Қаржы • 06 Қыркүйек, 2018

Ұлттық валюта бағамына қандай факторлар ықпал етуде?

661 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Төл валютамыздың дол­ларға шаққандағы бағамы ай аралатпай жатып тағы құлдырап, 1 АҚШ доллары 370 теңгені төңіректеді. Ал Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев алдағы жылдары инфляция көлемі артуы мүмкін екенін тағы ескертті. 

Ұлттық валюта бағамына қандай факторлар ықпал етуде?

Жалпы, жыл сайын ин­фля­цияның жоғарылайтыны қазір жаңалық емес деуге болады. Ин­фляцияның көлемі қанша процент болатыны, белгіленген дәлізден қаншалықты алшақтайтыны  ғана жаңалық. Ұлттық банк төра­ға­сының айтуынша, тамыз айын­да төл ақшамыз 0,2 процент­ке құнсызданған көрінеді, бұл бұр­нағы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Ресейге салынып жатқан санк­ция­лардың салдары әсерінен елімізде таяу болашақта құтыла алмайтын түрі бар. 

– 2019-2020 жылдары инфляция кө­лемі жоғары болуы мүмкін. Яғни белгі­ленген дәлізден асып түседі. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, Ресей­ге қарсы санкциялар күшейіп жатыр. Бұған қоса, теңгенің әлсіреуіне мұнай ба­ға­сының төмендеуі және әлеу­мет­тік шығындардың арта түсуі де айтар­лықтай ықпал етеді, – деді Д.Ақышев. 

Белгілі қаржыгер Ілияс Исаев­тың пайымдауынша, Ресей­ге салынған санк­циялардың Қазақ­стан­ды шарпуы заңды құбылыс. Ең ірі экономикалық әріптес, сау­да­дағы айнымас серіктес ретінде одан бас сауғалау қиынға соғады. 

– Ресей біздің елдің сауда-сат­­тық саласындағы басты әріп­­те­сіміз. Шет мемлекеттерден елі­­мізге тасымалданатын тауар­­лар­дың 30 проценттен астамы Ре­­сейдің үлесінде. Екінші орын­­да – Қытай, одан кейінгі орын Еу­ропа елдері мен АҚШ-қа тие­­сілі. Басты әріптесіміздің валю­тасы құнсызданған кезде біз­дің теңгеміздің де синхрон­ды түрде құн­сыздануы қалыпты нәр­се. Олай болмаған жағдайда екі ел­дің ара­сындағы импорттық-экс­порт­тық паритет бұзылады. Сауда­дағы па­ритет бұзылған жағдайда біз ұты­ламыз. Паритеттің бұ­зы­луынан Қазақстанның импорт­тау­шы­ла­ры да, экспорттаушы­лары да зиян шегеді. Өзіңіз білесіз, бұ­рынырақта Ресейдің ақшасы 1 долларға шаққанда 71 рубльге құл­дыраған кезде елімізде рубльге деген сұраныс күшейіп кетіп, ав­токөлік, басқа да толып жат­қан тауарлар Ресейден тасымал­дана бастаған-ды. Сөйтіп өз на­рығымыздағы тауарларға сұраныс төмендеп кетті, – дейді сарапшы. 

Ілияс Исаев айтқандай, қазір биз­­нес­тің қызатын уақыты өтіп кетті. Әдет­те бизнес көктемде, жазда қызады.

– Күз, қыс мезгілдерінде биз­нес, сауда-саттық бәсең­дей­тіні белгілі. 2018 жылдың макро­эко­но­микалық көрсеткіштері қа­лып­тасып болды. Ұлттық банк төрағасы келесі жылдарға қатысты болжамды айтып отыр. Биыл жылдың соңына дейін инфляция Ұлттық банк жоспарлаған, болжаған интервал шеңберінде сақталуы мүмкін. Ал 2019 жылы құнсыздану деңгейі болжанған интервалдан жоғары болуы әбден мүмкін, – дейді І.Исаев.

Ұлттық банк инфляцияның жоғарылауы мүмкін екендігін айт­қанда мұнай бағасының төмен­деуі ықтималдығын да тілге тиек еткені белгілі. Дегенмен, халық­аралық сарапшылардың арасында келер жылы көмірсутегінің құны көтеріледі деген болжам жасап отырғандар бар. Мәселен, CNBC-ге сұхбат берген америкалық сарапшы Джон Килдуф мұнайдың баррелі алдағы айларда 85-95 долларға көтеріледі деп пайымдап отыр. Оған да АҚШ-тың қатысы бар, бұл жолы Иран­ның мұнай экспортына сал­ған санкциясы бағаға ықпал етпек. 

«Қара алтынның» қазіргі ба­ғасы да біршама жоғары, 1 баррель 79 доллардан асты. Мұнай бағасы америкалық сарапшы айтқан деңгейге көтерілген жағдайда бұл теңгенің бағамына оң ықпалын тигізе ала ма? Қаржыгер І.Исаев бұл туралы былай дейді: 

– Мұнайдың бағасы көте­ріл­се, теңгенің рубльмен бірге құн­­сыз­дануына аз да болса теже­гіш фактор пайда болуы мүмкін. Себебі Қа­зақ­станның ішкі на­рығына түсе­тін доллардың мөлшері көбейеді. Ұлттық қорға түсе­тін қара­жатты ішкі нарықтағы жағдай­ды реттеуге пайдалануға болады. Әри­не, көмірсутегі құнының өс­кені Ұлттық банкке алтын-валю­та резервін азайтпай-ақ ішкі нарық­тағы ахуалды түзе­туге көмегін тигізуі мүмкін. 

Қаржыгердің пайымдауынша, теңгенің құнсыздану про­цесіне тежеу болуы мүмкін фактор ретінде шикізат бағасының өзгеруін ғана айтуға болады. 

Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Ресейге салынған санкциялардың бізге тигізетін теріс ықпалына қатысты мәселелерді Қазақстан АҚШ-пен арада шешуге кіріскені туралы хабарлағаны белгілі. Осы аптадағы Үкімет отырысында министр жыл басынан бері 8 ай ішінде инфляция көлемі 5-7 про­цент аралығында болғанын айтты. 

– Тамыз айында инфляция 2 процент болса, жыл басында ол 2,9 процентті құрады. Азық-түлік тауарларының қымбаттауы 2,3 процентті құрады. Азық-түлік емес тауарлар құны 3,7 процентке өсті, – дейді ол. 

Теңгенің құнсызданғаны бірінші кезекте азық-түліктік емес тауарлардың, мәселен, дизель отынының, сұйытылған газ­дың, дәрі-дәрмектің, тұрмыс­тық бұйым­дардың, киімнің қым­бат­тауына соқтырыпты. Авто­көлік­терге техникалық қызмет көрсе­ту, әуе және темір жол қаты­нас­­та­ры, қонақүй бағасы және бас­қа­лары да біршама көтеріл­ген. Әсі­ресе Атырау, Маңғыс­тау, Сол­түстік Қазақстан облыс­тарында, Астана қаласында қым­батшылық күшейген. 

Соңғы бірнеше айдың бе­дерін­де теңгенің біртіндеп «әлсі­реп» бара жатқаны анық бай­қал­ғаны белгілі. Алайда 8 тамыз күні төл валютамыздың дол­ларға шаққандағы бағамы 1 тәул­ік ішінде бақандай 6 теңгеге құн­сызданғаны елді алаңдатарлық жағдай. Араға апта салмай жатып теңге бағамының төмендеуі тағы қайталанды. Осы жағдайдан кейін қарапайым тұрғындарды айтпағанда, сарапшы мамандардың өзі валюта құнына қатысты болжамдарын сақтықпен айтуға көшкендей. Жасыратын несі бар, қайта-қайта құнсыздана беретін ұлттық валютаға халықтың да сенімі азая түскендей. 

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан