Әдебиет • 07 Қыркүйек, 2018

Көркемсөз хақында «Ақ ордалы Астана» поэзия кешіндегі ой

626 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әдебиет деген не? Күнкөріс үшін жазыла ма? Егер түбінде пайда көру мақсаты жоқ бір шығарма дүниеге келсе ше? Демек, ақшамен өлшенбейтін дүниені өліммен де өлшеуге болмайды.

Көркемсөз хақында «Ақ ордалы Астана» поэзия кешіндегі ой

Бір кездері Қытайда «бүкіләлемдік әдебиет» деп таныған әдебиет қазір әлем әдебиеті болып өзгерді. 1900 жылы сегіз мемлекеттің альянсына кірген Жапония, Ресей, Ұлыбритания, Франция, АҚШ, Германия, Аустро-Венгрия, және Италия мемлекеттері. Жуырда Андре Жид, Исикава Точиги, Д. Лоуренс, Уилл Гом­перц, Вальтер Беньямин, Ева Герольд, Ум­берто Эко шығармаларын оқыдым. Деген­мен бұл мәдениет төңкерісі кезіндегі үш мем­лекет­тің (Вьетнам, Солтүстік Корея, Албания) ғана әдебиетінен тұратын «әлем­дік әдебиет» түсінігіне қарағанда жақсы.

* * *

ХХ ғасырдың басында Лу Шин мен Мао Дуньның тірі күнінде әлем әдебиеті деген түсінік мүлде өзгеше болатын. Қыспаққа ұшыраған Аустралия, Дания, Эстония, Литва, Чехословакия, Румыния, Малайзия, Болгария, Португалия, сонымен қатар Азия мен Латын Америкасы­ның көптеген елдерінің әдебиетін 1949 жылы ҚХР құрылғаннан кейін ғана айта бас­тады. 

Өз басым 1966 жылы мәдениет төңкерісі қызған шақта әлем әдебиетінің бір бөлігі өртелгенін көрдім. Мектептегі тәртіпке бағынып, әкемнің кітаптарын алып макулатураға өткіздім. Есімде қалғаны: оның арасында «Тынық Дон», Крыловтың мысалдары сияқты кітаптар болды. Көбін ұмыттым. Сол кездері В. Кочетовтің «Ағайынды Ершовтар», Ф. Гладковтың «Цемент», В. Кетлинскаяның «Мужество» романдарын оқыған едім. Осының бәрі мені ерекше әсерде қалдырды.

* * *

80-жылдары Қытай әлемге есігін ашқанда, халық өзіне таңсық жаһанға ақылсыз, бағдарсыз ұрынды. Әрине, мен де ол толқыннан тыс қалған жоқпын. Дегенмен 90-жылдардың басында мен Аустралияға кеттім. Ол жерде ағылшын, америка әдебиеттері бойынша бакалавр білімін алдым. Магистрлік тақырыбым Аустралия әдебиетімен байланысты болғандықтан сол жерде қалып, білімімді жалғастырдым. Сол жерде ұзақ тұрып қалғандықтан әлем әдебиетінің бір бөлігі саналатын қытай әдебиетінен алыстай бас­тадым.

Дегенмен мен қытай тілінде де ағылшын тілінде де жазатын ақын, жазушы болдым. 

* * *

Әдебиет туралы ойым Аустралияға барғанда өзгере бастағандай болды. Жазушы һәм оқырман ретінде мен бір елді оның әдебиетін оқығанда ғана танимын. Әдебиетін білмей тұрып, көзбен елестетіп ештеңе де айта алмаймын. Әдебиетін оқып, ақын-жазушыларымен араласып, жаңашыл, әдеби тәжірибеге жиі баратын қауыммен етене танысып, өлеңдерін, әңгімелерін аудара бастағаннан кейін маған бөтен әлем есігін аша бастайды. WeChat желісіне арнайы топ құрып, пікірлерімізді де ашық, әрі айқын жазып отыруға тырысамыз. 

Өлең көкжиегі біз ойлағанға қарағанда кең, шексіз. Өлеңнің түрі көп: қара өлең, ақ өлең, әлеуметтік өлең, екі тілді және экрафтық, пиньиньдік өлеңдер бар. Баллада, поэма бар. Осы поэзияның бәрі қаламмен де, компьютермен де, аудио және видео түрінде де жазыла береді.

Бұл қазіргі Қытай мен Аустралия әдебиетіне ортақ құбылыстар. Бір жағынан қазіргі Қытайда жарияланып жатқан шығармалар партия мен билікті мақтайтын, сезімтал стильде жазылған, тарихи, сая­си жағдайларға көз жұма қарайтын де­ко­­ративті өлеңдер. Ал Аустралияда сый­­лыққ­а неолибералды көзқараспен қа­рай­­ды. Егер кітап жүлде алса қатал эко­но­­ми­калық климаттан өте алады. Ал жүл­де алмаса, көңіл бөлінбей ұмыт қала бере­ді. Соңғы жетістіктің өлшемі ретін­де Nielsen BookScan-ды айтуға болады. Ол жерде кітаптар туралы барлық ақпа­рат сақ­тал­ған. Баспагерлер соған қарап кітап­тар­ды қайта басып шығуға бола ма, жоқ па де­ген сұраққа жауап іздейді. Енді біз әде­биет­­тің болашағына ақша болып аттаймыз, ақ­шамен есептейміз. Қорқынышты сияқты...

* * *

Өз кітабыңды өзің шығару статус-квоға ие жазушылар үшін үміт сыйлайды. Қытайда өзің кітап шығарсаң, халықаралық нөмір ала алмайсың. Себебі ол өте қатаң бақылауда және қымбат. Әдетте 20-30 мың юаньды бір кітап нөмірі үшін төлейсіз (Бұл шамамен 1-1,5 миллион теңге көлемінде). Бірақ ақындар «заңсыз кітап шығару» жолымен жариялылық көріп, соны сатып, күн көріп келеді. 

Аустралияда жағдай еркіндеу. Қанша кітап шығарам десеңіз де еркіңіз, бірақ кітабыңыз сыйлық алмаса, гаражда жатқан үйіндіге айналуы мүмкін. 

* * *

Мен енді музыкаға қызығып жүрмін. Бірақ жазуды ұмытардай емес. Енді Қазақстан әдебиетіне жақындап келемін.

* * *

2011 жылы Цинхай аралында өткен үшінші поэзия фестиваліне тұңғыш рет қатыстым. Сол кезде әр елдің ақындарымен таныстым. Әрине, олардың арасында қазақ ақыны да бар еді. Ол жердегі көңіл күйді, әсерді ұзақ айта беруге болады. Бірақ мен нақты екі нәтижені айтқым келеді. Біріншісі, менің өлеңдерім эстон тіліне аударылып басылды. Екіншісі, мен қазақ ақынының өлеңін қытайшаға да, ағылшыншаға да аударып, Қытайда жарияладым. 

* * *

Сол фестивальде жолықтырған көп ақынның түрі, аты есімде қалған. Тек бір ақын ғана есімде сақталмапты. Ол қазақ ақыны – Ардақ Нұрғазы болатын. Тек екі жылдан кейін электронды пошта арқылы хабарласып, жеті жылдан кейін ғана сол фестивальде бірге болғанымызды еске салды. 

Ардақтың алғашқы мен аударған бес өлеңі Cordite Poetry Review әдеби-онлайн жур­налында жарық көрді. Екі тілді форматта, қытайшасы мен ағылшыншасы қатар тұр­ды. Маған Ардақтың поэзиясындағы образ байлығы, көркемдігі және таңғаларлық мета­форалары ұнайды. Оның өлеңдерінде ай­қын және жасырынып жатқан сырлары көп. 

* * *

Уақыт өте келе Бақытжан Қанапиянов­пен таныстым. Оның өзінен бұрын поэзиясына, өміріне қаныққан едім. Жас күнінде бокспен шұғылданып, екі рет Қазақстан чемпионы болыпты. Бірақ ол өлең жазғанда боксшыға ұқсамайды. Нәзік және салмақты жырлар жазады. 

* * *

Менің аудармаммен оның жеті өлеңі «Шилин» (№ 4, 2016) журналында жарық көрді. Бір жылдан соң сегіз өлеңін екі тілге аударып, «Шии-вэньсю» журналында басылды. Бақытжанның өлеңдерінде тарихи ауыр мұң, бәлкім, салмақ, абсурдтық сезім бар. Тіршіліктегі ойы адам жанын ерекше толқытады. Оның өлеңдерін қытайша оқығанда қазақ рухы бейне бір көз алдыма атқып шыққандай болады. 

* * *

Екі ақынның өлеңін қытай, ағылшын тіліне аударған елдің астанасына келдім. Осы елді, жерді көруге ерекше ынтығып, асығып келгенімді жасырмаймын. Бәлкім, осы «Ақ ордалы Астанам» фестивалінен соң көптеген қазақ ақындарымен тығыз шығармашылық қарым-қатынас жасайтын шығармын. 

Келгеніме, көргеніме, білгеніме қуаныштымын. 

Оуянг Ю, ақын, жазушы, аудармашы (Аустралия)

Аударған 

Білім АРЫҚБАЙ