Әлем • 06 Қыркүйек, 2018

Босқындар ісі – әлемдік проблема

5648 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

БҰҰ-ның босқындар бойынша агенттігінің Орталық Азиядағы өкілдігінің мә­лі­меттеріне сүйенсек, биыл Қазақстанға 608 бос­қын баспана іздеп келген. Оның басым көпшілігі ау­ғандықтар. Жалпы аталған өкілдік 2011–2017 жылдар аралығында елімізге бас-аяғы 702 адамға көшіп келуге көмек берген көрінеді. БҰҰ-ның босқындар бо­йынша агенттігінің қазақ­стандық өкілдігінде 7650 адам арнайы тіркеуде тұр. Тек Қазақстанда емес, бос­қын­дар саны дүние жүзі бо­йынша жылдан-жылға артып, түйткілі шешілмей тұр­ған ауқымы кең әлемдік деңгейдегі мәселеге айналып отыр.

Босқындар ісі – әлемдік проблема

Қазақстан – өмір сүруге ыңғайлы ел

Халықаралық қоғамдастық бірігіп «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ғаламдық қауіпсіздік мәселесін оңтайландыра алмауда. Оның бір дәлелі – босқындар саны­ның күннен-күнге арта түсуі. Бұл мәсе­лені қазақы жалпақ тілмен жеткіз­сек, «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» деуге келеді. Яғни, қауіп­сіздігі үшін қорыққан талай пенде­нің от-су кешіп, отанын тастап, беті ау­ған жаққа қашуы қалыпты құбы­лысқа айналып кетті. Осы мәсе­лені май шаммен зерттеп жатқан БҰҰ мен Еуропалық одақ әзірге ортақ ше­шім таба алмай отыр.

Осы орайда Қазақстан да бос­қын­дар қабылдау мәселесінен тыс қала алмайды. Қазіргі уақытта елімізде Ау­ғанстан, Сирия, Өзбекстан, ҚХР жəне тағы басқа елдерден келген 589 босқын өмір сүруде. Олардың көпші­лігі он жылдан бері елімізде тұрып келе жатыр. Босқындар мәртебесін алғандардың ішінде дəрігер, мұғалім мен сəулетші сияқты жоғары білімді жəне білікті мамандар бар. Қазақстанның заңдық нормаларына сəйкес босқындардың жұмыс істеуге құқы болғанына қарамастан, олардың мəртебесі (уақытша тұратын шетел азаматтары) бірқатар қиындықтар туғызады екен. Оларға елде тіпті 10-20 жыл тұрса да, азаматтық бе­ріл­мейді. Өйткені заң бойынша олар азаматтыққа арыз бере алмайды. 

Босқындардың 70 проценті оңтүстік аймақтарда, Алматы мен Шымкентте орналасқан. Кеңес Одағы кезінде Қазақ­стан­ға білім алуға келген ауған студенттері Ауғанстандағы билік басына тәліптердің келуінен кейін елдеріне қайтуды жөн сана­маған. Ауғандық босқындардың алғашқы легіне 20 жылға тақап қалған, олардың саны жалпы босқындардың 90 процентін құрайды. Олардың балалары осында туып, өсіп-өнгендіктен өздерін қазақстандықтар санайды екен. Бұдан бөлек, кейінгі уақытта елге Сирия дағдарысы кезінде аздаған сириялықтар бас сауғалап келген.

Еліміздегі босқындардың айтуынша, Қазақстандағы бейбітшілік олар үшін жәннат. Яғни қазақтың басты байлығы – бірлік пен татулық елімізді құтты мекенге айналдырып отыр. Халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюроның қазақстандық өкілдігі директорының орынбасары Денис Дживага да осы сөздерді қуаттайды. «Қазақстан босқындар легіне әрдайым дайын күйде болуы керек. Қазақстанда босқындар саны соншалықты көп емес. Орын алған экономикалық дағдарыстарға қарамастан, Қазақстан өте бақуатты, тыныш, өмір сүруге ың­ғай­лы. Ауғандықтар мұнда келгенде ең басты­сы бейбітшілік пен тыныштықты атап көр­сетеді. Босқындардың тілегі бейбітшілік, оларға басқа ештеңе керек емес. Олар өз елдерінде үнемі кез келген уақытта өлтіріп кетуі мүмкін деген қорқыныш пен үрейде өмір сүреді», дейді ол.

