Аймақтар • 07 Қыркүйек, 2018

Таразда Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің 100 жылдығы тойланды

1107 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сонау аласапыран соғыс жылдары оқ пен оттың ортасынан аман оралып, халқына қалтқысыз еңбек сіңірген партизан жазушы, Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов биыл жүз жасқа толды. 

Таразда Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің 100 жылдығы тойланды

Көзі тірісінде аңызға айналған абыз тұлғаның тағдырлы бейнесі әрбір қазақтың көз алдында. Қараорман қазаққа ортақ ғазиз тұлғаның өмірден өткеніне он жылдай уақыт болса да, халқы оны әлі күнге дейін сағына еске алады. Батыр өзінің «Жау тылындағы бала» атты шығармасында соғыс қасіретін бейнелей отырып, өзінің тағдырын ашып жазады. Өрімдей кезінде өртке оранған майдан шебіне аттанған Қасымның Украина даласында қайталанбас ерлік көрсеткені тарихтан белгілі.   

Барша қазаққа ортақ тұлға Қасым Қайсеновтің жүз жылдық мерейтойы бүгін Тараз қаласында тойланды. Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған даңқты тұлғаны еске алу кеші М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінде өтті. Әуелі көпшілікке Қасым Қайсенов өмірінен сыр шертетін деректі фильм көрсетілді. Бұдан кейін сахнаға ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет көтеріліп, батыр тұлға жайлы естеліктер айтты. Әр кездесуден қалған әсерін көрерменмен бөлісті. Сонымен қатар, шара барысында жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, көп жылдар бойы Қасым Қайсеновтің хатшысы болған Еркін Нұразхан сияқты азаматтар да қаһарман туралы жүрекжарды лебіздерін білдірді. Өз сөзінде жазушы Елен Әлімжан да қазақтың қайсар ұлы жайындағы ойымен бөлісті.

Әдеби шара барысында батыр өмірінен сахналық қойылымдар қойылып, көрерменді керемет әсерге бөледі. Шапағат Әбдір, Ақнұр Сұлтанбекова сияқты өнерлі жастар әннен шашу шашты. Шынын айтқанда, Қасым Қайсенов өмірінің әрбір сәті жиналған көпшіліктің көкейіне үлкен ой салды деуге болады. Сонымен қатар, жиын барысында көпшілікке беймәлім жайт, Қасым Қайсеновтің кезінде Жамбыл облысының қазіргі Жуалы және Байзақ аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарғаны да айтылды.

Жиын соңында университет ректоры Махметғали Сарыбеков жиналған көпшілікке алғыс айта келіп, Ұлықбек Есдәулетті М.Х.Дулати атындағы арнайы төсбелгімен марапаттады. Атақты тарихшының бейнесі бейнеленген кілемшені сыйға тартты.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы