Үкімет • 07 Қыркүйек, 2018

Жаңа сессияның жүгі ауыр

251 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен палатаның жаңа сессиядағы алғашқы жалпы отырысы өтті. 

Жаңа сессияның жүгі ауыр

Сапалы заң талабы

Отырыста сенаторлар «2009 жылғы 17 қарашадағы Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Үкіметі мен Ресей Федера­ция­сының үкі­меті арасындағы «Байқоңыр» кешенін жал­ға алу жағдайында Байқоңыр ғарыш айла­ғының персоналына, Байқоңыр қала­сының, Төретам және Ақай кенттерінің тұр­ғын­дарына медициналық қызмет көрсе­ту тәртібі туралы келісімге өзгеріс­тер енгізу туралы хаттаманы ратифика­циялау туралы» және Мәжіліс мақұлда­ған «1996 жылғы 12 маусымдағы Табыс пен мүлікке қосар­ланған салық салуды болдырмау туралы Қазақстан Республикасының Үкі­ме­ті мен Өзбекстан Республикасы Үкі­ме­тінің арасындағы келісімге өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы Қа­зақ­стан Республикасының Үкіметі мен Өз­бек­стан Республикасы Үкіметі ара­сында­ғы хаттаманы ратификациялау тура­лы» заң жобаларын қабылдады.

Жиынды ашқан Сенат Төрағасы депутаттардың жаңа сессиядағы негізгі мін­деттеріне тоқталды. 

– Елбасы Парламенттің жаңа сессия­сын ашып, депутаттық корпустың алдын­да тұрған негізгі басым бағыттар­д­ы айқындап берді. Біздің алдымызда тұр­ған айнымас меже айқын – елімізді дамыған мемлекеттердің қатары­на қосу жолында аянбай еңбек етіп, ке­шен­ді ша­ра­лардың орындалуын заң тұрғы­сынан қамтамасыз ету. Президент Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев жариялаған бес әлеу­меттік бастаманы сапалы түрде жүзе­ге асырудың маңызы ерекше. Олар­дың орындалуы біздің үнемі бақы­лауы­мызда болуы тиіс. Елбасы атап өткен түпкі мақсат еліміздің әл-ауқатын одан әрі жақсартып, ел экономикасын дамыта түсуді көздейтін жұмыстарды орындау депутаттарға зор жауапкершілік жүк­тейді, – деді Сенат Төрағасы. 

Қ.Тоқаев сенаторлардың өңірлерге ба­­рып, халықты толғандырып отырған мә­се­лелерді зерделеп қайтқанын, бұл өз ке­­зегінде алда тұрған ауқымды міндет­тер­ді орындау үшін аса қажет екенін атап өтті. 

– Сессия барысында өзін өзі жұ­мыс­пен қамтығандарды әлеуметтік қамсыз­дан­дыру жүйесіне тартып, тұрғын үй қа­ты­настарын реттеуге, отандық ту­ризм­ді жақсартуға, кәсіпкерлікті және агро­өнеркәсіп кешенін одан әрі да­мы­туға бағытталған заң жобалары бо­­йынша ауқымды жұмыстар жүргі­зіледі. Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесін реформалауға айрықша көңіл бө­ліп, бұл салада орын алып отырған кем­ші­ліктерді атап өтті. Біз осы саланы реттейтін заңдарды жетілдіру бо­йынша жұмыс жүргіземіз. Со­нымен қатар қылмыстық заңнаманы эко­но­ми­калық қызмет саласында әрі қарай ізгілендіруді көздейтін заңнамалық түзе­тулердің топтамасын қарастыратын боламыз, – деп сөзін сабақтады Қ.Тоқаев. 

Сенат Төрағасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында тарихи және киелі нысандарды тиімді да­мытуға және қорғауға бағытталған заң жобасы да Сенаттың күн тәртібінде бо­ла­тындығын атап өтті. Сондай-ақ Пре­зи­денттің тапсырмасына сәйкес, таяу уа­қытта Парламент қарауына қай­та құ­рыл­ған әкімшілік аймақтардың жұ­мы­сын қам­тамасыз етуге бағытталған заң жобалары енгізілетінінен хабардар етті. Оған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев депу­тат­тық кор­пус Елбасы айқындаған маңыз­ды мін­дет­терді табысты орындау жо­лында Үкі­метпен бірлесе отырып, нәти­желі жұ­мыс істейтіндігіне сенім білдірді.

