдауымен Орталық Азия мен Ауғанстанның қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Осы орайда ауғандық әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің кеңеюі де өте маңызды. Ауған үкіметінің елдегі әйелдердің жағдайын жақсарту және гендерлік теңдікті қамтамасыз етудегі қадамдарын жоғары бағалай отырып, біз ауған халқына арналған тұжырымдамалар мен халықтың өз күш-жігері арқылы Ауғанстанда бейбітшіліктің тезірек орнағанын қалаймыз. Ол үшін азаматтық сектордың, халықаралық, өңірлік және ұлттық, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін белсенді пайдалану керек. 

Бүгінгі конференциялар сынды халықаралық алаңдар әлеуеті тұтас әлемдік қоғамдастықтың кең ау­қымды пікірін ескере отырып, қа­зіргі және келешектегі ең маңызды мәселелерді талқылап, оған қарсы күш біріктіруіне мүмкіндік береді.

Бүгінгі конференция Ауған­стан­ды одан әрі дамыту және оңал­туға, ауған әйелдерінің жағдайын жақсартуға, елдегі саяси, эко­но­микалық, әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын іздестіруге қо­сымша серпін беретініне сенім­дімін. Оған конференция қатысу­шы­ларының жоғары сапалы құра­мы мен өкілеттілігі мүмкіндік бе­реді. Шара барлық қатысушылар үшін пай­далы пікір мен тәжірибе алма­суға көмектеседі деп ойлаймын», де­лінген Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзінде.

Шара барысында Гүлшара Әбді­қа­лықова конференция қонақ­тарына ген­дерлік теңдік, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің кеңеюі Қазақстанның да тұрақты дамуының маңызды аспектілерінің бірі екенін жеткізді. Бұл бағыт әсіресе Қазақстанның мемлекеттік саясат шеңберінде жиі жүзеге асырылады. Мәселен мемлекеттік органдардың 50 процентін әйелдер құрайды, ал олардың Мәжілістегі саны – 27%. Мемлекеттік хатшының айтуынша, Қазақстанда бұдан өзге әйелдер белсене араласатын түрлі ұйымдар, шағын және орта бизнес саласы, саяси партиялар жеткілікті. Гүлшара Әбдіқалықова Ауғанстандағы және Орталық Азия аймағындағы нақты экономикалық жобаларды жүзеге асыруға халықаралық бизнесті кеңінен тарта отырып, әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Бұл өз кезегінде Ауған­стан әйелдерінің әлеуметтік-эконо­микалық мүмкіндіктерін кеңейте түсетін болады. 

Конференцияға қатысқан Қазақ­стан Сыртқы істер министрі Қай­рат Әбдірахманов та Ауғанстан елінің қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатер мен өзге де өзекті мәселелер Орталық Азия аймағының елдері мен әлемдік қоғамдастықтың жіті назар аударып, қолдауына мұқтаж екенін баса айтты. Бұл ретте, ауған халқының мүддесін қорғау Қазақстан үшін де басым бағыт болып табылады. Сонымен бірге министр Ауғанстанды Орталық Азия елдерімен экономикалық бай­ланысқа тартудың маңыздылығын атап өтті. 

Сыртқы істер министрінің айт­уынша, БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерриш өзінің жыл сайынғы баяндамасында ұйымның әлемдегі барлық әйелдер мен қыз балалардың құқығы мен мүмкіндігін кеңейту бойынша күш біріктіруге міндетті екенін жеткізген болатын. «Әйел­дер адамзаттың тең жартысын құрайтынын ескере отырып, олар­дың қолынан келетін іс-әрекет­ті өз шегінде қолданбасақ немесе мүмкіндік бермесек ұтылары­мыз анық, деген БҰҰ басшысы А.Гу­терриш әйелдер проблемасы ұйым тарапынан қолдауға ие екендігін ерекше атап көрсеткен. Осы орайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та еліміздегі әйелдер құқығының өмірдің барлық саласында толық сақталуына ерекше басымдық беріп отыр», деді Сыртқы істер министрі Қ. Әбдірахманов. Сонымен бірге Елбасымыздың бас­тамасымен Қазақстан мыңда­ған ауған студенттерін тегін оқы­туға міндеттеме алып, екі ел ара­сындағы Мемлекеттік білім беру бағдарламасына 50 млн АҚШ дол­лары бөлінген. Қазақстан БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мү­шесі ретінде осы ұйым тарихын­да тұңғыш рет тек Орталық Азия мем­лекеттерін ғана емес, Ауғанстан елінің мүддесін де қорғауды басты міндетіне алып отыр.

Пленарлық отырысты йемендік құқық қорғаушы, журналист және саясаткер, Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын алған тұңғыш араб әйелі Тавакул Карман, Өз­бек­стан премьер-министрінің орын­басары Танзила Нарбаева, Қыр­ғыз­станның вице-премьер-министрі Алтынай Омурбекова жал­ғастырды. АҚШ президентінің кеңесшісі Иванка Трамп конференция көтерген мәселенің өзектілігіне орай, шараға қатысушыларға арнайы видеоүндеу жолдады. Оның айтуынша, өз қоғамында шек­теусіз қызмет ете алатын әйелдер өмір сүріп жатқан елдер үлкен табыс­қа жетуде. «Ауғандық жетек­ші әйелдер көп жылдардан бері әйелдердің денсаулық сақтау, эконо­мика және саяси құқық сала­ларындағы негізгі қызмет көрсету құқына байланысты, сондай-ақ кедейлікке, әділетсіздікке және зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізіп келеді. Олардың бойында бейбітшіліктің іргетасын қалауға мүмкіндік беретін зор әлеует пен тәжірибе бар.