Бейбіт өмір іздеген босқындар көп

БҰҰ-ның босқындар бойынша агент­тігінің жыл сайын дайындалатын ға­ламдық статистикалық есебіне сүйенсек, 2017 жылы әлемде әр минут сайын со­ғыстан, қуғын-сүргіннен, зорлық-зомбы­лық­тан қашқан 31 адам баспанасын тас­тап шығуға мәжбүр болған. Олардың тең жартысы 18-ге дейінгі балалар екен. Бүгінгі таңда Орталық Азияда 3 жарым мыңнан астам босқын мен баспана іздеген 700-дей адам тұрып жатыр. Олардың көпшілігі ауғандықтар. Таяу Шығыстағы соғыс лаңы кесірінен соңғы үш жылда осы елдің халқы экономикасы мен әлеуметтік жағдайы тұрақты елдерден сауға сұрап, тентіреген көрінеді. Азаматтық бермесе де заңсыз жолдармен шекарасын кесіп өтіп, үлкен мегаполистер жанынан ашылған лагерьлерде қоныстануды әдетке айналдырды. Лагерьдегі өмір сүруге қолайсыз жағдай, босқындар арасындағы өзара төбелес, қылмыстар мен орын алған өрттер олардың жойылуына әкеліп соқты. Бір жерден күреліп тасталынған лагерь қаланың екінші бір шетінен бой көтеріп, оны түбірімен жоюға Еуропаның қауқары жетпей отыр. Бұл ұзын-сонар босқындар тудырған мәселелердің бір шеті ғана.

Жалпы осыдан үш жыл бұрын әлемде Таяу Шығыста орналасқан елдерде орын алған азамат, кейінірек әлем елдері кірісе бастаған соғыстан қашқандардың алғашқы легі жан-жаққа бас сауғалай бастады. Тұрмысы жайлы, ең бастысы соғыс өрті жоқ Еуропаға Африкадан, Таяу Шығыстан, Сириядан қауіпсіз өмір іздеп ағылған босқындар легі бұрынғыдан да күшейе түсті. Одан бөлек, жалпы әлемдегі босқындар саны 244 млн адамға жеткен. БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша басқармасы мұның себебін Таяу Шығыс пен Африкада, Сирияда, Ауғанстан мен Судан, Оңтүстік Судан, Мьянма, Ирак, Конго Демократиялық Респуб­лика­сында орын алған соғыс пен қақты­ғыстармен, адамдардың кедей­шіліктен қашуымен түсіндірді. Міне, босқындар көшінің басталғанына біраз уақыт өтсе де Еуропаға көшіп келгісі келетін мигранттар саны әлі күнге толастар түрі жоқ. 

Еуропа жан-жақтан ағылған бос­қындар легін бірден қабылдай ал­­май, босқындар дағдарысына ұшы­­рады. Дағдарыстың күрделі және ау­­қымды болғаны соншалық, ортақ ше­­шім іздеуге тұтас Еуропа белсене кірісті. Жедел түрде уа­қыт­ша ше­шімдер қабылдана бастады. Түркиямен келісілген шаралар ушық­қан жағдайды жұмсартып, бос­қын­дарға баспана беру мен ел­деріне қайту процедураларын жолға қою­ға мүмкіндік берді. Десек те, Еуро­па­лық одақ елдерінің арасында сая­си көзқарас қайшылығы туындады. Әсіресе, Франция, Вен­грия, Словакия мен Эстония бос­қындарды квотамен бөліп қоныс­тандыруға қарсы шықты. Бұрын да миграциялық қатерге байланыс­ты ортақ шешімдер қабылдаудан қашқақтап жүрген Еуропа елдері бірігіп батыс Балқандағы жағдайды реттеуге бар күшін салды. Себебі Еуропаға Таяу Шығыстан ағылған бос­қындар мен мигранттар легінің негіз­гі көші батыс Балқан арқылы келе­тін. Бұл шара оларға жедел түр­де орын алып жатқан оқиғаны уыс­тан шығармауға мүмкіндік берді. Еуро­па басшылары Балқандағы заң­сыз босқындар жолын кесіп, Таяу Шы­ғыстан келетіндердің тағы бір транзиті болып табылатын Түркия­мен келісімшарт жасасты. Осындай ке­шенді іс-шаралар босқындар мен миг­ранттар легін аз да болса қысқар­туға көмектесті. 

Еуропаның мигранттар мен бос­қын­дардың келуі арқылы аймаққа қосымша еңбек күші тартылып, жұ­мыс­шылар қоры пайда болады деген үміті ақталмады. Еуро­палық рынок­қа қажетті мамандар келмегені былай тұрсын, жұмысшылар арасында жо­ға­ры білімді мамандар аз болып шық­ты. Ал кейбір құжатсыз мамандар кү­дік тудырады. Мәселен, Сирияда дәрі­гер болған азаматтар құжаттары бол­маса жұмысқа тұра алмайды. Әрі бос­қын­дардың ұзақ жолда бастан өткер­ген психологиялық қиын­дығы, олар­дың жергілікті тұр­ғын­дардың өмір сал­тына сіңісіп кетуі оңай болмай тұр. 

