Қазақстан • 06 Қыркүйек, 2018

Вильнюс университетінің мамандары Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында болды

268 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Акушерлік салада және неонатологияда тәжірибе алмасу мақсатында Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының Оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Вильнюс университетінің мамандары Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында болды.

Вильнюс университетінің мамандары Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында болды

Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов әріптестермен кездесу барысында Алматы қаласындағы денсаулық жүйесінің барысымен таныстырып, бүгінгі тәжірибедегі жетістіктер туралы баяндады.

Серікбол Рахымқанұлының айтуынша, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу арнайы қабылданған меморандум аясында жүзеге асуда. Қазіргі кезде Алматы қаласы дәрігерлерінің алдында тұрған маңызды  мәселе – жүкті әйелдерді амбулаториялық кезеңде бақылау. Бүгінде Алматы қаласында көші-қон айналым көрсеткіштерінің жоғарылығына байланысты жүкті әйелдерді амбулаторлық кезеңде бақылауға алу оңайға соқпай отыр. Қалада жылына 42 мың нәресте өмірге келетін болса, уақытша немесе ұзақ мерзімге тұрақтайтындар саны жүз мыңнан асады. Қазіргі кезде қалада 39 мемлекеттік, 31 жекеменшік емхана бар. Ал емханаларға жүкті әйелдердің тіркелуіне байланысты ешқандай кедергі жоқ. Тұратын мекен-жайының емханадан қашықтығына қарамастан қалаған емханаға тіркеуге тұруға мүмкіндігі бар.

Денсаулық сақтау басқармасының алдында тұрған тағы бір маңызды мәселе – мектеп медицинасына көңіл бөлу. Өткен жылдан бергі аралықта қала мектептерінде отбасын құруға байланысты сабақтар өте бастады. Ондағы мақсат – жас жеткіншектердің, әсіресе қыз балаларды жеке денсаулығына ұқыпты қарауға үйрету, кеңестер беру. Яғни, қыз баланың болашақ ана ретіндегі жауапкершілігін арттырумен қатар, салауатты ұрпақтың өмірге келуіне байланысты түрлі ақпараттық-кеңестік сабақтар өткізу жолға қойылған.

«Сапарымыздың мақсаты жаңа әдістер мен технологиялар саласындағы біліктілігімізбен бөлісу. Ана денсаулығының қауіпсіздігі, жүктілік мерзімде болатын тәуекелді жағдайларды болдырмау, ана мен бала өліміне жол бермеу бағытындағы тәжірибелер екі ел дәрігерлері үшін де маңызды» деп атап өтті Вильнюс университетінің профессорлары Линас Ровас және Аустра Урбутини. Литвалық дәрігерлердің айтуынша, Балтық жағалауындағы мемлекет мен Қазақстандағы туу көрсеткіштерін салыстыруға келмейді. Сондықтан да Литвада жүкті әйелдерді бақылауға алу аса қиындық туғызбайды. Ал қазақстандық дәрігерлер алдында жауапты міндет тұр. Ана мен бала денсаулығын сақтау үшін бірінші кезекте амбулаторлық  бақылаудың маңызы зор. Жүктілік мерзімі медицина саласы мамандары ғана емес, бүкіл қоғам болып атсалысатын көкейкесті мәселе. Босану барысында қандай да бір тәуекелді жағдайлар орын алмас үшін ана бірінші кезекте жүктілікке дейінгі мерзімдегі денсаулығына сергек қарауы керек. Ал дәрігерлер жүкті әйелді дер кезінде қабылдап, толыққанды тексеруден өткізсе, кез келген тәуекелді жағдайдың алдын алуға болады.

Литвалық ғалымдар осы бағыттағы тәжірибелерімен бөлісіп,  «Қауіпсіз жүктілік пен жедел жәрдемді ұйымдастыру және неонатология», «Жүкті әйелдерді емханаларда бақылау барысы» бойынша шеберлік сағаттарын өткізді.

Ал Денсаулық сақтау басқармасы Оқу-әдістемелік орталығы орналасқан Алматы қаласы Жоғарғы медициналық колледжінің директоры Айгерім Оспанованың айтуынша,  орталық құрылғаннан бергі екі жыл ішінде қазақстандық дәрігерлердің де Литвада тәжірибеден өтіп, біліктіліктерімен бөлісуге байланысты жұмыстар жолға қойылды.  Осы кезге дейін 17 дәрігер Литва университетінде біліктілігін арттырса, қазіргі кезде Алматы жоғары медицциналық колледжінің 8 маманы ішкі қолданбалы бакалавр бойынша тәжірибе алмасуда. Ал күз айларында жалпы тәжірибедегі 14 дәрігердің жүкті әйелдерді бақылаудың әдістемесі бойынша біліктілігін арттыруы жоспарланып отыр.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен қазақстан»

АЛМАТЫ