Тарих • 07 Қыркүйек, 2018

Жамбыл Артықбаев. Ғылымның жағып шырағын

1288 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қазақ халқының мәдениеті мен ғылымының тарихында Баянаула аталатын өңірдің алатын орны зор. Ақындар дауылды жырлары мен өлеңдеріне, сазгерлер тамылжытып әндеріне қосқан Баянаула өңірінің табиғаты қандай көркем болса, ол жерден өсіп өніп шыққан адамы да өнерімен, ғылымға деген талабымен ерекше болып келеді. Бір ғана Баянаула өңірінен кешегі заманда қазақ ғылымының, әдебиеті мен өнерінің туын жоғары көтерген жүздеген азаматтар шықты. Солардың көген басында Мұса Шорманұлы сияқты ел қамын ойлаған алып тұлға тұрғанын жаңа сезініп келеміз.

Жамбыл Артықбаев. Ғылымның жағып шырағын

Қазіргі Баянаула аумағына кіретін елдің көпшілігі XIX ғ. 20-30-жылдарына дейін Есілді қуалап Қызылжарға дейін жайлайтын болған. 1822 жылғы патша өкіметінің «Сібір қазақтары туралы жарғысы» қабылданып, Орта жүз елі дуандарға бөлінгеннен кейін Ерейменнің бергі жағы, Өлеңтінің бойы, Шідерті өзені, Сарыарқаның осы тұсындағы ащылы-тұщылы көлдерден әрі ұзай алмады. Ресейдің қазақ жерінің солтүстік бөлігіне енуі, Ертіс, Есіл бойынан қазақты оңтүстікке қарай ығыстыруы, әр жерде дуан орталықтарының салынуы қазақтың көшпелі мал шаруашылығына аса қатты соққы болып тиді. Осыған байланысты қазақ қолындағы мыңғырған мал күрт азайып, жоқшылық көбейе түсті. Шоқан Уәлиханов пен Мұса Шор­­манұлының Батыс Сібір генерал-гу­бернаторының атына жазған арызында: «В старые времена, во время опустошительных войн и вседневной баранты, казахи были богаче, чем теперь, и повсеместные упадки случались редко… В эту последнюю эпоху было немало казахов, имевших 10-тысячные табуны лошадей» дейді. Бұл жерде Шоқан мен Мұсаның айтып отырғаны, әрине қазақ арасында «Бай болсаң Бапақтай бол, Азынабай, Сапақтай бол» делінетін ­байлар. Азынабай 1838 жылы қайтыс болып, сүйегін баласы Сейтен Әзіреті сұлтанға апарып қойғаны архив деректерінен белгілі. 

XIX ғасырдың 50-жылдарынан бас­тап қазақ қоғамын қамтыған дағда­рыстан шығудың жолы нақтылана бас­тады. Оның бірінші амалы заманның ағымына икемделу еді. Қазақтың тәуел­сіздік үшін жүргізілген күрес нәти­же бермеді, шаруашылық күйзеліске ұшы­рады, әлеуметтік өмірге жоқшылық кірді. Ресейдің тегеуріні күннен-күнге күшейе түсті, бірақ Ресейдің отаршыл­дық пиғылдағы әскери-жазалаушы саяса­тының ар жағында жаңа өркениет­тің елесі көрінді. Ол отырықшы тұрмыс­қа, өндіріске, егіншілікке, оқу-білімге негіз­делген күшті өркениет еді. Қазақтың ел болып, жұрт болып сақталуы үшін сол өркениеттің амал-айласын үйрену, тілін білу керек болды. Сонымен қатар оған қарсыласу үшін өзіңнің құнды­лықтарыңды да сақтау керек. Еуропа мен дәстүрлі мәдениеттердің арасын­дағы бітіспес күрес майданы қазақ еліне келді. Сол заманда үмітін болашаққа жалғаған алаш еліне шамшырақ қызметін атқарған Мұса Шорманұлының азаматтық тұлға­сын қалыптастырған осы орта еді. 

