Тарих • 07 Қыркүйек, 2018

Дәурен Абаев. Келешекке көпір

494 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл біздің ел – Астана күнін атап өтті. Арқаның төсіндегі елорданың 20 жылдығы ерекше сән-салтанатымен есте қалды. Көктемдегі қызғалдақтай жайқалған бас шаһар қандай құрметке де лайық. 

 

Дәурен Абаев. Келешекке көпір

Жиырма жылдың ішінде адам танымастай құлпырған қаланың сан-түрлі теңеулері де ғажап. Бас қалаға айтылған теңеулердің арасындағы көңілге қонымдысы – «Астана – Еуразияның інжу-мар­­жаны». Шынында да, Ұлы Даланың бас шаһары табиғи мар­­жандайын жылдан-жылға түр­леніп, нығайып келе жатыр. 

Президенттің Астананы Арқа даласына көшіруі уақыт талабына сай жасалған нақты қадам, оң шешім. Қазір ерке Есілдің жағасындағы елорда өзіне жүк­тел­ген міндетті асқақ абыроймен атқарып отыр. Жиырма жыл бұрын бұл бастамаға сенімсіздік танытып, күмән келтіргендер де болды. Өйткені әлеуметтік-экономикалық дағдарысты басынан өткерген елдің астанасын ауыстыру оңай шаруа емес еді. Ас­тана қарапайым әкімшілік орта­лықтан аса алмайды деп болжа­ғандар да бар.

Алайда Астананы ауысты­ру бар­лық сенімсіздіктің сеңін бұз­ды. Бұл алдын ала есептел­ген, жан-жақты тек­серіл­ген стра­тегиялық қадамның оң нәти­жесі болатын. Мемлекет бас­шысы қоғамның қажеттілігін ескере отырып, барлық кедергі­лердің шешімін таба білді.   

Бүгінгі күні Астананың салынуы ел экономикасының жан­дануына сеп болғанын мойындамайтын адам жоқ. Арқаға қо­ныс аудару көптеген шығынға ба­тумен тең деген тұжырым айтқан­дардың да аз болмағаны анық. Қазір сандар сөйлейтін заман. Мә­селен, елорданы дамытуға жұм­салған инвестиция өзін екі жарым есеге ақтады. Астана рес­публика бюджетінің донорына, іскерлер алаңына айналды. Қазір қаланың өңірлік жалпы өнімінің құрылымындағы шағын және орта бизнестің үлесі 57%-ті құрады. Бұл еліміздің өзге өңір­лерінен көш ілгері көрсеткіш.

Ең бастысы, жаңа Астана ау­қым­ды құрылыс кешендерінен бас­тап, азық-түлік белдеуіне дейін­гі барлық аймақтың және көп­теген саланың ілгерілеуіне түрткі болды.  

Елорданың экономикалық өрлеуі кездейсоқтық емес. Бұл – Ел­басының білікті стратег ретін­дегі бағыттарының жемісі. Өйт­кені Президент үшін прагма­тизм, қоғамның әл-ауқаты, аза­мат­тардың тұрмыс деңгейін арттыру – шешім қабылдауда әрдайым ба­сымдыққа ие болып қала беретін негізгі критерийлердің бірі.  

Алайда Астананы көшіруде экономикалық қана емес өзге де құндылықтар ескерілгені белгілі. Бұл бастамаға терең үңілген адамның өз-өзіне деген сенімі артады. Өйткені жаңа қала барлық саланы қамтитын, өмірді түрлі қырынан тануға мүмкіндік беретін ауқымды жоба іспетті.   

Қазақ хандығы құрылған уақыттан бергі тарихымызда халқымыз жүзеге асырған ең айшықты әрі ғаламат құрылыстың бірі де осы Астана болып отыр.  Әрине, Кеңес кезеңінде үлкен шаһарлар салынып, қуатты индустриялық нысандар бой көтерді. Бірақ бұл құрылыстарға бүкіл Кеңес одағының мамандары атсалысқан еді.     

Дәл осындай іргелі бастамаларды өздігімізден жүзеге асыруға келгенде жүрексіну, маңызды шешім қабылдар сәтте «орталыққа» елеңдеу сияқты сезімдерді де еңсердік.  

Осындай өтпелі кезеңнің күр­делі сәтінде қолымыздан іс келетін ел екенімізді дәлелдеп шығу ауа­дай қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның өз тағдырына өзі жауап бере алатын мемлекет ретін­де аяққа тұрып кетуі де осы­ған байланысты болатын.

Астананың салынуы ұлттық-мемлекеттік құрылыстың маңыз­ды бағытының біріне айналды. Президентіміз осындай сенімді қадамы арқылы бүкіл елді алға бастады. 

Астана арқылы күллі әлемге және өзімізге бір жұдырықтай жұмылсақ биік белеске жете алатынымызды дәлелдедік. Ірі ландшафтарды, тарихты өзгерте алатынымызды көрсеттік.    

Арқа даласында сәулетімен көз сүйсінтіп өсіп келе жат­қан мегаполис біздің тарихи жады­мыздағы барлық кедергілерді жойып, қасаң стереотиптердің сеңін бұз­ды. Осылайша халқымыздың өзіне деген сенімі нығайды, арман­дары ұлғайды, кемел келешекке бастайтын даңғылға бет бұрды. Қа­зір еліміздің әр түкпіріндегі ағайын Астанаға қоныс аударып жа­тыр. Өйткені келешектің алтын көпірі дәл осы қалада деген сенім жерлестеріміздің жүрегін жаулады. 

Елорданың салынуымен бірге сана жаңғырды. Астана рухани тәуелсіздіктің де бастауы болды.  

Жаңа елорда өзіне оң әсер еткенін, оның дамуына өзінің де қатысы барын әркім де – қала құ­ры­лысына тікелей атсалысқандар  да, басқалар да өміріндегі оң өзге­рістер арқылы сезінді.  Сондықтан да бас шаһардың туған күні қазақ­стандық әр отбасы үшін қуатты ерік-жігердің, ұлттық мақтаныш пен болашаққа деген сенімнің мерекесіне айналды.  

* * *

Елдің бойтұмарына айналған, күннен-күнге жарқырап, жайнап келе жатқан Астананың ортасында жүрген біздер үшін, қаланың жаңа қазақстандық мемлекеттілікті да­мы­туға қосқан үлесін толық ұғы­ну қиындау. Алайда, еліміздің жа­ңа тарихының ең маңызды кезеңін тұтас қамтитын шежіресін келешек ұрпақ жазатынына және оның бірінші тарауы әділетті түрде «Тұңғыш» деп аталатынына се­німдімін.

Дәурен Абаев, 

Ақпарат және коммуникациялар министрі