Қазақстан • 07 Қыркүйек, 2018

Сенаторлар медиацияны дамыту мәселелерін талқылады

349 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті Атырауда еліміздегі медиация саласын дамыту мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізді.

Сенаторлар медиацияны дамыту мәселелерін талқылады

Комитет аймаққа сапардың алғашқы күні «Дауласушылылықты төмендетудегі медиация рәсімінің рөлі» тақырыбы бойынша Сенатта 2017 жылғы 25 қазанда өткен дөңгелек үстелдің ұсынымдарын іске асыру нәтижелері туралы көшпелі отырыс өтті. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының, Қазақстан Жоғарғы Сотының, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен жұмыс бабындағы кездесу болды.

Комитет төрағасы Г.Ким кездесуді аша келіп, Қазақстанның сот төрелігі жүйесінде медиация институтының рөлін атап өтті. Негізгі баяндама жасаған сенатор В.Волков Үкіметтің осы саладағы жұмысы мен медиация рәсiмдерін жүзеге асыру барысын сынға алды және уәкілетті мемлекеттік органдардың арасындағы күш-жігерді үйлестірудің жетімсіздігі туралы мәселелер айтылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Л. Прокопенко, еліміздің Жоғарғы Сотының судьясы Ұ. Сүлейменова, Әділет министрінің орынбасары Э. Әзімованың және тәжірибелі медиаторлардың баяндамалары тыңдалды.

Комитеттің көшпелі отырысының барысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың дауларды сотқа дейінгі реттеу әдістерін дамыту қажеттігі туралы айтқан тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелерін сенаторлар жан-жақты талқылады. Айтылған ұсыныстар медиацияны одан әрі дамыту бойынша заң шығару жұмыстары барысында ескерілетін болады.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің көшпелі отырысының қорытындысы бойынша Үкіметтің медиация саласындағы бұдан былайғы жұмыстарына қорытынды берілді.

Жұмыс бабындағы кездесуде медиация туралы қолданыстағы заңнамаға қажетті өзгерістер талқыланды. Салалық мекемелерде жаңа «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыстар қолға алынды. Ондағы түзетулер неке және отбасы, мұрагерлік, жұмыспен қамту, әлеуметтік, көршілер мен жер дауларына қатысты азаматтық және қылмыстық істердің жекелеген санаттарына медиацияны міндетті түрде пайдалануды ұлғайтуға бағытталған болады.

Пікірсайысты сенатор Г.Ким қорытындылады. Оның айтуынша, айтылған ұсынымдар медиация саласын реттейтін заң жобаларын қарастыру барысында пайдаланылатын болады.

Сол күні депутаттар Атырау қаласындағы Құқық қорғау қызметін көрсету орталығына барып, оның техникалық жабдықталуымен танысты. Прокурорлар, адвокаттар және медиаторлармен әңгімелесу барысында сенаторлар қылмыстық заңнамадағы өзгерістер мен жаңалықтар және дауларды шешудің балама әдістерін кеңейтудің келешегі туралы айтып берді. Орталық медиаторларын осы сала қызметтерін ұсыну стандарттары қызықтырды.

Атырау облысына сапар аясында депутаттар «Жігермұнайсервис» серіктестігі мен Атырау мұнай өңдеу зауытында болып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Сенаторлар жұмысшылардың еңбек жағдайымен танысып, еңбек дауларын шешудегі медиация мүмкіндіктері туралы хабардар етті.