Медицина • 07 Қыркүйек, 2018

Халық өсімі – әлеуетті даму кепілі

1268 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздегі демографиялық ахуалды мемлекет үнемі бақылауда ұстап, ерекше мән беріп отырады. Әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Қазақстан үшін адам капиталы, демографияның көтерілуі өте маңызды. Алдағы жылы елдің әрбір тұрғынын немесе аумағын сипаттайтын және жеке зерттеу негізінде алынатын демографиялық, экономикалық және әлеуметтік деректерді жинау үдерісі бойынша ұлттық халық санағы келе жатқаны белгілі. Осы ретте жыл басынан бергі халықтың өсімі мен өлім-жітіміне назар салған болатынбыз.

Халық өсімі – әлеуетті даму кепілі

Біріккен Ұлттар Ұйымы дайын­даған әлемдегі демо­гра­фия­лық ахуал жайлы сарап­тама­ға сенсек, 2050 жылға қарай әлем халқының саны 9,6 мил­лиард адам болуы әбден ық­ти­мал. Бұл Қазақстан сияқты жер көлемі мен халық саны ара­сындағы алшақтығы жоғары елдер үшін адам ресурсы айна­ла­сындағы мәсе­лелерді туындатуы мүмкін. Елі­мізде 2018 жылдың 1 шілдедегі жағ­дай бойын­ша халық саны 18 272,4 мың адамды құрады, со­ның ішінде қалалықтар – 10 529,1 мың, яғни 57,6%, ал ауыл­дықтар 42,4%-пен 7 743,3 мың адамды құраған. Бұл көрсет­кіш 2017 жылғы 1 шіл­демен салыс­тырғанда халық саны 238,1 мың адамға немесе 1,3% -ке өскендігін байқатады. 

Демографиялық және әлеу­мет­тік статистика басқар­ма­сы­ның басшысы Гүлмира Қарауы­­­лованың айтуынша, шіл­деден бергі уақытта Қазақ­стан хал­­қы­­ның саны 18 316 343 болып, тағы 44 мыңдай адамға толық­­қан. «АХАТ органдары ұсын­­ған азаматтық хал актілері жаз­­ба­ла­р­ындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2018 жылғы қаң­тар-маусымда туыл­ған­дар са­ны 192,7 мың адамды құ­рады, бұл 2017 жылғы қаңтар-мау­сым­ға қарағанда 1,8%-ке көп. 

Туу­дың жалпы коэф­фициенті 1000 адамға 21,26 туылғандарды құ­ра­ды. Биыл­ғы республика хал­қы­ның табиғи өсімі 2017 жылғы қаң­тар-мау­сыммен салыс­тыр­ғанда 3,3 мың адамға немесе 2,7%-ке көбейіп, 125,9 мың адамға жетті. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 13,89 адамды құрады», дейді департамент басшысы Г.Сайлаубекқызы.

Бүгінде елімізде Қазақстан халқы санының табиғи қозғалысын онлайн режимде көрсететін есептеуіш іске қосылған. Статистика комитетінің сайтында орналасқан Қазақстан халқы санының есептеуіші көрсеткен мәліметке сүйенсек, әрбір 76 секунд сайын 1 нәресте дүниеге келеді.

Алайда отандық демографтар қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 66, 8 адамды құрап, былтырға қарағанда 0,1 процентке көп екенін айтады. 

Жыл басынан бері республикада 1 жасқа дейінгі 1 626 нәресте өлімі тіркелді. Өкінішке қарай, былтырдан бері 1 жасқа дейінгі шетінеген нәресте саны 1,3%-ке көбейген. Демографиялық және әлеуметтік статистика басқармасының мәлімдеуінше, нәресте өлім-жітімінің негізгі себебі – перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар. Бұдан биыл 782 нәресте шетінеп, нәрестелер арасындағы жалпы өлім санының 48,1%-ін құрады. Туа біткен ауытқулардан – 328, тыныс органдары ауруларынан – 124 , инфекциялық пен паразитарлы аурулардан – 86 нәресте қайтыс болды. 

Халықтың көші-қоны да елдің демографиялық ахуалына айрықша әсер етеді. Көптеген ақпарат көздері жыл басынан бері Қазақстаннан 17 171 адам шетелге қоныс аударғандығын жарыса жазды. Алайда мамандар тоқсаныншы жылдардағы тоқыраумен салыстырғанда бұл көрсеткіштің айтарлықтай алаңдату тудырмайтынына сендіреді. Көбіне жаз айларында бұл көрсеткіштің арта түсетінін оқу жылының басталуымен байланыстыруға болады. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен арада болып жатыр. ТМД елдерінен келгендердің үлесі – 77,2 процент, ал ТМД елдеріне кеткендердің үлесі 89,7 процентті құрайды.

Әлеуметтiк-демографиялық дамуда iшкi көшiқондық үдеріс те ерекше орын алады. Облысаралық және облыстың өз iшiндегi механикалық қозғалыстарға келер болсақ, өңіраралық көшіп-қонушылардың үлесіне еліміздің жалпы ішкі көшіп-қонушылар санының 44,9%-тін кұрайды. Өңіраралық көші-қонның оң айырымы Астана қаласында – 5 748 адам, Алматы қаласында – 17 715 адам және Шымкент қаласында 43 222 адамды көрсетіп, мегаполистік шаһарларда ерекше көрiнiс тауып отыр. Бұл халықтың белгілі бір жерге шоғырлануына ең алдымен жұмыс көзінің болуы, қолайлы инфрақұрылым мен әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі әсер ететіндігін тағы да айғақтай түсті. 

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»