Қазақстан • 06 Қыркүйек, 2018

Ұзынағаштағы Кечиөрен көшесі

505 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бауырлас бұл екі ел арасындағы жиілеген барыс-келістің  тағы бір көрінісі, жыр алыбы Жамбыл атындағы ауданда жарқын көрініс тапты. Аудан орталығы – Ұзынағаш елді­ мекенінде түрік тілінде «Кечиөрен» атауы пайда болды. Дәлірек айтқанда, аудан орталығындағы жаңа көше осылай аталады. 

Ұзынағаштағы Кечиөрен көшесі

Салтанатты тебірене сөз сөй­­леп ашқан Жамбыл ауда­ны­ның әкімі Бағдат Әлиев жаңа кө­шенің Ұзынағашта таяуда ғана тұ­ғырына тұрғызылған Жамбыл ескерткіші түбінен бастау алатыны жайдан-жай емес екенін атап өтті.  

– Бауырлас халықтар арасын­дағы мәдени байланыстардың шынайы белгісі – Анкара қала­сында Жамбыл көшесі бар. Ол кө­ше шаһардың ең көне әрі та­би­ғаты әсем Кечиөрен ауда­нын­­да қыр асып созылып жатыр. Осы­ған орай бүгін біз­дегі көше атын беру рәсіміне Анка­ра қала­сын­дағы Кечиөрен ауданының әкімі Мұстафа Ақ мырза арнайы атбасын бұрып келді, – деді аудан әкімі. 

Ұзынағаштың бас қақпасынан басталатын оқтаудай түзу жаңа көшенің басына халық өте көп жи­налды. Көше аты жазылған те­міртақтадан ақ жамылғы сыпы­рылып түскен сәтте кимешек ки­ген апалар шашу шашты, күй кет­ті күмбірлеп, әуезді ән айтылды. 

Мәртебелі қонақтар Кечиөрен (Анкара) ауданының әкімі Мұс­тафа Ақ, Халықаралық түркі мә­дениеті мен өнерін бірлесіп дамыту (ТҮРКСОЙ) ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркияның Алматы қаласында­­ғы Бас консулы Рыза Қаған Йыл­маз салтанатқа жиналған халық алдында түркі халықтарының тамыры терең мәдени ынтымақ­тас­тығының болашақта да арта беретініне сенім білдіріп, жылы-жылы лебіз­дерін айтты. 

Халықаралық Жамбыл қоры­ның президенті, белгілі жазушы Манарбек Ізбасар: 

– Айналдырған екі-үш жыл ішінде Жамбыл ауылының  бет­­­­кеұстар азаматтары Түркияға әл­­­денеше рет сапарлап барып қайт­тық, – деді. – Күні кеше дү­ріл­детіп атап өткен Сүйінбай ақынның 200 жылдық мерейтойы аяқталып жатпай-ақ түрік бауырлар Кечиөрен ауданында үлкен бір көшеге ақынның бюстін орнатып, көше атауын берді. Осы жазда кечиөрендіктердің шақыруымен ол жаққа қайта барып,  Жамбыл атындағы көшенің тұсаукесерін өткізіп қайттық. Бүгінгі шара сол ізгілікті істің жал­ғасы. Анкараның ең көрікті Кечи­өрен аумағы уы­ғын VІІ ғасырда қалағанын да айта кеткенді жөн санадық.  

Түркиялық қонақтар Ұзын­ағаштағы салтанаттан соң аттың басын бірден Сүйінбай мен Жам­­былдың зираты жатқан көр­­­ші ауылға бұрды. Сол жақ­та ақын­­­­дардың аруағына арнап дұға ба­­ғыштады, одан соң қос мұ­­ра­­жайда да болып, ұлы тұлға­лар­­ға қа­­тысты тарихи деректермен та­­нысты, қолтаңбаларын қалдырды.

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы, 

Жамбыл ауданы