Бизнес • 06 Қыркүйек, 2018

Машина жасау ісіндегі маңызды қадамдар

1661 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қажетті құрал-жабдықтарды, машиналарды, станоктарды, құрылғыларды, сонымен қатар халыққа арналған тауарларды құрастыратын машина жасау өнеркәсібі елдегі агроөнеркәсіптік кешеннің, энергетикалық және металлургиялық сектордың, сондай-ақ экономиканың басқа да негізгі салаларындағы қызметтің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. 

Машина жасау ісіндегі маңызды қадамдар

Машина жасау өнеркәсібінің тұрақты дамуы мен үздіксіз қыз­мет етуі экономикамызда энергия мен материалдардың жұмсалуын, еңбек өнімділігін, өнер­кә­сіп­тік өндірістің экология­лық қауіп­сіздігін, түптеп келгенде мем­ле­кетіміздің экономикалық қауіп­сіздігін айқындайды.

Бұл жөнінде Елбасы Нұр­сұл­тан Назар­баев машина жасау саласын кешенді жаңғырту мен оны халық­аралық деңгейде ал­ға жылжыту Қазақ­станның жа­һандық бәсекеге қабілеттігін арт­тыруға әрі еліміздің әлемнің озық 30 мемлекетінің қатарына қо­сылуға ықпал ететінін атап өткен болатын.

Машина жасау саласын ке­шен­ді сала деуіміздің себебі, асха­на жаб­дықтарынан бастап, ұшақ­тарға дейінгі өндірілетін тауар­лардың кең ауқымына ие. Елі­міздегі машина жасау өнді­рісі өткен ғасырдың 40-жыл­дары­нан бастау алады. Екінші дү­ниежүзілік соғыс кезінде әскери қа­жеттіліктерді қамтамасыз ету үшін Кеңес Одағының еуропалық бөлігіндегі көптеген машина жа­сайтын зауыт Қазақстанға кө­шірілді. Соғыс аяқталған соң бұл зауыттар кен өндіруге және ауылшаруашылық секторларына арналып қайта мамандандырыл­ды. Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз машина жасау өндірі­сі­нің кейбір салаларын, атап айт­қан­да, станок жасау мен қозғалт­қыш­тарды өндіру ісін тоқтатты. Оның ор­ны­на локомо­тив өндірісі, автокө­ліктер шығару сын­ды жаңа са­лалар қанат жайды. Электро­те­х­никалық жабдықтар секторы жаңа тынысқа ие болды. Бү­гінде еліміз­де индустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасының аясында машина жа­саудың 6 секторы анық жұ­мыс істеп тұр деуімізге болады. Ав­токөліктер жасау, мұнай-газ ма­шиналарын шығару, ауылша­руашылық көліктерін құрас­тыру, тау-кен өндірісіне қажет­ті көліктерді дайындау, электро­тех­никалық машиналарды жасау сияқты ірі-ірі секторлардың жұ­­мыс­­тары толайым табысқа ие. Мем­­лекет тарапынан аталған сала­­лар­ға қолдау көрсетіліп, 2002-2016 жылдар аралығында оның да­му көрсеткіші 77%-ті құрады. 

Қазіргі таңда Қазақстанның машина жасау өндірісінің құ­ры­лымында жоғарыда аталған сек­тор­лардан бөлек тау-кен-ме­тал­лургиялық, ауылшаруашылық, мұнай-газ, әскери және көлік құ­ралдарының өндірісі де жоғары басымдылыққа ие. 

Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев «Машина жасау Қазақ­стан­ның индустриалды дамуының қоз­ғаушы күшіне айналуы тиіс, сон­дықтан да мемлекеттің бұл сала­дағы басты мәселелерге деген қолдауы орасан зор» деген бо­латын. Елімізде 2019 жылға дейін индустриялық-иннова­циялық дамудың мемлекеттік бағ­дар­ламасын жүзеге асыру қол­ға алынғаны мәлім. Атал­ған бағ­дар­ламадағы 14 салалық басым­дықтың алтауы машина жасау саласына тиесілі. Бұдан бөлек «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 55-қадамында Елбасымыз экс­порттық өнімдерді өндіру және Қазақстанның халықаралық нарыққа шығуы үшін қайта өңдеу секторында трансұлттық ком­па­нияларды тарту бойынша айқын тапсырмалар жүктеген. Оған қоса, халықаралық бизнесті елі­міздің жаңа мүмкіндіктері жай­лы ақпараттандыру мен эконо­ми­каның басым секторлар­ында та­мырын тереңге жайған инвес­тор­лармен біріккен кәсіп­орындарды құру міндеті де алға қойылған. 

Бүгінде аталған бағыт бойын­ша отандық машина жасау сег­ментінде бірқатар жұмыс атқа­рылды. Соңғы он жылдықта Қа­зақстандағы машина жасау өндірісіне тартылған шетелдік инвестиция көлемі бес есеге ұлғайған. Қазір елімізде Toyota, General Electric, Talgo, General Motors, LG, Alstom және тағы басқа машина жасау өндірі­сі­н­ің әлемдік көшбасшылары жұ­мыс істейді. Қазақстандық өндіру­ші­лердің ассор­тиментінде бұрын елімізде шығарылмаған жаңа жо­ғары технологиялық өнімдер, атап айтқанда, локомотивтер, электровоздар, жолаушылар вагоны, тікұшақтар, ав­то­көліктер пайда болды. Алай­да қол жеткізген бұл нәти­же­лер арқаны кеңге салып, әре­кет­сіз отыруға болады деген сөз емес, себебі отандық машина жа­сау­шылардың алдында бұдан да үлкен міндеттер тұр. Ең алдымен аталған сала жаһандық өзгерістер мен заманауи жаңалықтарға дайын болуы тиіс. 

Бұл жөнінде белгілі сарапшы «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасының машина жасау және металл өңдеу комитеті төр­ағасының орынбасары Павел Бекле­мишев еліміздің импорт бойынша шы­ғындарының 40%-і машина жасау өнімдерін әкелуге кететіндігін айтады. «Бұл Қазақстанда машина жасау өнімдерінің нарығы, яғни сұраныс бар екендігін көрсетеді. Өткен жылы елі­міздегі машина жасау өндірісі 960 миллиард теңгені құрады. Менің ойымша, им­порттың біраз бөлігін өзіміз де өндіре алатын едік. Бізде ішкі нарық бар, алға қарай жылжуға себеп те жоқ емес. Ал­дымен өзімізде өндірсек, кейін экспортқа шығаруға да болатын еді», дейді ол.

Ал еліміздің Инвестициялар және даму министрлігі Индус­триялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Алмас Батановтың сөзіне сүйенсек, 2018 жылдың басынан еліміздегі машина жасау өндірісі 2017 жылмен салыстырғанда, 12,2%-ке өсіп, 384,6 млрд тең­гені құраған. 2017 жылы бұл көр­сеткіш 5,6%-ке өсіп, 913,6 млрд теңгені құраған болатын. Ма­шина жасау өндірісінде авто­көліктер жасау саласы жоғары үлеске ие. Комитет басшысының айтуынша, өткен жылы республикамызда 19,5 мың автокөлік шығарылған. 

«2017 жылы аталған саланың күрт дамуы нарықтағы сұранысқа, экспорт нарығының ашылуына, сонымен қатар мемлекет тарапынан жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасына байланысты болып отыр. Былтыр әрбір сатылған автокөліктің үшіншісі отандық кәсіпорындарда жасалған», дейді А.Батанов.

Ауылшаруашылық маши­на­ларын жасау саласына ке­летін болсақ, мемлекет ауылшаруа­шылық техникаларына және көлік құралдарына қосымша құн салығын төлеуден босатып, айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Биыл комбайн, трактор және автобус лизингіне бюджеттен 13 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. 

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүм­кіндіктері» атты биылғы Жол­дауы аясында «Цифрлы Қа­зақ­стан» кешенді бағдарламасы қабылданған болатын. Ма­ши­на жасау саласында да кәсіп­орындардың әрі қарай дамуы мен бәсекеге қабілетті болуы өндірісті цифрландыру мен технологиялық жетіл­діруге байланысты. Осы мақсат­та Инвестициялар және даму ми­нистрлігі өнеркәсіпті цифрландыру бойынша кешенді жұ­мыс­тар жүргізуде. Шетелдік әріп­тестермен біріге отырып 605 компания мен тау-кен-метал­лургиялық кешені зерттелген болса, оның 291-і машина жасау кәсіпорны. Бағалау нәтижелері бойынша кәсіпорындардың тек 3 проценті өндірісті автоматтандыру мен цифрландыру негізіне ие. Демек, аталған салада цифрландыру элементтерін енгізу бойынша жұмыстарды күшейту қажет. Цифрлы технологияларды енгізу өндірістің тиімділігін арттырып, өндірілетін өнімнің өзіндік құнын 20%-ке дейін төмендетеді. 

Осы орайда, 2018 жылдың 20-21 қыркүйегінде Астана қа­ла­сының ЭКСПО Конгресс-орталығында Қазақстан машина жасаушыларының VI форумы өз жұмысын бастайтындығын айта кеткеніміз жөн. Қазақстан Рес­публикасының Үкіметі және «Ата­мекен» ҰКП қолдауымен, Ин­вестициялар және даму минис­тр­лігі мен Қазақстан машина жасаушылар одағы ұйымдастырып отырған форумда 20-дан астам мемлекеттен мыңнан аса делегат, оның ішінде отандық жә­не шетелдік машина жасау кәсіп­орындарының басшылары, ква­зимемлекеттік сектор, даму институттары, бизнес қауым­дастықтары және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады деп күтілуде.

Жалпы алғанда, Қазақстанның машина жасау саласын жандан­дырудың жаңа кезеңі басталып келеді. Себебі аталған салаға қа­жетті бөлшектерді шығаруға, оны құрастырушы жұмыс күші де елімізде баршылық. Сонымен қатар қазақстандық машина жа­сау өндірісінің өнімдеріне сұ­ра­ныс та жоғары екенін айта кет­­кеніміз жөн. Көршілес Ресей, Қы­тай сынды алпауыт ел­дер­дің рыногына шыға баста­ған отандық өнімдерді одан әрі қарқынды дамытып, әлеуе­тін арттыра түсу қажеттігі байқалады.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»