Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2018

Ақтөбе облысында жел электр станциясы салынады

859 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының аумағында бес трансұлттық корпорация өнеркəсіптің түрлі салаларында жұмыс істейді. Енді тағы екі ірі инвестор ENI және GeneralElectric аймағымызға кіріп, Қарғалы ауданында Астана қаласында Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылған жаңартылатын энергия көздері технологияларын пайдалана отырып, қуаттылығы 48 МВт жел электр станциясын салады.

Ақтөбе облысында жел электр станциясы салынады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «ArmWind» компаниясының директоры (негізін қалаушылар - ENI - 90%, GeneralElectric - 10%) Абрамо Фердинандо бизнес-кеңестің отырысында тиісті меморандумға қол қойды.

ЖЭС жоспарланған жылдық қуаттылығы 190 ГВт-қа тең болады. Инвестиция көлемі шамамен 100 миллион еуро. Нысанның құрылысын ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында бастап, 2019 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарлануда. Құрылыс кезеңінде 300 жұмыс орны құрылады.

Іскерлік-кеңестің ең маңызды оқиғасы жиынның жұмысына «Қазхром» ТҰК, «SinopecGroup», CNPC өкілдері қатысып, сондай-ақ өндірісті жаңғырту үшін Жол карталарына қол қойылды.     

- Өткен жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Төртінші Индустриалды Революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері туралы жариялады. Біз оның элементтерін енгізе отырып, жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 85 млрд. теңгеге 42 компанияны жаңғыртуымыз керек. Бұл инвестицияларды ұлғайтуды талап етеді. Былтыр ол шамамен 465 млрд. теңге қалдырып, биылғы жылы кемінде 530 млрд. теңге инвестиция тартуға уәде берді. Бүгін біз аймақтық экономиканы одан әрі дамыту үшін маңызды екі мәселе - өндірісті жетілдіру мен біздің өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруды талқылау үшін жиналып отырмыз, - деді Бердібек Сапарбаев, шараға қатысушыларға арнаған сөзінде.

Сондай-ақ, кездесу аясында «Желэнерго» ЖШС-мен Мәртөк ауданында жел электр станциясын салу туралы меморандумға қол қойылды. Бұл жобаның технологиялары ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде де көрсетілді. Жалпы алғанда, өңірде ЭКСПО-2017-нің 6 инновациялық технологиясы енгізілді. Нәтижесінде кен өндіру өнеркәсібінің бағасы 1,5%-ға төмендеді, ал мұнай өндірісі 10%-ға өсті. EXPO-2017-нің тағы 15 технологиясы іске асырылу кезеңінде.