Медициналық тәуелділіктен арылады

Күн тәртібі бойынша сенаторларға «2009 жылғы 17 қарашадағы Қазақ­стан Рес­публикасының Үкіметі мен Ресей Фе­де­рациясының Үкіметі арасындағы «Бай­қоңыр» кешенін жалға алу жағдай­ында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі ту­ралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын таныстырған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндама жасады. 

Оның айтуынша, 2017 жылғы 9 қарашада Челябі қаласында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Бай­қоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы хаттамаға қол қойылған. Ал қолданыстағы келі­сімнің аясында осы Байқоңыр қала­сында тұратын Қазақстан азаматтары­на медициналық көмекті тек Ресей заңнамасына сәйкес ресейлік медицина­лық ұйымдар көрсетуде. Өз кезегінде, екі мемлекеттің медициналық қызмет көр­сету тәртібі мен талаптарында айтар­лықтай өзгешеліктер бар болғандықтан,  аталған өңірдің тұрғындары тегін меди­циналық көмекті, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды тегін алу, профилактикалық медици­налық тексеруден өту заңды құқығымен қамтамасыз етілмеген. 

– Байқоңыр қаласы тұрғындарының қолжетімді жоғары мамандандырылған медициналық көмек алу мүмкіндіктері жоқ. Бұл мүгедек адамдардың жағдайын айтарлықтай қиындатуда және жалпы өмір сүру сапасының төмендеу қаупін ұлғайтуда. Қолданыстағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама жобасы Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінде тұратын аза­мат­тарымызға ұлттық заңнамаға сәйкес меди­циналық көмек алуға мүмкіндік береді, – деді Елжан Біртанов. 

Министр, сондай-ақ 2016 жылы Бай­қоңыр қаласында Қызылорда об­лыс­тық медициналық орталығының фи­лиалы пайдалануға берілгенін атап өтті. Аталған мекеме өңір тұрғындарына стацио­нарлық, стационарды алмастыратын көмек көрсете бастаған. Ол үшін тәулік­тік 60 төсектік және күндізгі 20 тө­сектік орын ұйымдастырылған.  Соны­мен қатар осы жылдың басында қалада 30 мың адамға қызмет көрсететін емхана ашыл­ған. Қазіргі уақытта бұл емханаға 19 мың­нан астам адам тіркелген. 2019 жылы емханада хирургия және жан­сақ­тау бөлімшесін ашу жоспарланып отыр. 

– Алайда Байқоңыр қаласының ау­мағындағы қазақстандық медициналық ұйымдардың қызмет көрсету құқығын бекіту тек заңнамаға өзгерістер енгізу туралы хаттама күшіне енгеннен кейін мүмкін болады. Сондай-ақ хаттама ережелерінің күшіне енуі қазақстандық денсаулық сақтау мекемелерінде жаңа жұмыс орындарын ашуға құқықтық негіз жасауға мүмкіндік береді. Заң жобасы теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға алып келмейді, – деді Е.Біртанов.

Ал қосымша баяндамашы сенатор Се­рік Бектұрғанов 1991 жылдан бер­гі уақытта Қазақстан тарапынан ға­рыш саласына және Байқоңыр кешені­не қатысты 116 халықаралық құжат қа­был­дан­ғандығын, алайда, өңір тұрғын­дарына медициналық көмек көрсетуді же­тілдіретін бұл келісім солардың ма­ңыздыларының бірі екендігін атап өтті. 

– Тек Байқоңыр қаласы тұр­ғын­дарының 63 проценті – Қазақстан азаматтары. Олар қазіргі уақытта Ата Заңымыз кепілдік беретін көмектерін ала алмай отыр. Мәселен, Ресей заңнамаларына сәй­кес тек аурудың 31 түріне ғана тегін дәрі берілсе, Қазақстан тарапынан 49 түрлі дәрі тегін беріледі. Аталған хат­та­ма отандық емдеу мекемелерін жарақ­тан­дыру, дәрігерлермен қамтуға да мүмкіндік береді, – деді сенатор. 

