Әкім Таразидың «Андрей» әңгіме-эссесі туралы

Егемен Қазақстан
10.09.2018 1116
2

Біз – қазақ – ұлт ретінде кейде өткен жылдарымызға бұрылып қарағымыз келмейді. Себебі – өткен жылдарымыздың кейбіреулері үрейден де үрейлі! Қарасақ болды, бізге өткен шақтағы қорқынышты жылдар өздерінің азап кешкен азалы көздерімен бажырая қарап, зәремізді алады. Лек-лек аш адамдардың қурап қалған шаштары жалбырап, тарамыс саусақтарының бір тілім нан сұраған үнсіз айқайы түсімізге кірердей. Сол ауыр жылдар естеліктеріміздің босағасынан бізге әлі де тесіле қарап, бізден айырылар емес. «21-ғасыр!» деп, «Цифрлы Қазақстан!» деп, алға қарай ұмтылып-ақ келеміз. Осы жарқын жылдарымызды одан сайын гүлдендірудің, өткен жылдардың есесін қайтарудың қызу еңбегінде келе жатырмыз. Келе жатып, сона-а-ау жылдардағы қазақтардың жанайқайына кейде амал жоқ бұрылып қаламыз. Әкім Таразидың «Андрейіндегі» айқайға оқырман ретінде мен де бұрылып қарап қалып едім, қазақтарды тура мағынасындағы есалаңдандыру науқанының үстінен түстім.

Кеңес Одағының жас мемлекет ретінде жастықтың буына мас болып жүрген тұсы еді. Қол астындағы далалықтарды, яғни, қазақтарды қызық ойыншық сияқты жылатып көріп, сындырып көріп, бүлдіріп көріп, өлтіріп көріп қызыққа батудың науқанына кіріскен 1930-шы жыл да келді. Ең бірінші олар қазақтардың қолындағы малын тартып алып, аштыққа ұрындырып көрді. Қу сүйек болған қазақтардың ит-құсқа қалай жем болып жатқанын фантастикалық кино көргендей тамашалап отырды. Сөйтіп отырды-отырды да, тағы бірі «қызық» ойлап тапты. Ол «қызығы» - енді осыларды есалаңдандырып көру. Біз аштық жылдары туралы, репрессия жылдары туралы білетінбіз. Бірақ есалаңдандыру туралы білмейді екенбіз. Мен, мысалы, білген жоқпын. Көзі тірі куәлер тұрғанда ешбір қылмыс тарихтың бетінен қашып шығып кете алмайды екен. Ә.Таразидың «Андрейіндегі» Манананы тағдыр өзі айдап Әкім Таразиге жолықтырғандай.

Шығармадағы негізгі үш кейіпкер – Андрей, Манана және Әкім – үш түрлі әлем. Үшеуі – үш басқа! Бірақ үшеуін біріктіріп тұрған тағы бір қасиет бар, ол – ішкі жандүниенің тазалығы.

Автор өзінің басты кейіпкері Мананамен алғаш танысқанын еске алып: «Әкім, сен білесің бе, мен қырық жетідемін деп саған өтірік айттым, шын мәнінде мен төрт жүз жетпіс жастамын! – деді. Апыра-ай, мына кісі ауытқып кеткен бе, санасында сәл бір мүкіс бар ма екен деп күдіктеніп қалдым» деп келтірген тұсын оқып, алғашында бұл шығарма фантастикалық дүние емес пе екен деп қаласың. Әрі қарай оқи келе Манананың «төрт жүз жетпісі» өзінің осы қырық жеті жасында қанша бейнет кешкенінің көрсеткіші іспетті екендігін түсінесің. 4 жарым ғасырлық ғұмырға татитын не қылған бейнет сонда?

Өзінің немере інісі Андрейге Манана «Сен мені еш уақытта таныған емессің. ... Сен менің сырымды білген емессің! Менің сырымды менің туған ағам, сенің туған әкең де білген емес! Менің сырымды... Менің сырымды ешкім білмейді. Жер бетінде ешкім білмейді. Аким де білмейді. Аким, мен саған айтып берер едім, менің сырым жаман. Аким, сен менің сырымды сұрама. Мен айтпаймын!» дейді. Манананың «Айтпаймын!» деген бір ауыз сөз айтқанынан да өтіп кететін сұмдықтың хабаршысы болып тұр. Сонда ол не жағдай еді?

Әр сөздің өз міндеті бар. Әр сөйлемнің өз көңіл күйі бар. Ал кейіпкердің «менің сырым жаман» деген сөдерінде жәй ғана «жаман» емес, одан да өтіп кеткен жағдайлар «мен мұндалап» тұр. Оның әр сөзінің арасынан қасірет үні тамшылап жатқандай екен. Адам деген қандай қым-қиғаш, қандай күрделі жаратылыс десеңші. Сыртқы тұрпатын қойшы. Ішкі әлем деген шексіздіктің сай-саласында, ұңғыл-шұңғылында не жоқ дейсіз. Оны кей кездері қасіреті көп адамның өзі де аралап көруге қорқатын шығар. Ал Манана сияқтылар – өзінің жандүниесінің «азап вагонында» келе жатқандар. Автор өз кейіпкерінің әр сөзін сол қалпында беру арқылы бізге осындай сырды жеткізеді. Ол сырды тыңдауға дәтің бармайтындай. Оны тыңдасаң Манананың қасіреті саған да көшетіндей.

