Руханият • 06 Қыркүйек, 2018

Контр-адмирал Қалақауов

965 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жер-дүниені дүр сілкіндіріп, талай жанның өмірін жалмап, талай отбасының бақытын ұрлаған Отан соғысы уақыт өлшемі бойынша бес жылға созылғанмен, оның қайғы-қасіретке толы ізі, мұңға толы әңгімелері мен ерлікке толы естеліктері өміршең, ол – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Қасіретін сезінгенде жүрек жабырқаса, ерлердің ерлігін айтқанда, көңіл мерейленіп шыға келеді. 

Контр-адмирал Қалақауов

Қазақтың қаракөз ұл-қыздары ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, тіпті қыршынынан қиылса да, өзгелер алдында туған елінің мерейін мәңгілікке көтеріп кетті, жатқа қазақтың батыр халық екенін дәлелдеп берді. Маңғыстау өңірінің перзенттері – Жұмағали Қалдығараев, Мәди Бегенов Кеңес Одағының Батырлары атанса, Берлинді алғаш бомбалаған қазақ – ұш­қыш Біләл Қалиев Батыр атағына ұсы­нылғанмен, кезекті сапардан оралмай оққа ұшуына байланысты атаққа қол жеткізе алмай кетті. Сол секілді ай­рық­ша батырлығымен жоғары мара­пат­қа ұсыныла тұрып, ататегіндегі ақтаң­дақ­тар салдарынан аталмыш атақты ала алмаған, бірақ өз ерлігін дәлелдеп «Даңқ» орденінің толық иегері атанған Кемер Оңғалбаев, Ленин орденді Исатай Сүйеубаев, Бас қолбасшыдан 13 рет алғыс хат алған, I, II дәрежелі «Отан соғысы» орденінің, III дәрежелі «Даңқ» және «Қызыл жұлдыз» ордендерінің иегері, ұшқыш Бегейбай Ахметов ел мақтаныштарына айналды. Олардың бірқатары Маңғыстау даласындағы аласапырандарға байланысты көрші түрікмен жерінен соғысқа аттанғанмен, Маңғыстаудың төл перзенттері болатын. 

Ал Маңғыстаудың өзі де соғыс даласынан алшақ жатқан аймақ болып қала берген жоқ – соғыстың алғашқы жылдарында фашистердің ішке дендей енуі салдарынан, яғни майдан шебінің Еділ, Кавказға дейін жетуіне орай бұл өңірдің маңызы арта түсті. Деректер соғыс жүріп жатқан өңірлердегі балық консервілеу және жүзбелі балық өңдеу зауыттары, балық майын өндіретін станса және кеме жөн­деу зауыты секілді қорғанысқа, май­данға қажетті кәсіпорындардың Маң­ғыс­тауға көшірілгенін айтады. Балыққа қатыс­ты зауыттарға майданға азық дайын­дау міндеттелсе, кеме жөндеу зауыты Каспий акваториясындағы зақымданған кемелерді жөндеумен айналысқан. Тіпті деректер ел аузында «Малютка» атанған шағын торпедолық кеме жасайтын әскери зауыттың Маңғыстауда оңаша қойнауда орналасып, кеме құрастырғанын алға тартады. «Малюткамен» жауға атойлай ұмтылып, көк айдын үстінде аласапыран айқасқа кірген ердің бірі – маңғыстаулық Қалмағанбет Қалақауов. 

Маңғыстау ауданының Жармыш ауылында 1923 жылы дүниеге келген Қалмағанбеттің ата-анасы Қалақау мен Шүрек 1931-1932 жылдардағы дүр­белеңде Түрікменстанға қоныс аударады. Оқу-білімге құштар, зерек Қал­ма­ғанбет алдымен Ашхабадтағы жұмыс­шы факуль­тетін үздік бітіріп, 1939 жылы осы қаладағы ауылшаруашылық инсти­туты­ның құрылыс-механика факультетіне оқуға түсіп, екінші курста оқып жүргенде әскер қатарына шақыртылады. 1941 жылы Қ.Қалақауов Ленинград майданына түсіп, «Старая русь» ұрыстарында шайқасады. Соғыстағы қайтпас батылдығы, шеберлігі мен ерлігі үшін «Даңқ», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталады. 1943 жылы көзге түскен ширақ та жалынды жас Жоғарғы Бас штабтың бұйрығымен Баку жоғарғы әскери теңіз флоты учи­ли­щесіне жіберіледі. Училищені бітір­ген соң Қызыл Тулы Балтық флотына басшылық қызметке жұмсалып, туған жері – Қазақстанда, оның ішінде Маңғыстаудағы Саура жерінде жасалған «Малюткамен» Ленинград майданын бетке алады. Соғыстың қиян-кескі күн­деріне, Ле­нинградты азат етуге бастан-аяқ қатыс­­­қан теңізші офицер Қалақауов Жеңіс мейрамын Одер сағасында қарсы ала­ды. Жеңісті асыға күтіп, жалау­ла­та қар­­сы алғанмен, елге қайтпай әс­кер са­­­пын­­да қалған Қалмағанбет Ленин­­г­рад­­­тағы Жоғары әскери теңіз ака­де­­мия­­­­сын үздік бітіріп, Солтүстік Мұзды мұхит бассейнінде, Қара теңізде әскери фл­о­­ти­­л­ияда жоғары қызметте болады. Сухуми, Батуми, Мурманск қала­ла­рын­­­дағы әскери теңіз флоттарында ба­с­­­шы­­лық қызмет атқарады, әскери қыз­мет­ті Севастополь қаласындағы Жоғары Әскери теңіз училищесінің кафед­ра меңгерушісі болып аяқтаған, қазақ, орыс, түрікмен, неміс, ағылшын тіл­дерінде сөйлейтін, сауатты азамат Қал­маған­бет Қалақауов отбасымен Сева­сто­поль қаласына тұрақтап, зайыбы Шар­хат екеуі қала халқының сыйлы аза­мат­тары атанады, қыздары Дина мен Жібек­ті қатарынан кем қылмай өсіреді. Қале­кең тегі маңғыстаулық қыз Шархат Бисен­қызымен 1948 жылы отасады, ата-ана­сының қуғынға ұшырауына байла­ныс­ты балалар үйінде тәрбиеленген Шар­хат Аш­хабад университетінің орыс тілі мен әдебиеті факультетін бітірген ұстаз. Бірін­ші рангты капитан Қ.Қалақауов 70 жасқа толғанда «Севастополь қаласының құрметті азаматы» атағы беріледі, арада төрт жыл өткенде, яғни 74 жасында қазақ­тан шыққан алғашқы жоғары білім­ді әскери теңізші офицер, бірнеше жауын­герлік марапаттардың иегері, контр-адмирал Қалмағанбет Қалақауов өмірден өтеді. 

Өмір жолынан тағдырдың желі Қал­маға­нб­етті қаңбақтай қақпақылдап, ай­даудай-ақ айдағанын аңғарамыз. Өн­дірдей жас кезінде туған елден түрікмен еліне кеткен ол ары қарай қан майданға ат­танып, «баспаған жері, бармаған тауы» қал­май­ды. Шөлде туылған бала теңіз тар­ланына айналады және теңізші әскери ма­ман­дарды дайындаушы жоғары шенді офи­­цер атанады. Бес жыл бойы қан май­дан­­да арпалысып, ерлікке толы соғыс жо­л­дары­нан өткен батырлығы тағы бар. Қазақ жат жерде, қиын кезде өзінің ғана емес, хал­қының абырой-беделін биік ұс­тап өт­­кен Қалмағанбет Қалақауов сынды ұл­­­дарын мәңгі мақтаныш етуге тиіс, алай­­да өмірі жат жерде өрілген контр-адми­­р­ал­­­­дың есімі барша қазақ түгілі маң­ғыс­­тау­лық­тардың өзіне етене таныс емес­тігі өкі­нішті. Өзге елден майданға атта­нып, жат жерде еңбек етіп, шет жұрттан топы­рақ бұйыруы – тағдыр, оны ешкім сұрап ал­май­ды, ең бастысы – азаматтық атына, ел-жұр­ты­­ның абыройына кір келтірмей өтуі. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы