Қазақстан • 06 Қыркүйек, 2018

Ғылым гранттарын бөлу жайы қаралды

359 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше «Нұр Отан» партиясының орталық кеңсесінде партия жанындағы «Мирас» республикалық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда адам капиталының Қазақстан экономикасына әсері, ғалымдарға мемлекеттік гранттар бөлу механизмі талқыланды. Басқосуға «Мирас» республикалық кеңесінің төрағасы Бекболат Тілеухан  жетекшілік етті.  

Ғылым гранттарын бөлу жайы қаралды

– «Нұр Отан» биліктегі партия болғандықтан, қоғамда болып жатқан жетістіктерге, қандай да бір кемшіліктерге алдымен жауапты екені белгілі. Сондықтан партия тарапы ғалымдардың алдынан шығып жататын кейбір мәселелерге бейжай қарамайды. Партияның орталық аппаратына ғылыми кеңестің өкілдерінен, 2018-2020 жылдарға арналған ұлттық ғылыми және ғылыми техникалық жобаларға гранттық және бағдарламалық мақсатта қаржыландырылған конкурс­ты іріктеуді жүзеге асырудағы шешімдермен келіспейтіндігі жайлы бірнеше өтініш келіп түскен. Олар ғылыми жобаларға бөлінетін­ мемлекеттік қар­жы­ландыру жүйесі көңілдерінен шықпағанын айтады. Тіпті мем­лекеттік сараптамадан төмен баға алған жобалардың да же­ңімпаздар қатарында жүргенін айтып шағымдануда. Өтініш иелерінің айтуынша, кеңес құра­мын таңдау тиісті ережеге сай жүргізілмеген. Ереже бойынша кеңес құрамында бір ұйымнан бірнеше қызметкерден болмауы тиіс, сонымен қатар кеңеске әлемдік білім беру ұйымдарының өкілдерін қосу керек деген сияқты ұсыныстар түсуде, – деді ол. 

Жиында негізгі баяндаманы Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов жасады. Оның айтуынша, соңғы жылдары Қа­зақ­стан экономикасын құру бойынша қойылған міндеттерді шешу үшін мемлекеттік дең­­гей­де белсенді қадам жаса­лып келеді. «Бүгінге дейін 2015-2017 жылдар бойынша грант­тық және бағдарламалық-ныса­на­лы қар­жыландыру аясында орын­далған 1111 ғылыми жоба мен ғылыми-техникалық бағдарламаға мониторинг жүргізілді. Сарапшы топтар барлық басымдық бо­йынша ғылыми зерттеулердің негізінен күнтізбелік жоспарды сақтау арқылы және жоғары ғылыми деңгейде орындалғанын атап өтті», деді Талғат Ілиясұлы. Вице-министр кейбір проблемаларды ашып көрсетті. Мәселен, зерттеулер мен әзірленімдерді орындау үшін қаржыландырудың жеткіліксіздігі және кешеуілдеуі, жас ғылыми кадрлардың тап­­шы­лығы, заманауи материал­дық-техникалық базамен қамтама­сыз етудің жеткіліксіздігі сияқты бір­қатар өзекті мәселе орын алған. 

Министрлік берген ақпарға сүйенсек, қазіргі уақытта елде ғылыми әзірленімдермен 386 ұйым айналысады. Жоғары білім беру секторына 93 ұйым қарайды. Зерттеу және әзірленімдермен айналысушы қызметкерлер саны 22 985 адамды құрайды.

Талқылауда сөз алған техника ғылымдарының докторы Сейітқасым Байбеков елімізде ғылымға үлкен ұмтылыс барын айтады. Алайда ұлттық ғы­лыми кеңес жұмыстарында кем­ші­ліктердің бар екенін де жасырмайды. «Ғылымды дамыту үшін жас ғалымдардан бастап егде ғалымдарға дейін гранттық конкурс жасап, қаржыландырудың екі бағыты бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу керек. Аталған гранттарды бөлуге байланыс­ты бірқатар реформа қажет. Тө­мен баға алған ғалымның атал­­ған гранттарға ие болып ке­­туінің басты себебі, соңғы ше­­шімді кеңес мүшелерінің ай­ту­ында деуге болады. Осы рет­те бағалаудың электронды жүйе­сін жасауды ұсынамын», деді ол. Сонымен қатар профессор отандық ғалымдардың автор­лық бағдарламаларын шетелге сараптамаға жіберуге қар­сы еке­нін білдірді. Ғалымның айтуынша, шетелдік сараптамаға кеткен жобалардың құпиялық элементтері жария болып, бағ­­дар­ламаның бағасы төмендейді. 

Кеңесте айтылғандай, 2018-2020 жылдарға арналған ғы­лым­ды дамытудың 7 басымдығы аясында гранттық қаржыландыру бойынша 28,65 млрд теңге со­маға 1096 ғылыми жоба және бағ­дарламалық-нысаналы қар­жы­ландыру бойынша 22 млрд тең­геге 108 бағдарлама жүзеге асырылуда.

Келелі жиында ғылым төңі­ре­гінде болып жатқан басқа да жайттар сөз болды... Өзекті мә­селелер бойынша «Тұран» білім беру корпорациясының вице-пре­зиденті О.Әлиев, қоғам қайраткері А.Смайыл, халықаралық Түркі академиясының президенті Д.Қы­­дырәлі өз ойларын орта­ға салды. Кеңес мүшесі Ал­дан Сма­йыл мемлекеттің жалпы ішкі өні­міне отандық ғы­лым әкелетін табыстың аздығын сөз етсе, Дар­хан Қуанд­ық­ұлы ғы­лым­ға бөлінетін қаржы­ның жет­кіліксіздігін айтып, мыңдаған ғалымдар мен ғылыми институттарға бөлінетін қаржының жеке-жеке қарастырылуын ұсынды. Сонымен қатар академия басшысы ғылымды дамытудың жеті бағытының ішіндегі бір ғана бағыттың гуманитарлық ғылымдарға бөлінгендігін айтып, бұл бағыттың ауқымды салаға аздық ететіндігін алға тартты. 

Кеңес соңында Білім және ғылым министрлігіне ұлттық ғы­лыми кеңес туралы ереже, сон­дай-ақ ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті базалық, гранттық, бағдарламалық-ны­саналы қаржыландыру ережесінің бірінші кезеңінде мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан төмен балл алған ғылыми жобаларды реттестіріп, електен өткізуге қатысты бөлімдерді одан әрі жетілдіру сияқты бірқатар ұсыныс берілді. 

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»