Мұса мырза қазақ тарихында бел­гілі тұлға – Мырзағұл батырдан тарайды. Ел «Айдаболда – Төлебай, Күлік­те – Шобалай, Орманшыда – Қара­бай, Қаржаста – Мырзағұл» дейді. М.Ж.Көпейұлы «осы төртеуі төрт босаға болған, жұрт аузына ілінерлік, ел ұстар­лық кісілер осылардан шыққан» дейді. Мырзағұлдан еліне құт болған алты бірдей ұл туады. Осы алты ұлдың отауы­ бір арада түсіп, қонған жері той болып, қотан толған қой болып, алты келін бір жерден, ағарып басы көрініп, ақ маралдай керіліп, біріне-бірі жарасып тұрғандықтан маңайдағы ел «бұл жердің аты  Ақкелін болсын» деп айтты дейді. Қаржастардың өз ішіндегі үлкендердің айтуына қарағанда, Ақкелін  – Шорманның бәйбішесі. Шын аты Топай екен, Ақкелін деп Топайды атаған Шоң би дейді. Заманында «Шорман бұлбұл» атанған атақты би өзінің қырық тоғыз мүшелінде қайтты, артында қалған ұрпағын тәрбиелеп, Мұсаны азамат қатарына қосқан осы Ақкелін анамыз. Бұл кісі – қазақтың кемеңгері Шоқанның анасы Зейнептің шешесі. Ақкеліннің Мұсаны туған соң өз ауылына төркіндеп баруы, Алтайдың көк мойын тұлпарынан қалған кепті алып кетуі, осылай құттың Қуандықтан Қаржасқа қарай ауған әңгімесі бар. 

Осы шаңырақта 1818 жылы Баянаула өңірінің қайта жаңғыруына, рухани түлеуіне басшы болған Мұса Шорманұлы дүниеге келді. Әкесінің көзі тірісінде Баянаула дуанына енген Қаржас-Құлеке болысын басқарған Мұса Кенесары қозғалысына байланысты біраз жыл үзілістен кейін 1840 жылдан бастап дуанның қазылық (заседатель) қызметіне кірісті. Мұса Шорманұлы туралы алғашқы естеліктің авторы Д.Путинцев ол болыстық қызметке 1833 жылдың 2 қыркүйегінде, ал қазылыққа 1841 жылдың 2 желтоқсанында бекітілді деп жазды. Мәшһүр «он төрт жасар күнінде, сайлаған екен болысқа», «жиырма екі жасында, қазылық үкімін жүргізген» деп Д.Путинцевтің жазғандарын нақтылай түседі. Мұса Шорманұлының алғаш рет аға сұлтан болып сайланғаны – 1850 жылдың 5 желтоқсаны, осылай 1851 жылдың 24 желтоқсанына дейін бір жыл қызмет істеді. 1853 жылдан бастап Мұса мырза Баянаула дуанының аға сұлтандығына біржолата кірісті. 1854 жылдың 2 қыркүйегінде осы қызметіне бекітіліп 1868 жылға дейін, яғни дуан жабылғанға дейін қызмет атқарды. Патшаның жарлығымен 1869 жылдан бастап қайтыс болғанға дейін Батыс Сібір генерал-губернаторының жанында Орта жүз қазақтары бойынша кеңесшілік қызмет атқарды. Г.Н.Потаниннің «В Омском краю он считался одним из уважаемых, почетных людей, глубоко владеющих знаниями о жизни казахов. В архиве Омской канцелярии можно найти записки Чокана записанные со слов М.Чорманова – трактаты по судебным делам и о хозяйстве казахов» дейтін себебі осы. 

Мұса Шорманұлы ел билігіне ерте араласты. Әуелде ауыл молдасынан тәлім алып, хат таныған Мұсаны әкесі Шорман Омбыдағы екі жылдық әскери училищеде оқытады. Бұл кейін кадет корпусына айналған Сібірдегі бірден-бір ірі оқу орны еді, бірақ Баянда дуанның құрылуы, ел билігі үшін күрес, сол кездегі қазақ қоғамында өрістеген азаттық қозғалысы Мұсаны елге қайтарды. 1837 жылы әкесі Шорман қайтыс болғанда Мұса жиырмаға толмаған жас жігіт еді, бұғанасы қатпаған күнінде ел тіршілігіне араласып кетті. 

