Қазақстан • 07 Қыркүйек, 2018

Жастар арасында суицидтің алдын алу мақсатында дөңгелек үстел өтті

1425 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Жасөспірімдердің денсаулық пен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу» атты дөңгелек үстел өтті, деп xабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

 

Жастар арасында суицидтің алдын алу мақсатында дөңгелек үстел өтті

Bilim Foundation қоры Астана қаласы әкімдігімен бірге ЮНИСЕФ және ҚР Денсаулық министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-a орталығымен әріптестік негізде Астана қаласында «Жасөспірімдердің денсаулық пен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу» бағдарламасын ендіруді қолға алды.

Қазақстанда суицидтің және суицидке талпыну әрекеттерінің тереңде жатқан себептерін анықтаған зерттеулерге сүйенсек, 90% жағдайда жасөспірімдер арасында суицид психикалық денсаулықтың нашарлауымен тікелей байланысты. Жасөспірімдік кезеңнен ересек өмірге аяқ басар кезінде адам бойындағы психологиялық стресс кей жағдайда суицидке итермелейді. Дегенмен жастар арасында психикалық денсаулықтың ақауларын жасөспірімдік кезеңде анықтау қиындықтар туғызады.  

Bilim Foundation қорының жетекшісі Ерлан Айтмұхамбетовтің айтуынша, іске асырылатын жаңа бағдарлама өмірдің түрлі қиын сындарына тап болып, күйзеліс пен торығуда жүрген Астанадағы мектеп пен колледждерде оқитын жасөспірімдерді анықтап, оларға дер кезінде ересектер тарапынан көмектесуге жағдай жасайды. Сондай–ақ суицидтің алдын алу мақсатында жасөспірімдердің өмірлік дағдыларын дамытуды көздейтін кешенді іс-шаралар жүргізіледі.  

Дөңгелек үстел барысында Астана қаласында орналасқан денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары Қазақстанның алты аймағында өз тиімділігін көрсеткен бағдарламаны Астанада нәтижелі іске асыру жолдарын талқылады. Осы жылдың аяғына қарай Астанадағы емханалар кәмелетке толмағандарға психикалық денсаулықты жақсартуды көздейтін көмек көрсете бастайды.

Айта кету керек, Bilim Foundation қорының аталған бағдарламасы аясында бүгінде елімізде 558 психолог,  275 дәрігер және 13692 оқытушы арнайы әзірленген оқу курстарын тәмамдады.