Әлем • 06 Қыркүйек, 2018

Түркі кеңесінің ауқымы кеңейіп келеді

471 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шолпан атада (Қырғызстан) өткен Түркі тілдес мемлекет­тердің ынтымақтастық кеңесінің VI саммитін биылғы елеулі оқиғалардың қатарына жатқызуға болады. Кездесудегі талқыланған мәселелер түркілер интеграциясын нығайтуға және Еуразия құрлығында тату қарым-қатынас орнатуға маңызды стратегиялық үлесін қосады. Алатаудың етегінде өткен алқалы жиынға әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары назар аударған болатын. Соларды іріктеп ұсынып отырмыз.

Түркі кеңесінің ауқымы кеңейіп келеді

BBC агенттігінің Қыр­ғыз­стандағы бюросы саммиттен жан-жақты ақпарат таратты. Ар­наның хабарлауынша, іс-шара қо­рытындысы бойынша қа­был­данған құжаттардың маңызы зор. 

«Шолпан ата шаһарында Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VI саммиті өтті. Жиынды Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашып, ұйым төрағалығын Қырғызстанға табыстады», дейді BBC Қырғызстан. 

Агенттік жиынға қатысқан Вен­грияның Премьер-министрі Виктор Орбанның сөздеріне ерекше назар аударған. Ол мажар ұлысы өз тілін, мәдениетін сақтап қалуға талпынып жатқанын, түркі тілдес мемлекеттермен жақын қарым-қатынас орнатуға әзір екенін жеткізді. 

«Өзбекстанның ұйымға қосылуы туралы да мәселе көтерілген еді. Шав­кат Мирзиёев Өзбекстанның Кеңеске кіруге ниетті екенін биыл Түркияға барған сапарында мәлімдеген», дейді BBC Қырғызстан.

Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков Өзбекстанның ұйымға кіруін қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай қадам Түркі кеңесіне жаңа серпін беріп, көптеген жаңаруға бастамақ. 

Regnum.ru сайты Елбасы Н.Назар­баев­тың «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім» жобасын ұсынғанына ерек­­ше назар аударған. Агенттік бұған мысал ретінде Қазақстандағы «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын келтіріп, соның аясында «Қазақстанның 100 жаңа есі­мі» мен қазақ әліпбиінің латын гра­фикасына ауысуына тоқталған. 

«Н.Назарбаевтың пайымдауынша, осыған ұқсас жоба басқа да түркі тілдес мемлекеттерге қажет. «Тағылымы мол тарихымызда әл-Фараби, Ясауи, Абай, Юнус Эмре, Низами, Физули, Ұлықбек, Айтматов секілді ірі тұлғалар бар. Осыған байланысты Түркі кеңесі аясында «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім» жобасын әзірлеуді ұсынамын» деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Түркі кеңесі жастарының құрылтайын, ғылыми конференциялар, семинарлар, тарихи орындарға экспедициялар ұйымдастыруды ұсынды», дейді Regnum ақпараттық агенттігі. 

Сондай-ақ Regnum.ru сайты саммит қорытындысы түркі әлемінің ынтымақтастығын нығайтып келе жат­қандығын көрсетеді деп есеп­тейді. Агенттіктің пайымдауынша, Вен­грия Премьер-министрі Виктор Ор­банның жиынға қатысуы Буда­пешттің болашағын Еуропамен емес, Тұранмен байланыстыратынын аңғартады. 

Daily Sabah-тың хабар­лауынша, Түркі тілдес мем­лекеттердің ынты­мақ­тастық кеңесі саммитінде ұйымға мүше мемлекеттердің әріптестігін нығайта түсу мәселесі көтерілген. Агенттік жиынға қатысқан мемлекеттер басшылары ұйым жұмысын одан әрі дамытудың маңыздылығына ерекше назар аударғанын жеткізді. 

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кеңеске мүше мемлекеттер арасындағы екіжақты тауар айналы­мы 22 пайызға артқанын, ендігі мақсат осы жетістікті келешекте одан әрі арттыру қажеттігіне тоқталды. Н.Назарбаев Түр­кі кеңесіне мүше елдер Шығыс пен Ба­тысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғас­тыратын көпір іспетті екенін жеткізді» дейді Daily Sabah.

Ал Венгрия үкіметінің ресми сайты ма­жар ұлысының түркі тілдес мем­ле­кеттермен ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге ниетті екенін жазады. 

«Премьер-министр Венгрияның бұған дейін де түркі тілдес мемлекет­термен тығыз әріптестік орнатып келгенін айтты. В. Орбан мажарлардың өздерін ғұн­дардың, Еділдің (Аттила) ұрпағы деп есептейтінін, ғұн-түркі байланысы мығым екенін, түркі тілдерімен туыстас екенін атап көрсетті. Ол шық­қан тегін мақтанышпен айтатын ұлт­тың үлкен күшке ие болатынын жет­кізді», дейді үкіметтің ресми сайты. 

Саммит барысында В.Орбан түркі тілдес мем­лекеттердің зор та­быс­қа қол жеткізгенін, Венгрия халқы өздері­нің шыққан тегі түркілер екенін мақтанышпен айтатынын мәлім­де­ді. Соңында Премьер-министр вен­грия­лық Eximbank-тың түркі тілдес мем­ле­кет­термен экономикалық ынтымақ­тас­тықты нығайту үшін 1,5 миллиард несие беріп, инвестиция салатынын айтты. 

«Вечерний Бишкек» басылымына шыққан мақалада Түркі тілдес мем­лекеттердің ынтымақтастық кеңесі кү­шейе түскені айтылып, осы бағытта Қазақ­станның атқарған жұмысына оң баға берілген. 

«Мемлекет басшысы Сооронбай Жээнбеков Қазақстан тарапына ал­ғысын білдіріп, атқарылған жұмыс­тарды жоғары бағалады. «Ең әуелі, Қазақстанға және құрметті Нұрсұлтан Әбішұлына Түркі тілдес мем­лекет­тердің ынтымақтастық кеңесінде сәтті төрағалық еткені үшін ерекше алғысымды айтқым келеді. Осы уақыт ара­лығында Қазақстан Түркі кеңесінің абыройын ас­қақ­татып, мүше мемлекеттер арасындағы маңызды келі­сімдерді жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыс ат­қар­ды. Қазақстан тарапының атқарған жұмысына ал­ғысымыз зор», деді Қырғызстан басшысы. С.Жээнбеков биылғы саммиттің ерекше форматта өтіп отырғанына тоқталды. Өзбекстан Президенті Шавкат Мир­зиёев пен Мажарстан Премьер-ми­нистрі Виктор Орбанның іс-шара­ға келуі Кеңестің ауқымы кеңейе түс­кенін көрсететінін айтты», дейді «Ве­черний Бишкек».

Сондай-ақ С.Жээнбеков Өзбек­станның Түркі кеңе­сіне мүше ретінде кіруге талпынысын жоғары баға­лай­тынын, Венгрияның ұйымға бақы­лаушы мәртебесіне ие болғанын, жас­тар арасындағы байланыстарды нығайтуға шақырып, экономикалық және гуманитарлық бағыттағы арнайы жобаларды бірлесе атқарудың қа­жет­тігін жеткізді.

Шолуды дайындаған 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше