09 Қыркүйек, 2018

Татар кәсіпкерлері оралдықтармен әріптестікке әзір

398 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орал қаласында биылғы «Қала күні» мерекесі халықаралық деңгейге шықты.  Дәлірек айтсақ, мереке аясында татар халқының «Сабантуй» ұлттық мейрамы өтіп, оған Татарстан Республикасының президенті Рустам Минниханов бастаған мәртебелі меймандар арнайы келді.

Татар кәсіпкерлері оралдықтармен әріптестікке әзір

Бұл әрине, өңір басшысы Алтай Көлгіновтің бұған дейінгі жасаған барыс-келіс келісімшарттарының нәтижесі. Осыған орай Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде Татарстан делегациясы мен батысқазақстандық кәсіпкерлер арасында іскерлік кездесу ұйымдастырылды.

– Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы әуелден-ақ стратегиялық басымдыққа ие. Ресей Федерациясы – Қазақстанның аса ірі сауда әріптесі. Соның ішінде Татарстан Республикасының үлесі қомақты. Қазақстан мен Татарстанның өзге өңірлерден гөрі географиялық та, тарихи да жақындығы бүгінде экономикалық, мәдени және қоғамдық-саяси әріптестіктің әр саласында айқын көрінеді. Жыл сайын екі мемлекет басшыларының қатысуымен Өңіраралық форум өтіп келеді. Өткен жылы мұндай кездесу Челябинск қаласында өтсе, биыл мәртебелі меймандарды Петропавл қаласы қабылдайды. Биылғы кездесудің тақырыбы екі елдің туризм саласын дамытуға арналмақ. Бұл салада біздің өңірдің де әлеуеті өте үлкен. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер туризмі бойынша біздің өңір Қазақстанда алдыңғы қатарда. Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы ЮНЕСКО клубы мәртебелі статусына ие болды, - деп атап өтті өңір басшысы Алтай Көлгінов.

Татарстан Республикасы делегациясы құрамында Татарстан Премьер-министрінің орынбасары Василь Шайхразиев, Мәдениет министрі Ирада Аюпова, Татарстан Республикасының Туризм бойынша мемлекеттік комитеті төрағасы Сергей Иванов және басқа лауазымды басшылар келген екен.

– Екі ел арасындағы әріптестіктің муниципальдық деңгейде бастау алғанына қуаныштымын. Біз әріптестіктің бірнеше бағытын ұсынып отырмыз – мәдени бөлік, білім саласы, туристік бағыт, ұлттық және ғылыми-зерттеу ізденістер. Жақын күндері Татарстан Республикасына Орал қаласынан туризмді дамыту бойынша делегация келеді. Біз Қазақстан жағының инвесторлармен жұмыс істеу, балалар мен жастар туризмін ұйымдастыру және дамыту тәжірибесін зерттеп көрмекпіз. Сондай-ақ екі жақтың да мүддесіне сай, бірге қызмет етуге болатын қызықты жобаларымызды ала келдік, - дейді өз сөзінде Татарстан Президенті Р.Минниханов.

Екі жақты іскерлік кездесудің нәтижесінде ең алдымен сауда-экономика саласындағы жобаларды жүзеге асыру мәселесі сөз болды.

– Қазақстан Республикасы Татарстанның ең үлкен сауда-экономикалық серіктерінің бірі. 2017 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сыртқы сауда айналымы 700 млн. АҚШ долларынан асып кетті. Ал биылғы алғашқы тоқсанның қорытындысын қарасақ, татар-қазақ сауда айналымы өткен жылғыдан 67%-ға артып, 400 млн. АҚШ долларына жетіпті. Біз мұндай жақын әріптестікті одан әрі дамытып, қос республика арасындағы сыртқы сауда айналымын 1 млн. АҚШ долларына жеткізуді көздеп отырмыз, - деп атап өтті Татарстан Премьер-министрінің орынбасары Василь Шайхразиев.

Оралдағы кездесу барысында «Каzakh Invest» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Марат Бірімжанов өңірді инвестициялау бағдарламасымен таныстырып, Батыс Қазақстан облысындағы инвестжобалардың негізгі жұмыс кезеңдері туралы айтып берді.

Жиналғандар Татарстан Республикасының Туризм бойынша мемлекеттік комитеті төрағасы Сергей Иванов ұсынған бейнероликті тамашалады. Онда Татарстан Республикасының туризм саласы бойынша ең қызықты нысандары, елеулі шаралар туралы ақпарат берілген.

Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор Фоминнің баяндамасын меймандар қызыға тыңдады.

Іскерлік кездесу барысында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық салаларда әріптестік мақсатында Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданы және Татарстан Республикасының Актаныш ауданы басшылары меморандумға қол қойды. Батыс Қазақстан облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы мен «Градиент Килби» компаниясы арасында ниеттеме хаттамасы жасалды. Сондай-ақ «Орал «Зенит» зауыты» АҚ мен «Ак Барс» кемежасау корпорациясы» АҚ арасында әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды.

Алтай Көлгіновтің айтуынша, соңғы 3 жыл ішінде Батыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы тауар айналымы 1,5 млрд. АҚШ долларын құраған. Соның 200 млн. доллары Татарстанға тиесілі екен.

Айта кету керек, қазақ пен татар халқының арасындағы бауырластық әсіресе Орал қаласында айқын көрініс тапқан. Татар халқының классик ақыны Ғабдолла Тоқай 9 жасында Орал қаласына келіп, осы қазақ жерінде ақын болып қалыптасқан еді. Осы жерде медреседе оқып, баспасөз жұмысына араласты, қоғам қайраткеріне айналды. Небәрі 27 жасында өмірден өткен ақынның саналы ғұмыры Оралмен тікелей байланысты. Дәл осы тарихтың өзі қазақ пен татар әдебиетін де жақындастыра түскен. ХХ ғасырдың басында Ғабдолла Тоқай шығармашылығы қазақ қаламгерлеріне қалай әсер еткенін жазушы Сәбит Мұқанов «Өмір мектебі» трилогиясында әдемі суреттейді.

Бүгінде Орал қаласында Ғабдолла Тоқайдың музейі, XIX ғасырдың 70-жылдары салынып, татар халқының прогрессивті өкілдері қызмет еткен «Қызыл мешіт» жұмыс істеп тұр. 1895-1905 жылдары Ғ.Тоқай оқыған бұрынғы медресенің ғимараты да сақталған. Рустам Минниханов бастаған меймандар осы тарихи ғимараттарды аралап көріп, Ғабдолла Тоқай ескерткішіне гүл шоғын қойды. Бұдан кейін татарстандық делегация Қазақстан халқы ассамблеясының Достық үйіндегі татар диаспорасымен және облыстағы этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті. Ал татар халқының ұлттық мейрамы «Сабантуй» мерекесінде татарлардың ұлттық «бел күресінен» жеңімпаз болған қостанайлық Талғат Жиентаев Татарстан Президенті Рустама Миннихановтың қолынан су жаңа автокөліктің кілтін алды. Тағы бір автокөлік Қазақстан халқы ассамблеясы татар этномәдени орталығына табыс етілді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