Қазақстан • 06 Қыркүйек, 2018

Сотталғандар адами қарым-қатынасқа зәру болмауы тиіс

465 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда елімізде бас бостан­дығынан айырылған жандарды ұстайтын орындарға қатысты сыни пікірлер аз айтылып жүрген жоқ. Әсіресе, қамауда отырғандарға күш қолдану мәселесіне қатысты жайсыз ақпараттарды жиі естиміз. Бұл сөзімізді азаптауларды болдырмау жөніндегі Ұлттық алдын алу тетігінің аймақтық тобы да (ҰАТ) растай түсетіндей.

Сотталғандар адами қарым-қатынасқа зәру болмауы тиіс

Мәселен, қамауда ұстау орындарынан сотталғандарға көрсетілетін қатыгез қарым-қатынасқа қатысты жиі түсетін шағымдарға байланысты Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тапсырмасы бойынша азаптауларды болдырмау жөніндегі Ұлттық алдын алу тетігінің аймақтық тобы Алматы облысындағы бірқатар пенитенциарлық мекемелерге мониторинг жүргізіп, бірқатар келеңсіз жағдаяттарға көз жеткізген.

Нақтылай айтқанда, құрамында білікті мамандар мен медицина сарапшылары бар Ұлттық алдын алу тетігінің аймақтық тобы сотталғандарға қатыгез қарым-қатынас көрсету фактілерін анықтаған. Бұл фактілер тиісті құжаттармен дәйек­телген. Тіпті, сотталғандардың бірі алған жарақаттарынан көз жұмған көрінеді.

Жалпы, Ұлттық алдын алу тетігінің  Үйлестіру кеңесі бас бостандығынан айы­ру орындарындағы өкілеттіктерді теріс пайдалану ісін бірнеше рет қарастырған. Бұл мәселе Үйлестіру кеңесінің наза­рында тұрған түйткілдердің бірі болып отыр. Осы жағдаятқа байланысты атал­ған құрылым уәкілетті мемле­кет­тік ор­ган­­дарға тиісті шағымдар мен ұсы­ным­дар жіберген. Дегенмен, жоғарыда атал­ған проб­лемалар әлі өзектілігін жойған жоқ, яғни айтылған мәселелер шешімін табар емес.

Осы арада аталған түйткілдерге байланысты Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекемесі нақты фактілерді келтіре отырып, Бас прокуратураға қадағалау тәртібімен қарауға және тиісті жүйелік шараларды қабылдау үшін жүгінгенін де айта кеткеніміз орынды.

Негізінде, сотталғандармен дұрыс қарым-қатынас жасамау, пенитен­циар­лық жүйедегі мәдениеттің төмендігі және білікті мамандардың аздығы сот­тал­ғандарды қайта әлеуметтендіру, реци­дивті қылмыстың өсуін болдырмау шараларына кері әсерін тигізбей қоймайды. Қалай десек те, пенитенциарлық жүйе­дегі келеңсіз жағдайлар Қазақстан Рес­публикасы Президентінің құқық қор­ғау органдарын реформалау бойын­ша тапсырмасын орындауға теріс ықпа­лын тигізетін фактор болып табылады. Сон­дықтан жоғарыда айтылған мәсе­лелерге барлық тиісті мемлекеттік құры­лым­дардың назар аударуы қажет-ақ.

Мемлекет басшысы алқалы жиын­дарда, түрлі басқосуларда халық сенімін арттыру қажеттігіне, ел сенімі бәрінен де қымбат екеніне үнемі назар аударып отыратыны белгілі. Осы орайда құқық қорғау органдары қызметінің ел көңілінен шығуы халық сенімін нығайту ісінде аса маңызды рөлге ие екені айтпаса да түсінікті.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»