Бүгінгі таңда 4 млн-ға жуық ауған қызы бастауыш және орта бі­лім беретін мектептерде оқуға мүмкіндік ала алды. Ал жоғары оқу орындарында 100 мыңнан астам ауғандық әйел білім алуда. Бұл көр­сеткіштер өткен онжылдық ішінде мүмкін емес дүние болатын. Ке­лешекте біз бұдан да зор жетістік­терге талпынуы­мыз қажет, деп тү­йіндеді Иванка Трамп өз сөзін.

Ауғанстанның Әйелдер ісі жөніндегі министрі Дильбар Назари өз баяндамасын конференция өткізу туралы бастама көтерген Қазақстан тарапына алғысын жеткізуден бастады. Д.Назаридің айтуынша, бүгінде ауған әйелдерінің өмірінде көптеген жағымды өзгерістер бар. Ауғанстан үкіметіндегі министр әйелдер, жер­гілікті басшылық қызметтегі ауған әйелдері отандастарының құ­қығын қорғауға барынша атсалысуда.

Ауған әйелдерінің өміріне бейжай қарамағаны үшін Қазақстанға алғыс айтқандар қатарында БҰҰ Бас хатшы­сының арнайы өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азия үшін пре­вентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Наталья Герман да бар. Ол Қазақ­станның өзекті мәселеге ерекше мән беріп, шешуіне атсалысып жат­қанына ризашылық білдірді. 

Алқалы жиын түстен кейін бірнеше сессияларға бөлініп, экономикадан сая­си ықпалдастық, білім сияқты алуан түрлі тақырыптарда пікірталастар жүргізілді. Шараға қатысқан Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева пленарлық отырыстан кейін журналистерге сұхбат берді. Онда сенатор елімізде Ауған әйелдерінің мәселесі бойынша ортаазиялық кеңсе ашу туралы ойын жеткізді. «Қазақстан барлық пікірталастарға ашық, бірақ бұл мәселені жеке-дара иеленіп, шешуге қақысы жоқ. Сол себепті барлық мәселелер кон­фе­ренцияға қатысушы тараптар­дың келісімімен, дауыс беруімен анық­талып, көпшілік талқысына салы­нуы тиіс. Жалпы, еліміз бұл ша­раның бір реттік емес, ортаазиялық аймақта жыл сайын өтіп тұратын халықаралық жиын болғанын қалайды. Себебі Орталық Азияның әр елінің өзіндік гендерлік мәселесі бар, бірақ ауған әйелдерінің жағдайы өте қиын. Бұл өте күрделі жағдай. Ауғанстанға БҰҰ, Еуроодақ, банктер, халықаралық ұйымдар бірталай жәрдем көрсетіп жатыр. Бірақ соның барлығын реттейтін, бақылайтын бір орталық жоқ. Жалпы, осы елдегі бейбітшілік бүкіл әлем үшін өте маңызды», деді Д. Назарбаева. Сенатор шара аясында өзбекстандық әріптестерінің де өз елдерінде ауған жастарын оқытып жатқанын айтты. «Жапония да білім беру саласы бо­йынша Ауғанстанға үлкен көмек беруде. Еуропалық одақ білім беру грантының алғашқы кезеңіне 2 млн еуро бөлуге да­йын. Бұл тараптағы жұмыс өз жалғасын таба береді», деген ол Ауғанстан жас­тарына қаралатын білім гранттарының 50 процентін қыздарға бөлуді ұсынды. – Бүгінгі шараны әйелдерге арнауымыз бекер емес. Әйел өмірге бала әкеледі және оған тәрбие беріп, мінезі мен ойын қалыптастырады. Сондықтан әйел білімді болуы керек. Білімді әйел баласына өз ма­хаббатын, жылуы мен мейірімін төгіп, дүниетанымын дұрыс қалып­тастырады. Ерлердің әйелдерге деген қарым-қатынасы дұрыс қа­лып­тасады. Яғни барлығы отбасынан басталады». 

Конференцияға Ауғанстан, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбек­стан, Еуропалық Одақ, Қытай, Ре­сей, Үндістан және БҰҰ-дан арнайы делегациялар қатысты.

Ауғанстанға деген халықаралық назарды ескере отырып, Қазақстан осы елдегі ұзақ мерзімді бейбіт­шілікке және тұрақты дамуға қол жеткізу мақсатында, халықаралық қоғамдастықтың елдегі ахуал туралы ақпаратын арттыруға және Ау­ғанстан әйелдері мен қыздарын қол­дауға, олардың құқықтары мен мүм­кін­дік­­терін ілгерілетуге және кеңейтуге тал­пы­­нуда.

Конференция қорытындысы бо­йынша Ауғанстандағы әйелдердің құ­қықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтудегі және жалпы Орталық Азия елдерінде ген­дерлік үрдісті ілгерілету ісіндегі өңір­лік өзара іс-әрекеттің бағыттары ай­қын­далған Астана декларациясы қабыл­данды.

Мемлекеттік хатшы конференция аясында Өзбекстан Респуб­ли­касы премьер-министрінің орынбасары – Әйелдер комитетінің төрайымы Танзила Нарбаевамен, сон­дай-ақ ауғандық делегация басшысы – Ауғанстан Ислам Респуб­ли­касының Әйелдер істері жөнін­дегі министрі Дильбар Назари­мен екіжақты кездесулер өткіз­ді. Кездесулер барысында Қазақ­станның Өзбекстанмен, Ауғанстан­мен ынтымақтастығының қазіргі ахуалы және келешегі талқыланды.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»