Заң жобасын талқылау барысында се­натор Мұрат Бақтиярұлы атал­ған құ­жат қа­былданғаннан кейін назар ауда­рар­лық мә­селелердің бірқатарына тоқталып өтті. 

– Денсаулық сақтау министрінің бұй­рығы бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін Қы­зыл­орда облысының денсаулық сақтау субъектілеріне адам басына бекітіл­ген тариф адам басына айына 683 тең­гені құрайды. Жүйелі жан басына шақ­қандағы норматив бойынша амбула­торлық-емханалық кепілдік берілген тегін медициналық көмек респуб­ли­ка­лық бюджеттен беріледі және оның ішіне барлық коммуналдық шығын­дар кі­ріс­­тірілген. Алайда Байқоңыр қаласы­на көр­сетілетін коммуналдық қызмет Ресей тарапы бекіткен тарифтермен төленеді. Қазіргі уақытта Байқоңырдағы коммуналдық қызмет бағасы Қызылорда облысының тариф­тері­мен салыстырғанда да бірнеше есе қым­бат. Мысалы газдың бір текше метрі Қы­зылорда облысында 21 теңге болса, Бай­қоңырда 700 теңге – 34 есе қым­бат. Судың бір текше метрі Қызылорда облысында 95 теңге болса, Байқоңырда  479 теңге – 5 есе қымбат. Жылу – 

4 есе, электр энергиясы 1,7  есе қымбат. Нәтижесінде, Байқоңыр қаласындағы ем­хана 2017 жылды 68 млн теңге  шы­ғынмен аяқтаса, осы жылдың қаңтар-ақпан айларында 30 млн теңге шығынға батты, – деген сенатор М.Бақтиярұлы Байқоңыр қаласының ерекше мәртебесін ескере отырып адам басына шаққандағы нормативті ұлғайтуды сұрады. 

Көршімен байланысты реттейтін құжат

Ал «1996 жылғы 12 маусымдағы Та­быс пен мүлікке қосарланған салық салу­ды болдырмау туралы Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының Үкіметі мен Өзбекстан Рес­публикасы Үкіметінің арасындағы ке­лісімге өзгерістер мен толықты­ру­лар енгізу туралы Қазақстан Респуб­лика­сының Үкіметі мен Өзбекстан Рес­публикасы Үкіметі арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Қаржы ми­нистрі Бақыт Сұлтанов қолданыстағы ке­лісімге енгізілетін өзгерістер мен то­лықтыруларға тоқталды. Ол хаттаманың басымдықтарын атап өтті. 

– Хаттаманың негізгі басымдықтары біріншіден, алдағы уақытта са­лық­тың барлық түрлері бойынша ақ­па­рат алмасуды қалыптастырып, са­­лық қызметтері арасындағы ынтымақ­тастықты одан әрі нығайту. Екіншіден, екі елдің ішкі заңнамасында көзделген салық төлеуден жалтаруға қарсы шараларды қолдану және заңды тұлғалардың қосарланған резиденттік проблемаларын шешу. Үшіншіден, кейбір қызмет түрлерін жүзеге асырған кезде олардың табыстарына бірінші күннен бастап салық салу, – деді Қаржы министрі.

Б.Сұлтанов сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттық жайына да тоқталды. Оның айтуынша, екі елдің тауар айналымы жоғары деңгейде сақталып отыр. Атап айтқанда, 2017 жылы бұл көрсеткіш шамамен 2 млрд АҚШ долларын құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 31 процентке өскен. Биылғы жылдың бірінші жартысында тауар айналымы 1,2 млрд АҚШ долларына жетіп, былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 35 процентке артқан. 

Еліміз Өзбекстанға негізінен бидай, бидай ұны, рудалар мен мырыш қосындыларын экспорттауда. Ал импортта негізінен табиғи газ, көкөністер мен жемістер  басымдыққа ие.

Жоғарыда аталған заң жобалары қа­был­дағаннан кейін сенаторлар Элек­тронды жүйенің пайдаланылуын және оған қызмет көрсететіндердің жұ­мы­сын бақылау жөніндегі комиссия құрды.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»