Бұл көш бұрынғы көштен өзгерек

Таяу Шығыстағы соғыс өртінің соңы, биліктегі саяси хаос шегі әлі көрін­бейді. Сол себепті Еуропаның бос­қындар мәселесін түбегейлі ше­шеміз деген үміті қаншалықты шындыққа жанасымды?! Африкалық көш те таяу арада тыйыла қоймасы анық. Жалпы 2011 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан мониторинг­ті қарасақ, Сириядағы әскери қи­мылдардың себебінен босқындар мен ішкі көші-қон осы елдің тең жартысын шарпыған. Ал бұл 4 млн босқын мен 8 млн ішкі көші-қондағы адамдарды құрағанын көрсетеді. Ел халқының жартысы босқынға айналатынын Еуропа елдері аңдамай қалды. Кез келген мәселені алдын ала болжап отыратын еуропалықтар бұл көшті алғашқыда бейқам қабылдады. Мәселен, оларға африкалық елдерден келетін босқындар сипаты мен ауқымы 2000 жылдардан бері таныс. Сондай-ақ еуропалықтар Африкадан Испанияға ағылғандар көшінің экономикалық себептерін де біледі. Еуропалықтарды алдымен босқындар көші-қоны емес, аралдарда суға батқан жүздеген қайықтар мен кемелер, онда суға кетіп қаза тапқандар санының көптігі мазалай бастады. Еуропаға барар жолдың қауіптілігіне қарамастан, ақшаға құныққан контрабандамен айналысушылар соғыстан бас сауғалаған жас балаларды, аяғы ауыр әйелдер мен қарттарды жарамсыз кемелер мен қайықтарға отырғыза берді. Яғни Еуропа шығысқа қарап, Сириядан ағылған лекке дайын болудың орнына, қауіпті оңтүстіктен күтті. Осындай оқиғалардың бірізділігі Еуропа одағын адастырғандай болды, олар бұл көштің өздеріне таныс Африка көші сценарийінен айырмашылығы бола қоймас деп шешті. Міне, осының салдары өздеріне үлкен зиян әкелді. 

Жерорта теңізінен Еуропаға бет алғандардың сипаты экономикалық болса, Таяу Шығыстан шаршап жеткендердің табиғаты саяси тұрғыда болды. Олар өз өмірлерін құтқару мақсатында, елдерінде өсіп кеткен зорлық-зомбылықтан қашты. Оған қоса, босқындардың кез келген елден халықаралық түрде қорғаныш сұрауға заңды құқы бар болатын. 1951 жылғы босқындар статусын нақтылайтын БҰҰ конвенциясына сәйкес, соғыстан қашқан және қуғынға түскен әр адам саяси баспанаға үміт арта алады. Міне, осы заң Еуропа елдерінің қолын байлап, оларды босқындарды келген жағына қайтармай, қабылдап, оларға баспана тауып беруге мін­деттеп отыр. Бұдан бұрын Батыс Еу­ропа 1990 жылдары Косово мен Босния және Герцеговинадан қаш­қан босқындардың ауқымды көлемін қабылдаған болатын. Қазір­гі жағдай басқаша, қысқа уақыт ішінде жағдай тез құбылып, ішкі саяси тұрақсыздыққа әкеліп отыр. Босқындар жолының географиялық сипатына қарай ұжымдық шешімді қабылдауға Еуропалық одаққа кірмейтін Балқан елдері де тартылды. ЕО елдері өздерінің ұлттық идентифи­кациясын сақтау мен террорлық әрекеттерге байланысты қауіптен қорқып, босқындарға уақытша баспана тауып беру мәселесін бұрынғыдан бетер ушықтырды. Босқындар жасаған қылмыс саны күрт үдеді, Германия мен Швециядағы әйелдерге жасалған зомбылық, Франция мен Бельгиядағы террорлық актілер Еуропаға радикал исламшылардың босқындар бейнесін жамылып келуі әбден мүмкін екенін көрсетті. Бұл оқиғалар тізбегі бұқаралық ақпарат құралдарының босқындар туралы асыра сілтеп жазуына әкелді. 

Жуырда Германияның Ішкі іс­тер министрі Хорст Зеехофер іш­кі қарсылықтарға қарамастан 63 пункт­тен тұратын көші-қонның (миг­рация) бас жобасын талқыға ұсынды. Жобаның негізгі мақсаты – Еу­ропалық одаққа кіретін барлық елдер үшін босқындарға саяси баспа­на берудің ортақ жүйесін жасап шығару, Африка аймағын эконо­микалық тұрғыда жандандыру үшін қолдау шаралары, Жерорта теңізінен құтқарылған босқындарды жеткізетін солтүстік Африкада «қауіпсіз ай­мақ­тар» жүйесін құру. Дегенмен, бұл шаралардың бәрі босқындардың шы­ғуының себебін жоймай, салдарымен күресуге арналып отыр. Сондықтан да Еуропа үшін оңтүстік пен шығыстан ағылған босқындар мәселесі әлі күнге дейін өткір күйінде тұр. 

Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»