Осыған байланысты ел арасында жүрген мынадай бір әңгімені еске түсірген ләзім. Мұса мырзаның Кенесары көтерілісіне өз ағайындары Жанайдар батыр, Азынабай балалары Сейтен мен Тайжандардан кейін қосылғаны мәлім. Жас та болса елді қырғынға ұшыратып аламын ба деген жауаптылық Мұсаның жүрегінен кетпеген сияқты. Кенесарыға қосылғаннан кейін де ханның жандайшаптарының әр­түрлі басбұзарлықтарына наразылығын білдіріп отырды. Д.Путинцевтің жазуына қарағанда, Мұса Шорманұлы Баянауладан тұтқынға түскен тілмаш Бутаковты қашырып жібереді. Тағы бірде Кенесарының ел шапқан нөкерлері ханға сауға деп сұлу келіншек пен бойжеткен қызды алып келеді. Мұса осы екеуін ханның төлеңгіттерінен күшпен тартып алып, өзінің шапанын, жібек бешпетін үстеріне жауып, бөлек үйге түсіріп, кемпірлерге бақтырып кейін елдеріне аман-есен қайтарады.

Осылардың бәрі жинақтала келе Мұса мырза Кенесары алдында жазалы болып, ханның қаһарына ілінеді, қараңғы үйге жауып тастайды. Өлім жазасын күту оңай емес, Мұса ауырды дегенді естіп бүкіл Қаржас ақ қасқа, көк қасқасын айтып қойдай маңырап, қозыдай шулайды. Көтеріліс жайына қалып, ел ішінен бұзыла бастайды, батырлар ханнан Мұсаны босатуды талап етеді. Баянаулаға қайтқан соң да Мұсаның екі оттың ортасында жүргенін 1842 жылы ресейліктердің оған берген мінездемесінен де көруге болады: «Муса, сын Чормана, бий, 26 лет. Горд, хитрый, мстительный и корыстолюбив...1838 году с волостью удалялся к мятежному султану Кенесары Касымову, в 1839 году возвратился, со времени возвращения хотя под судом не был, но по характеру его сомнителен к преданности российскому правительству. Летние кочевки не северо- западе, по речкам Чидерте, Селете, Уленте и Коме, зимние – на урочищах Мурзагул тас в 60 верстах, и Кызыл Чилике в 4 верстах от приказа». 

Ресейде 1861 жылдан (шаруаларды басыбайлықтан босату) басталған реформалар Қазақстанды да қамтыды, соның бір көрінісі, Ш.Уәлиханов өзінің пікірін білдірген сот ісінің реформасы. Капитализмнің даңғыл жолына түскен Ресей өнеркәсібі қазақ жерін, кең байлығын игеруді жоспарлады. Оның үстіне Ресей жер реформасын дұрыс шешпей, әдейілеп, қазақ сахарасына қарашекпенділерді қаптатты. Міне, осы шақта далалық алқапта аяқасты қалған елдің жүгі өз ішінен шыққан Мұса Шорманұлы сияқты азаматтарына түсті. Ол жалғыз емес еді, оның заманында ел деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген Құнанбай, Алшынбай, Ыбырай сияқты көсемдер шықты. Бірде Қаракесек-Сарым Жанғұтты би Түркістан жақта қоңырат Сапақ баласы Имамберді датқамен Үйсін Төле бидің билік айтып, төрелік берген төбесінде мәжілісте отырып, «Арқада кім бар?» дегенде: «тобықты Құнанбай, қыпшақ Ыбырай, төртуыл Мұса – осы үшеуі қазақ маңдайына қалай сыйып жүргеніне айран-асырмын», – десе, Ұлы Абай «Мұса мырза жаңа туып келе жатқан заманның қатпарлы құбылыстарын дәл түсінген жан» деген екен.

