Әдебиет • 06 Қыркүйек, 2018

«Интеллигент» ұрылар

462 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Интеллигент» ұрылар

...Ол кезде «Парасат» жур­на­лының редакциясы Көк базар­дың жанындағы тоғыз қабатты ғимараттың жетінші қабатында еді. Нарық қыспағы бет қаратпай тұрған қиын шақ болатын. Көк базарда кім көп, ұры-қары көп. Күн са­йын сумаңдап біздің ғи­ма­ратқа да кіріп-шығып жүре­ді. Ана бөлімнен құлақ­шын, мы­на бөлімнен куртка, шарф жоға­лы­п­ты деп бая-шая болып жатамыз.

– Апыр-ай, аяқ астынан қайдан сап ете қалады екен, ә? –деймін мен біздің бөлімдегі Зәкеңе қарап.

– Кімді айтасың? – деп ол кісі қағаз­дан басын көтеріп, маған қарайды.

– Кімді болушы еді, әлгі... ұры-қарыларды айтамын да.

– Ә-ә, – дейді Зәкең енді қолындағы қаламын үстелдің бетіне қойып. – Ал сен сол ұры-қарыларды қандай адам деп ойлайсың, айтшы? 

– Қандай болушы еді? – деймін мен ол кісінің бұл сұрағына аз-кем таңырқап. – Көк базар міне, іргемізде тұрған жоқ па?! Со жақтан келетін қай-қайдағы біреулер...

– Жо-оқ, – деді Зәкең даусын созып, менің пікіріммен келіспей, үзілді-кесілді басын шайқап. – Қай-қайдағы біреулер емес олар! Қазіргі ұрылар шырттай боп киініп, галстук тағып, қолына портфель ұстап жүреді. Егер олармен дәлізде қарама-қар­сы кездесіп қалсақ, сен екеу­міз былай ығысып, қалай жол бергенімізді білмей де қаламыз.

Маған Зәкеңнің мына логи­­ка­сы өте қызық болып көрі­неді. Сондықтан да басымды шайқап, онымен келісерімді де, келіспесімді де білмей аң-таң боламын.

Содан... 

Бір күні хатшы қыздың: «Бастық шақырып жатыр!» деген даусы дегбірімді алып, апай-топай шыға жөнелдім де, бас редактор тез әкел, нөмірге саламыз деп асықтырған мақаланы ала­йын деп жылдам қайтып оралсам, әлгі біздің бөлімге Зәкең айтқандай қолында портфелі бар, шырттай боп киінген бір интеллигент сумаңдап кіріп барады. Соңынан:

– Тоқтаңыз! – деп айғайладым жан даусым шығып. – Қайда барасыз?!

Әлгі кісі селк ете түсті. Тіпті ар­­т­ына бұрылып қарауға да мұр­шасы болмай, қолындағы порт­фелін жерге түсіріп алды. Сон­соң желкесінен біреу мылт­ық кезеп тұрғандай даусы дірілдеп:

– Ә-ә... ме... мен... Зә-Зәкеңе келіп ем, – деп әзер үн қатты. – Ма... маған ол өткенде бір музыка жөнінде материал керек деп еді...
– Уһ! –дедім өзіме өзімнің күлкім келіп. – Айып етпеңіз... Ол кісі сағат он бірде келеді жұ­мысқа.

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»