Қазақстан • 06 Қыркүйек, 2018

Медициналық қызмет цифрлы жүйеге көшеді

566 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мәселесіне байланысты өткен баспасөз конференциясында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов саладағы мән-жайдан мол мағлұмат беріп, көптеген сауалдарға жауап берді. 

Медициналық қызмет цифрлы жүйеге көшеді

Министр жақында Үкімет отырысында алғашқы меди­ци­налық көмектің деңгейін, сапасы­н және қолжетімділігін арттыру бағытында шаралар ұсынылғанын және оның қолдау тапқанын айта келе, бірнеше мәселеге баса назар аударды. «Бірінші бағыт – қызмет сапасын айтқанда, медицина қызметкерлерінің білімі мен тәжірибесін жетілдіру алға шы­ғады. Осы мақсатта қазіргі таң­да медициналық білім беру ұйым­дарындағы стандарттар өзгертіліп жатыр. Өткен жылдан бастап бұл маңызды іске шетелдік әріптестерді шақырып, халықаралық қарым-қатынасты жолға қойдық. Бүгінгі таңда бүкіл медициналық білім беру ұйымдарында, университеттерде жаңа бағдарламаға көштік. Өткен жылы курстан курс­қа өтетін JPI деңгейін көтер­дік. Қазіргі уақытта сту­дент­тер­дің өздерінің білімдеріне, ма­мандықтарына деген жауап­­кер­шілігі арттырылып, білім беру сапасын көтеру қадамдары жасалуда»,  деді Е.Біртанов. Министр биылдан бастап «Сырт­қы сараптама» жүйесі енгізілгенін атап өтті. Мәселен, осыған дейін медициналық университеттерде студенттердің білімін сол оқу орнындағы мұ­ғалімдер баға­лайтын болса, енді «Сыртқы сараптама» жү­йесі қолданысқа енбекші. Бұл үшін министрліктің деңгейінде арнайы орталық құрылып, Мәжіліске енгізілген заң жобасында осындай жаңа бағыт қарастырылған. «Жылдан жылға міндетті түрде университеттерде ғана емес, медициналық колледждерде және резидентурада, интернатурада оқыған дәрігерлер жалпы дәрігерлік біліммен қатар, сыртқы тәуелсіз сараптамадан өтіп сертификат алады. Осы сараптаманың қо­рытындысына қарай, сертификатына сәйкес студенттердің әрі қарай оқуды жалғастыруы қажет пе, жоқ па, сол жөнінде шешім қабыл­данады», деді ведомство басшысы.

Денсаулық сақтау министрі кадр даярлау мәселесіне ерекше маңыз бере келе, жылдан жылға кадр тап­­шы­лығы тө­мен­дегенімен, шынын айт­­қан­да, жергілікті деңгейде, әсі­ре­се ауылдарда кадрлар же­тіс­­­пей­тінін алға тартты. «Осы мә­селені шешу үшін біз бірін­ші­ден жергілікті деңгейде түрлі мате­риал­­­дық қолдау көрсетудеміз. Осы тұрғыда Үкімет басшысы тиісті тап­сырма берді. Қай әкімдік қан­дай көмекті беріп жатқанын назарда ұстаймыз. Медициналық қызмет­кердің айлығы туралы да айту қажет. Біз «Денсаулық» мемлекеттік бағ­дар­­ламасы аясында арнайы шараларды жоспарладық. Әр медициналық мекеме мүмкіндіктеріне қарай айлықтың деңгейін өздері белгілейді. Қазір мемлекеттік ұйымдардың 85 проценті жаңа формаға көшті. Оған ай сайын мониторинг өткіземіз. Әрине, кадр тапшылығы жылдам ше­шіліп жатыр деуге келмейді. Бі­рақ әкімшілік шығыстармен қатар ұйымдардың санын да қыс­қарттық. Осы арқылы дәрі­гер­лердің айлығын көбейту мүм­кіндігі бар. Мұны  бақылауда ұстаймыз», деді министр.

Елжан Біртанов сонымен қатар алғашқы медициналық кө­мек дең­­гейінде жалпы прак­тикалық дәрігер, учаскелік дәрігер мен мейір­би­ке­лердің жалақысын көтеру үшін ұсыныстар даярланғанын, бұған қоса жаңа технология енгізіп жатқан әріптестеріне келесі жылдан бас­тап жалақысына қосымша төлем енгізу жоспар­ланғанын жеткізді. Сала басшысы көп жағдайда дәрі­герлерге түсетін жүктеменің шама­дан артықтығынан емханаларда па­циенттердің кезекте көп тұруға мәжбүр болатынын айта келе: «Стан­дарт бойынша әр дәрігерге тіркел­ген халықтың саны 1 700 адам­нан аспауы керек. Бірақ өкі­нішке қарай, дәрігерлердің жетіспеу­шілігіне байланысты қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 1 950 адамнан болып тұр. Бұл жағдай да бақылауда, ай сайын мониторинг жасалып, бір жылдың ішінде бір дәрігерге түсетін жүктеме 60 адамға азайды. Нәтижесінде профилактикалық қызметтердің саны 23 процентке көтерілді. Бұл алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі жақсарып келе жатқанын көрсетеді», деді.

Брифинг барысында сала басшы­сы биылғы жылдың соңына дейін барлық медициналық мекемелердің 100 процент элек­тронды медици­налық жазы­лымға өтетінін жет­кіз­ді. Бү­гінгі таңда қалалар мен бар­лық аудандар деңгейінде медицина қызметкерлерін компьютермен қамтамасыз ету 85,2 процент көлемінде ше­шіліп, медмекемелердің 96 процентінде медициналық ақпараттандыру жүйесі енгізіл­ген. Ал халықтың электронды медициналық паспортталуы 11 млн бірлік шамасында деген мәлімет берген министр, осы жұмыстардың арқасында тұрғындардың медициналық көмек алудағы қолжетімділігі артып, пациенттерге көмектің тиімділігі жо­ғарылайды, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету жүйесі жетілуіне де жасалған ең бір оңтайлы қам деген ойын білдірді. 

Мемлекет тарапынан тегін бері­­летін дәрі-дәрмекпен қам­тылуда диспансерлік есепте тұрғандар үшін осы жылғы 1 қаңтардан бастап оны сатып алудың онлайн трансляция арқылы жүзеге асырылуының да пайдасына тоқталған министр 26,5 млрд теңге үнемделгенін, соның арқасында 20 мың адамға қажетті препараттар қосымша алынғанын айтып өтті. 

Министрдің айтуынша, 2017 жылдың салыстырмалы кезеңіне қарағанда биыл жалпы өлім 3%, оның ішінде ана өлімі – 1,6, ал баланың шетінеуі 7,7 процентке азайды, қазақстандықтардың өмір сүру жасы 7 процентке өсіп, 72,95 жасқа жетті.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»