Шаруашылық тығырықтан елді алып шығудың жолы жаңа кәсіптерді, егіншілікті игеру, қыстау салу деп елге үлгі көрсеткен Мұса мырза, рухани күйзелістен шығудың басты жолы ісләм діні деп түсінді. ХVIII-ХІХ ғғ. басында қазақты мұсылман елі, тіл табысудың бір жолы ісләм діні деп жоспарлаған Ресей үкіметі дінді қолдады, ал XIX ғ. ортасына қарай діннің отаршылдыққа қарсы бағытталып, ұлт-азаттық идеяларына тамызық болып отырғанын анықтаған соң, қудалау басталды. Сол себепті мешіт салу, медресе ашу, Меккеге бару үлкен қиыншылықтармен іске асушы еді. Кейін келе үкімет медресенің өзінде орыс тілі оқытылуы керек деген ережелерді шығарды. Осыған қарамастан, ел көсемдері өршелене ісләм үшін күресе түсті. Отаршылдық бұғауда тұншыққан қазақтың адамгершілігі мен рухын сақтап қалудың екі жолы бар болса: бірі – білім, бірі – дін. Мұса мырза сол заманда Баянның көзі ашық Секербай Малгелдіұлы сияқты азаматтарымен бірлесіп әуелі дінді бекітуді қолға алыпты. Бұл әңгімелердің бірқатары Мәшһүр жазбаларында орын алған: «Мұса, Секербай заманында Құлболды, Қаржас көзге бір көрінді. Бұхарай-Шәріптей шаһардан Қоңырбай деген халфе Мұса, Секербайдың даңқына ғашық болып, Сарыарқаға келіп, Баянаулада Қызылтас деген жерде халфелік дүкенін құрып, мүрид басты, сонда Қаракесек, Сүйіндік тегіс құлап алдына жиылды... Баянаула қаласына Қамараддин ахунды орналас­тырып, Мұса мырза қырық тоғыз жасында өзі Мұхтасар, Луқая илан Тәпсір тәбианнан сабақ алды. Мұса бас болып оқыған соң, Сүйіндіктің жастары мұрыны тесілген тайлақтай елпілдеп, кәрілерінің үкінің жүніндей сақалдары желпілдеп бір-бір кітап қолдарында, теп-тегіс Құдайдың бұйырған жолдарында болды. Мұса, Секербай төбесіне көтерумен халық шынымен құлап, көте­ріп алып кеткендіктен, сондай бір жақсы заман болды. Бұл – Мұса, Секербай зама­нындағы ерлердің қылған істері».

Мұса мырзаның екінші бір атқарған ісі – еуропаша білімнің шырағын жақ­ты. Ол отарлық бұғауына түскен ха­лық үшін қатал уақыттың азабынан құтылудың жалғыз ғана жолы – ағартушылық деп таныды. Қазақтың жартылай көшпелі өміріне бейімделген гимназиялар ұйымдастыру идеясын ұсынды. 1865 жылы Омбы қаласында Мұса қатысуымен болыс кеңселері қыз­меткерлерін даярлайтын қазақ мектебі ашылады да, ол әр болыстан екі баланы міндетті түрде қала мектебіне жіберуді қадағалады. Қазақтың талай таңдаулы азаматы өсіп шыққан Баян қаласындағы екі кластық қазақ-орыс училищесі де Мұса Шорманұлы сияқты халқымыздың кемеңгер азаматының елге жасаған бір жақсылығы. Патша өкі­метінің отаршылдық саясатымен күресте Мұса мырза қазақты тәуелсіздікке, тең­дікке жеткізетін тек ғылым-білім деп таныды.

Мұса Шорманұлының өз еліне деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығын, жан күйзелісі мен күпті көңілін Г.Н. Потанинге «Білім және ғылымды игермесе, қазақ халқынның болашаққа деген сенімі болмайды» деп жазған хатынан байқаймыз. Тек Г.Н.Потанин ғана емес, қазақ халқының тарихы мен этно­графиясына қызыққан ресей­лік талай мықты оқымыстылар мен шенеуніктер Мұсамен кеңесіп отырған. Өзі де қазақ халқының салт-дәстүрлері мен шаруашылығы туралы «Семи­палатинские областные ведомости» (Омск, №32-37,1871), «Сельское хозяйство и лесоводство» (СПб., 1883, ч. 1422, № 1), «Записки Западно-Сибирского отдела Императорского русского географического общества (Омск, 1906, вып. XXXII) газет-журналдарына көлемді мақалалар жариялады.

