Әдебиет • 07 Қыркүйек, 2018

«Қазіргі орыс әдебиетінде Белинский жоқ» - «Литературная газетаның» бас редакторы

517 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Литературная газетаның» бас редакторы Максим Замшевтің сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

«Қазіргі орыс әдебиетінде Белинский жоқ» - «Литературная газетаның» бас редакторы

– Ресейде қазіргі әдеби көңіл күй қалай?

– Әдебиетке деген қызығу­шы­лық бұрын қандай болса, қазір де сол қалпында қалды. Тек оны бақылап отыру қиындап кет­ті. Негізі әдебиетке қызығу­шы­лық тек кітап саудасымен өл­шен­­бейді. Бұрын өмір сүруге қара­­ған­да кітап оқу қызық еді. Өйт­кені өмір бір нормада, қалыпты жағдай­­да өтіп жататын. Қазір ақпарат­­тық кеңістік үлкейді, өмір сүру алаңы да кең. Бәлкім, әде­биет барлық дүниенің орнына жүр­ген­дей уа­қыт емес шығар, бірақ осы күнгі ақпарат әлемінде кітап оқып бағыт-бағ­дар алатын оқыр­мандар аз емес. Біз осыны түсінуіміз керек. Әдебиет өз хал­қының жүрер жолын, кешер тағ­дырын бәрібір ек­шеп отырады. 

– Ресейде қазір жастарға ар­нал­ған қандай бәйге, сы­йлықтар бар?

– Жастарға арналған «Лицей» сый­лығы бар. Әр жанр бөлек аталым бойынша жүреді. Мара­паттау салтанаты ерекше түрде жыл сайын, Пушкин күндерін­де ақынның туған күні – 6 маусым­да өтеді. «Орыс ырғақтары» деген жақсы жоба бар. Ол да жастар­ға арналған. Осы жылы Петер­борда өтті. Ірілі-ұсақты әртүрлі бәй­­­гелер бар. «Ли­тературная газе­­­та­­ның» жас­тар­ға арнаған «Дельвиг» байқауы бар. 

– Ақшалай сыйлығы бар ма?

– Әрине, ақшалай сыйлығы бар. Кей байқаулар кітап шыға­рып береді, кейбіреуі тек құрмет грамота­сымен шектеледі. Бірақ ең бас­тысы, бұл бір күнде өтетін бай­қау­лар емес. Дәстүрі, салмағы бар шаралар.

– Аударма жағдайы, орыс әдебиетін әлем тілдеріне аудару ісі қалай?

– Аударма ісі – үлкен қаржы­лай көмекке зәру бағыт. Орыс әде­биетін шетел тілдеріне аудару үшін Ресейдің де ара­лас­қаны керек. Бізде аударма ісі біршама қарқынды жүріп жатыр. Соншалықты көп ақша бөлінбейтін шығар, бірақ бәрібір орыс әдебиетіне деген қызы­ғушылық әлемде бар деп ой­лай­мын. Ресейге деген әртүрлі сая­си көзқарастарға қарамастан, орыс әдебиеті әлемде өзінің орнын жоғалтпайды.

– Өзіңіз де аудармамен айналысасыз ғой?

– Мен көркем аудармамен де, жолма-жол аудармамен де айналысамын. Қазір Янка Купаланы аударып жатырмын. Қазақ ақыны Ардақ Нұрғазының өлеңдерін аудардым. Өзіндік нәзіктігі мен ерекшелігімен баурады.

– В.Пелевин, З.Прилепин, Д.Быковтарға деген көзқара­сы­ңыз қалай?

– Олар атақты, белгілі жазушылар. Бірақ кітап саудасы әде­биеттегі болып жатқан жағ­дайды, көзқарасты нақты жеткізе алмайды. Нарықтың, кездейсоқтық­тың элементтері бар. Михаил Тар­ков­ский деген жазушымыз Захар Прилепиннен кем емес, мысал үшін. Бірақ ол атақты емес Захар секілді. Сібірдің бір ауылында тұрады, жарнамамен де шаруасы жоқ. Бірақ жаман кітапты ешкім сатып алмайды ғой. Тек жақсы кітаптар көп болғанын қа­лайсың. 

– Әдеби сынның жағ­дайы қалай?

– Әдеби сын әде­биеттің сал­мағын ай­қын­дай­ды. Ресейде әдеби сын әртүрлі көзқараста. Түр­лі топ, түрлі көз­қарас бар. Әр топтың өз Пуш­кині, өз лидері бар. Әртүрлі ағымдар бар. Өз аймағында мықты білетін сын­шылар бар. Біреу постмодерн, біреу поэзия, біреу прозаны жазады. Бірақ Ресейдегі әдеби жағ­дайды толық бағалап, пікір айтатын Белинскийіміз жоқ. 

– Әдеби газеттің қызмет­кер­лерінің арасында қанша сыншы бар?

– Көп сыншыларды газетке тартуға тырысамыз. Ешкімді шектемейміз. Тұрақты жазып тұра­тын авторларымыз бар. 

– «Апта кітабы» деген айдар­ларыңызға кітапты қалай таң­дайсыздар?

– Ол редакция таңдауы. Нақты сол аптаның мықтысы шығады деген сөз емес. Өзімізге ұнаған, көп ешкім біле бермейтін, лайықты кітаптарды шығаруға тыры­самыз. Кітаптар әртүрлі жанр­да болады. 

– Сіз музыкалық білім алды­ңыз ғой, қазір музыкамен айналысасыз ба?

– Бұрын оқыдым. Жазғанмын, қазір музыкадан алыстадым.

– «Ақ ордалы Астанам» фес­ти­валі туралы бір-екі ауыз сөз айт­саңыз?

– Бұл – өте маңызды жоба. Адамзат арасындағы қайшы көз­қарас­тарды қансыз шешетін – әдебиет. Әрине, әртүрлі ақындар жиналды. Әртүрлі көзқарас болады. Бірақ мұның бәрі әдебиет үшін керек. Осындай шараларды қолдап отырған Қазақстан билігіне ризашылық білдіремін. Архитектуралық ерекшелігімен көзге түсетін Астананың өз әде­биеті жазылатынына сенемін. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»