Тарих • 06 Қыркүйек, 2018

«Алтынды сарай, ақ мешіт...»

3385 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы­ның Бөкей ордасы ауданы, Хан ордасы ауылындағы Жәңгір хан сарайы – Қазақстан бойынша бүгінге дейін сақталған бірден-бір хан ордасы. 

«Алтынды сарай, ақ мешіт...»

Бөкей ордасының әкімшілік орталығы болған, рухани өрке­ниет­тің, мәдениеттің негізі қа­лан­ған Хан Ордасы ауылында ХІХ ғасырдан қалған тарихи ес­керт­кіштер жетерлік. Солардың бірі – Бөкей Ордасы тарихи-музей кешені құрамындағы хан Жәңгірдің ағаштан қиып салынған еңселі үйі, дәлірек айтсақ үй­дің бір бөлігі. Бұл орынның тарихи маңыздылығы сонда, ол қазақ даласында сақталып қалған бір­ден-бір хан сарайы және осы үйде Жәң­гірдің алғашқы қару-жарақ палатасы ұйымдастырылған болатын. Биыл хан сарайының тұр­ғы­зылғанына 190 жыл толып отыр.

«Атадан аса туған Жәңгір хан,
Екінші Исмаилдан алғыр хан –
Арғы түбін болжаған,
Атаның алмаған қонысын алып,
Аннан сарай салдырған.
Атадан артықшылығын 
аннан білемін –
Ол салдырған сарайдың
Айналасы айшылық,
Көлденеңі күншілік
Көргендер көзі қиып кете алмас», – деп Байтоқ жырау жыр­лаған хан сарайының құрылысы Хан Жәңгірдің билік басына кел­геннен-ақ бастау алды. Мұны Бөкей Ордасы тарихи-музей ке­ше­ні қорында сақталған мұра­ғат құ­­жат­тары да дәлелдейді.

Орынбор әскери губернаторы П.К.Эссеннің 1824 жылы 24 қаңтарда Астрахань азаматтық губернаторына жазған (№ 65) хатында: «По известному предположению о построении дома для Высокостепенного хана Джан­гира Букеева в подведомственной ему Орде я нашел необходи­мым предварительно сделать ос­мотрение места и изыскание способа означенной постройки выго­днейшим для казны образом, на сей конец командировал в аул хана Джангира инженер-поручика Тафаева», – деп хабарласа, Жәңгірге сол күні № 66 шығыспен жолдаған хатында: «Заботясь об удовлетворении желания Вашего построить в Орде дом, я нашел необходимым предварительно сделать осмотрение места и изыс­кание способов к произведению означенной постройки выгоднейшим образом. На сей конец командировал к Вам инженер-поручика Тафаева», – дей келе, жұмыс барысында оған Жәңгірдің өз тарапынан жәрдем беруін өтінеді.

Назар аударатын бір жайт, жаратылыстану ғылымдары­ның докторы М.Я.Киттарыдың «Ставка хана Внутренней киргизской орды» атты еңбегінде хан Жәңгірдің алғаш үй тұрғызу­ды 1824 жылы қазанда Фатимаға үйленген соң ойға алған­ды­ғы жазылады. Алайда жоғары­­­да­ғы хаттарда көрсетілгендей, үй салуды Жәңгір Фатимамен бас қоспас бұрын жоспарлаған, яғни ол өзіне тұрақты үй салу ар­қылы көшпелі халықты оты­рық­шылыққа бейімдеуді мақ­сат еткен. Бұл ойымызды 1824 жылы шілде айында Орынбор ерекше корпусының полков­нигі Ф.Ф.Бергтің Сыртқы істер министрлігінің басқарушысы граф К.В.Нессельродеге жазған хаты да нақтылай түседі. Онда: «Хан Джангир уведомил нас о своем желании обосноваться на шесть зимних месяцев в постоянном жилище на берегу Каспийского моря. Большинства его султанов заверили нас, что пос­ледуют его примеру, так как убеж­дены, что и им самим, и всей Орде будет выгоднее жить зи­мой в домах и ограничить свою коче­вую жизнь шестью летними меся­цами», – деп Жәңгірдің не се­беп­ті өз бастамасымен қазақ­тар­ға отырықшылықтың үлгісін көрсетуге тырысқанын жеткізеді.

1825 жылдың ақпан айында инженер Тафаев Бөкей ордасына келіп, үйдің құжаттарын дайындауға кіріседі. Хан алдымен үйінің іргетасын қалайтын құтты орын іздеп алғашында Кас­пий теңізінің жағалауындағы Астра­ханьға жақын жерден қолай­лы орын тапқанымен, ол жер князь Юсупов пен графиня Безбо­род­ко­ның иелігі болып шығады.

Сөйтіп хан болашақ сарайына жерұйық іздей жүріп, «Эльтон» көлінен 75 верст (шақырым) жер­дегі бау-бақша өсіруге де ың­ғай­­лы, қасында құдығы бар саз бал­­шықты құнарлы жерді таңда­ғанын Орынбор әскери губернаторы П.К.Эссеннің Сыртқы істер министрлігі Азия департаментінің директоры К.К.Родофиникинге 1825 жылы 1 маусымда жіберген хатынан білдік. 1825 жылы 24 мамырда Тафаев инженерлер бастығы Г.Ф.Генске жазған рапортында: «Вследствие чего хан и я отправились в Рын-пески в 75 верстах от Эльтонского соленого озера... Фасад дома предполагается быть поставленным на полдень» – деп хан үйінің құрылыс орнын нақты баяндайды. 

Сол жылы инженер Г.Ф.Генс губернатор П.К.Эссенге Тафаев дайындаған болашақ салынатын үйдің сметасы мен жобасын қарастыруын ұсынады. Құрылыс жоспарын П.К.Эссен Сыртқы істер министрлігіне жолдайды. Бұл министрліктің басқарушысы граф К.В.Нессельроде құжаттарды Ішкі істер министрлігі мен Мем­лекеттік шаруашылық депар­та­ментіне жолдап, олардың нұс­қауымен құрылыс комитеті үй­дің фасады мен жаңа жобасын жасайды. Өзгертілген смета бо­йынша үйдің құрылысына 36 102 сом 73 тиын қаржы бөлу қа­рас­тырылады. 1827 жылдың 22 ақпанында үй салу туралы өтініш патша ағзамның тарапынан қолдау тауып, бекітіледі. Ал, үйдің құрылысы сол жылдың жазында басталғанын төмендегі келтірілген қатынас қағаздардан байқауға болады. 1827 жылы 28 мамырда П.К.Эссен Орынбор Шекара комиссиясының штабс-капитаны Тафаевтың Ордаға жіберілуіне байланысты оған 500 сом беруін сұраған. Сондай-ақ, 1827 жылы 20 қазан күні пра­порщик Г.С.Карелин полков­ник Г.Ф.Генске жазған хатында Жәңгір үйін салу кезін­дегі кез­дес­кен қиындықтар жөнін­де және құрылыстың сол жылы та­мыз­да басталып, қазан­ға дейін екі флигельдің сұл­басы тұр­ғызыл­ғанын, егер көлде­нең кедергілерге тап болма­са, аз уа­қытта құрылыс аяқтала­тындығын айтқан.

Инженер Тафаевтың есебі негізінде Орынбор әскери губернаторы П.К.Эссен Сыртқы істер министрлігі Азия департаментінің директоры К.К.Родофиникинге 1828 жылы наурызда, ал Жәңгірге 1828 жылы 9 сәуірде құрылыстың толық аяқталғаны туралы хабар береді. Яғни, 1827 жылы жазда басталған құрылыс 1828 жылы көктемде аяқталған екен. Сондай-ақ хатта жазылғандай, смета бо­йынша бөлінген қаржы үнемделіп, ақшаның 1956 сом 50 тиыны Жәң­гірге басқа құрылыс қа­жет­тілігіне пайдалануға беріледі.

Жәңгірдің бастауымен, Ресей үкіметінің қолдауымен тұрғызыл­ған осы хан сарайының бір бөл­месінде Қазақстан бойынша тұң­ғыш «Қару-жарақ палатасы» ашыл­­ғаны тарихтан белгілі.

Ордада болған орыс зерттеу­ші­лерінің айтуынша, хан өзінің болашақ сарайында музей ұйым­дастыруды 1825-1826 жылдары Ресей империясында болып, он­дағы тарихи-мәдени орындар­ды тамашалағаннан кейін қолға алған. Ал жаңа үйіне 1828 жылы көшіп келген Жәңгір, ойға алған музейін сол жылы ашса керек. Үйінің бір бөлмесінде «Қару-жарақ палатасын»  ұйымдастырып, онда тарихи құнды, әулеттік маңызы бар қару-жарақ, ат-әбзелдері мен бағалы заттардың үлгілерін жинақтаған. Ата-бабасынан қалған қаруларды көзінің қарашығындай қорғаған Жәңгір жан-жақтан келген құр­метті меймандарын да осы бөл­месінде қабылдап, ондағы қару-жарақтардың тарихына өзі түсінік беріп, мақтанышпен таныстырған.

Ордадағы Жәңгір мектебінің оқу­шылары да бұл музейді келіп тамашалап тұрған және Жәң­гір кейде осы хан сарайында шәкірт­терден емтихан алып, жақ­сы оқығандарға ынталандыру есебінде сыйлықтар берген.

Сондай-ақ ханның қару-жарақ палатасында түрлі жиындар мен билер кеңесі де өткізіліп, бұл бөлме қызмет кеңсесі ретінде де пай­даланылған.
Енді сәулетті де зәулім хан сарайының ішкі көрінісін көзімен көріп, ханның қару-жарақтарына таң-тамаша болған ғалым-зерт­теушілердің естеліктеріне назар салайық.

1844 жылы Жәңгірмен жүзде­сіп, хан сарайында болған арғы тегі шетелдік, Рим империясының барон әулетінен шыққан Федор Бюлер: «Зная, сколь расположен хан Джангер к европейскому образу жизни и как он старается склонять к нему своих приближенных, нас нимало не удивило найти в его комнатах, при обозрении их, мебель прекрасную, убранство роскошное и даже отличный бильярд. Все внимания наше привлекла оружейная хана по множеству развешанных по стенам ее восточных шашек, ружей, шлемов и т.п. Вечер провел я в чтении разных печатных и руко­писных сведений о киргизах.

…Хан показал нам присланный ему в отсутствие его диплом на звание члена Казанского университета, потом разное древнее оружие и между жалованными саблями саблю, пожалованную императрицей Елизаветой Петровной в 1742 г. деду его хана Нурали. Все эти сабли с надписями, свидетельствующими об их древности и драгоценнос­ти!», – деп ханның құнды қару-жарақ­тарына жоғары баға береді.

Орыс зерттеушісі Александр Терещенко да Жәңгірдің жәдігер­шілігіне таңданып, ханның өте сирек кездесетін бұйымдарды жинақтауды ұнататынын жет­кізеді. Әсіресе хан қару-жарақ­тардың түрлеріне айрықша көңіл бөлгенін жазады: «...он любил собирать оружие, которое поме­щает­ся в особой комнате называемой оружейной и состоят большей частью из восточных пистолетов, ружей, сабель, шашек, ятаганов, топориков, булав, кольчуг, щитов и шишаков, крытых серебряной и золотой чернью, и украшенных дорогими каменьями. Иные с надписью арабскою, а иные с куфическою. В числе саблей суть дарственные роду его от царственного нашего дома, а именно: от императриц – Анны, Елизаветы и Екатерины ІІ, императоров – Павла и Александра благословенного. Между восточными ружья­ми хранится клинок сабли, по­хожий более на шашку, которая жалована царем Михаилом Федоровичем, неизвестно кому из ханов» – деп ең құнды қаруларға тоқталады.

Жәңгір қару-жарақ палатасына қарулардың түрлерімен қоса, тарихи маңызы бар құжаттарды да жинақтаған. Оған кешен қо­рын­да сақталған Жәңгірдің 1845 жылы наурызда Орынбор шекара комиссиясының төрағасы Ладжинскийге жолдаған хаты дәлел болады. Хатта атасы Нұра­лы ханның патшадан алған грамотасын немесе көшірмесін беруді сұрайды.

Тарихи құндылығымызды, мәдени салт-дәстүрімізді насихат­тау мақсатында ашылған Жәңгір музейі қай кезге дейін өмір сүргені жөнінде бізде толық мәлімет жоқ.

Жәңгір қайтыс болған соң Орда­да іс қағаздарын жүргізуші болып қызмет жасаған Алексей Евреинов те 1846 жылдары хан­ның музейі сол қалпында тұр­ғанын айтады. Ондағы қару-жарақтарға қатты назары ауған ол: «Полное же внимание мое остановила на себе оружейная. В этой комнате не было ничего кроме развешанных по всем стенам плотно, от потолка до полу, оружий разных народов и времен, конских сбруй и других воинских доспехов. Многие из них были драгоценны по древности, добротности и украшающим их самоцветным камням. Джангер был любитель и знаток редкостей в этом роде и доставал их, не щадя денег...» – десе, сол жылдары хан сарайында болған жаратылыс­тану ғылымдарының докторы, профессор Модест Яковлевич Киттары өз еңбегінде хан үйінің ішкі салтанатын, ондағы қару-жарақтарды шебер сипаттады. Оның айтуынша, жиырма үш бөлмеден тұратын үйінің дүние-мүлкі азиялық және еуропалық талғаммен жинақталған. Кіре берістегі қабылдау залында қола­дан өрнектеле жасалып, төрт бұрышында жер, аспан және екі ай глобусы орналасқан астро­но­миялық сағат қызыл күрең камод­тың үстіне қойылған. Қонақ бөлмесінде Николай патшаның, Жәңгір ханның және мұрагері Сақыпкерейдің портреттері ілініп, еденінде қымбат парсы кілемдері төселген. Ханның тарихи-рухани мұраларына ерекше тоқталған зерттеуші, «ханның қару-жарақ коллекциясы ұзақ жыл жиналған еңбектің жемісі» дейді.

Орынбордан келген кеңесші И.Бикмаев пен майор С.Ерофеев ханның артында қалған дүние-мүлкін қысқаша тізімдеген кезде ондағы қаруларды (ату және өткір жүзді қарулар, пышақ, қанжар, т.б.) 6415 күміс рубль 75 тиынға, аңшылық құрал­дары мен батырлық саймандарын, ат әбзелдерін (қалқан, садақ, қолғап, үзеңгі, ер-тұрман, т.б.) 1602 рубльге бағалады. Тізім­де 1742, 1749, 1775, 1802, 1812, 1823 жыл­дардағы патшалар­дың қазақ хандарына сыйлаған баға жетпес қылыштары болды. Өкінішке қарай, ханның бұл құнды қару-жарақтары, жалпы хан сарайындағы дүниелер туралы бізде мәлімет жеткіліксіз бол­ғандықтан, олардың қайда кеткені әлі күнге дейін жұмбақ.

Ал ханның сарайына келер болсақ, Жәңгір хан дүние сал­ғаннан кейін, 1846 жылдан бас­тап ғимараттың батыс бөлігінде хан отбасы мүшелері тұрып, ал орталық бөлігіне Ішкі Қазақ ордасын басқару жөніндегі Уақыт­ша кеңес орналастырылады. Осы екі бөліктің одан кейінгі жайы қашан, қандай жағдайда бұзылғаны бізге белгісіз. Тек шығыс бөлігі сақ­талып, кеңестік дәуірде Круп­­ская атындағы балалар үйі, мектеп­тің интернаты, тұрғын үй, кейін электр торабының мекемесі бол­ғаны мәлім.

Түрлі оқиғаларға куә болған тозығы жеткен ғимарат тарихи ескерткіштер қатарына 1988 жылы алынып, сол кездегі Орда тарихи-революциялық музейі қарамағына берілді. Қайтадан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген шығыс бөлігіне 2002 жылы Бөкей ордасы тарихи-музей кешені құрамындағы «Қару-жарақ палатасы» музейі орналасты.

Елбасы Жарлығымен мемле­кет­тік «Мәдени мұра» бағдар­ламасы қабылданғаннан соң, Хан сарайы 2004 жылы осы бағдар­ламаға енгізіліп, оған күр­делі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы кезде Хан сарайының орта­лығы мен батыс флигелі қайта салына бастады. Қазіргі таңда Хан Жәңгірдің мемориалдық музей-үйінде орыс зерттеушілерінің жазбалары бойынша экспозиция жасақталып, ХIХ ғасырдан қалған көне жәдігерлермен толықтыру жұмыстары жүргізілуде.

Биыл Хан сарайының ірге­сі қаланғанына және де Қазақ­стандағы алғашқы музей «Қару-жарақ палатасына» 190 жыл толғалы отыр. Ұлы реформатор хан Жәңгірдің сәлемдемесін бү­гінгі ұрпаққа жеткізіп тұрған бұл ғимараттың қазақ жеріндегі теңдесі жоқ қазына екенін ескере отырып, оның тарихын толық зерттеп, насихаттап, мәдени құндылығымызды барша жұртқа мақтанышпен жеткізу – біздің парызымыз.

Мира КУТУШЕВА,

Бөкей Ордасы 

тарихи-музей кешенінің экскурсия жүргізушісі

Батыс Қазақстан облысы