Баянаула округіне ХІХ ғасырдың 60-жылдардағы реформасына дайындық комиссиясын бастап келген А.К.Гейнс Мұса Шорманұлының біліміне, ой-өрі­сіне таңғалып «Сібір қазақтары туралы ең маңызды этнографиялық мәлі­меттерді тек қана Шыңғыс Уәлиха­нов және Мұса Шорманұлы баяндай алады» дейді. Мұса Шорманұлы қазақ­тың қолданбалы өнері және фольк­лорлық мұраларын жинап, Санкт-Петер­бург пен Еуропада көрмелерін (1861 және 1867 жж) өткізуге белсенді араласты. Бұл туралы ақпарат бүгінгі күнге дейін Санкт-Петербург және Омбы мұрағаттары мен музейлерінде сақтаулы. Мұса Шорманұлы 1876 жылы Петербургте өткен ориенталистердің үшінші конгресіне қатысты.

Шоқан Уәлихановтың тұлға ретінде қалыптасуына да Мұса Шорманұлының да сіңірген еңбегі аз болған жоқ. Олар тек қана туыс емес, сонымен бірге пікірлес те болды. Жиенінің әрбір келелі істерінен өз идеяларының да жүзеге асып жатқанын көріп, нағашы ағасы оны ыстық ықыласпен жақсы көрді. Өзінің достарына жазған хатында Ш.Уәлиханов нағашы ағасын «сирек кездесетін керемет адам» деп атаған. Белгілі ғалым Ә.Х.Марғұлан өзінің бір еңбегінде Ш.Уәлихановтың Мұса Шорманұлына жазған 30 хатын оқығанын жазады. Хат­тардың бәрі де «Аяулы мырза ағамызға» деп басталған. Шоқанның ерте қайтыс болғанына қатты қайғыра отырып, Мұса Шорманұлы көп жылдар бойы Омбы әкімшілігіне ғалымның қабіріне ескерткіш тұрғызу туралы өтініштер берді. Оның бұл ізденісі 1880 жылы орындалды. 

Өкінішке қарай, Мұса Шорман­ұлының қызметіне Кеңес тарихшылары мен әдебиетшілері «патшалық Ресейдің отарлау саясатына қызмет қылған да­ланың шынжыр балақ, шұбар төс шонжары» деген біржақты баға беріп келді. Мұса Шорманұлы тұлғасының ауқымдылығын оның заманның бет алысын болжаған істерін айқындап түсінбейінше, толықтай танып білу, ұғыну мүмкін емес. Отарлау үстемдігі күшейіп келе жатқан шақта халықтың тұлғалы ұлы ұлттың рухани болмы­сын сақтау үшін олар отарлық жүйе­мен ымыралы келісімге иек арт­қанын айту керек. Мұса мырзаның болашақтың күре жолына сай жаңа құндылықтарды ұсынғаны айтылмады. Мұса Шорманұлы үшін билік – қазақ ұлтын сақтау және дамыту идеяла­рын өмірде іске асыруға пайдаланған қаруы еді. 

Мұса Шорманұлы 1884 жылы 26 жел­тоқсанда Омбыда қайтыс болады. 1885 жылдың 18-23 шілде аралы­ғында Шүршітқырған деген жерде мың­даған адам қатысқан асы берілді. М.Ж.Көпейұлы Мұса Шорманұлын «Айдынды шалқар теңіздей ақылға дана, кен еді» деп ғажап жоқтау шығарады. Мұса Шорманұлының ағартушылық жолын өзінің бел баласы Сәдуақас бастаған, мыңдаған қазақ азаматтары қостаған зиялы қауым жалғастырды.

Жамбыл Артықбаев,

тарих ғылымдарының докторы,

профессор