«Үлкен тапсырма болды бізге. Бүкіл Қазақстан бойынша үлкен тапсырма болды» дейді Манана. «Үлкен тапсырма» деген сөздің өзі қазақ халқын өздеріне білдірмей қырып салудың Кеңес Үкіметі үшін қаншалықты маңызды болғандығын сездіріп өтеді. Сондағы «үлкен тапсырма» – укол салу тапсырмасы. Ол тіпті атом бомбасынан да сұмдық жағдай. Атом бомбасы көзге көрінетін, қауіпті екендігі бірден байқалатын қару. Ал көзге көрінбейтін, жүрген ізі білінбейтін, дауысы естілмейтін қаруларды да Кеңес Үкіметі қазақтарға қарсы қолданған екен. Манана айтады: «Біз киргиз (қазақ) ауылдарын бір жерге жинап бәріне укол салдық қой, укол! Білесің бе, сен? Укол! Мен алғаш ол уколдың не сыры бар екенін білмейтін едім», - дейді ол Әкімге айтып отырған әңгімесінде. Әрине, оны сондай қару жұмсауға бұйрық бергендерден басқа ешкім де білген жоқ. Білуге болмайтын еді. «Біз укол салғанда әскерлер, әскери адамдар киргиздарды қоршап тұратын далада болса. Үйде болса, біз укол салған үйлердің сыртында әскер тұратын» дейді тағы да Манана. Не үшін қоршап тұрғандарын Манана түгіл, сол әскердің өзі де білмегені анық. «Укол салу керек!» деді. Салды. Не үшін? Оны білуге хақысы жоқ еді. Білгеніңді білсе, өзіңе де сол укол салынатын еді. «Мен оны ол кезде білген жоқпын. Мен көп укол салдым...» дейді ол. Көп укол!!! Көп укол деген сөз – көп қазақты есалаңдандырдым деген сөз! Оны Манана кейі-і-ін барып білді. Ал білген кезінде қазақтарға салған сол уколдары енді оның өзінің жанын жей бастады. Қалай жегендігін автордың «Манана Андрей айтқандай маған бір түрлі оқыс адам болып көрінді. Сөздері де, істері де түсініксіз, тосын» деген жолдарынан ұғамыз. Адам мына жарық дүниеге өте түсінікті қалыпта келеді. Ал түсініксіз мінездің пайда болуына аса ауыр жағдайлар әсер етеді әдетте.

Әкімге Манананың сөздерінің де, мінезінің де түсініксіздігі – Әкімнің өмір тәжірибесі әлі аз, жастық шақтың жалынды күндерінде жүргендігінде болар. Автор өздерінің сол шақтарын  бір ғана сөйлеммен: «Не болса соған күле беретін кезіміз» деп әдемі жеткізген. Иә, адамның не болса, соған күле беретін кезі – жастық шағы. Жастық шақта адам бәріне мәз. Сәл нәрсенің өзі қуаныш. Бұл жастық шақтың өзіндік символы іспеттес. Жас келген сайын адамның сәл нәрсеге қуануы азаяды. Күлкі де есейіп кеткен балаң сияқты бірте-бірте қашықтай береді. Әлде, бәріне ет үйреніп кете ме, әлде Манананың өкініштері сияқты болмаса да, түрлі сәтсіздіктер жиналып алып, күлкіңді де, қуанышыңды да салмағымен басып тұра ма екен?! Әйтеуір, көп қасиеттер жастық шақтың еншісінде қала береді. «Андрейді» оқып отырып, біресе жастық шағыңды аңсайсың, біресе, 1930-31 жылдардың көпке беймәлім болып келген сұмдығын оқып, шошынасың. «Мен киіз үйлерде ас ішіп, қонып та жүрдім ғой... Отыз бірінші жылы... отыз бірінші жылы... біз үлкен иттік жасадық» дей береді Манана» деп еске алады жазушы.

Бұлар әдейі, жоспарлы түрде ауру таратқан екен. «Көкірек ауруын да тараттық біз. Ең қиыны, адамның ерік-жігерін құм қылатын дәрі салдық қой біз оларға. Есінен адасқан адамдай мәңгіріп қалды түгел Алтай халқы. Қайда жұмсасаң бара беретін, не айтсаң көне беретін халыққа айналды». Бұл – Манананың Әкімге айтқандары. «Мен киргиз халқының алдында күнәһармын. Мен киргиздарға қаншама түрлі уколдар салдым. Бастарын таз қылдық, мұрындары опырылып түсетін укол салдық. Мен, мен мына қолыммен» дей береді Манана. Бірақ, бұлардың ішінде атқарып жүрген қызметінің не екенін білгендер де бар болған. Сол білгендердің бірі Манананың дос қызы – Вера.  «Ол мендей емес бәленің бәрін біледі ғой деп ойлаймын. Біз укол салып үйге қайтып келгенде ол жымыңдап күле беретін. Мен кейде одан сұрайтынмын: «Сен неге укол салғанымызға қуанасың?» дейтінмін. Ол ... «Жай, біз маман ретінде іске жарап қалғанымызды айтам да...» дейді».   Бұл айтылғандардың бәрі Манананың сөзі ғана емес, мұны сол кездегі Кремльден берілген «үлкен тапсырманың» негізгі мақсат-мүддесінің аса ыждаһаттылықпен орындалғанының есебі деп қабылдау керек.

Адамның өмір сүруінің ең басты кепілі – өмір сүруге деген құштарлық.   Мұндай құштарлық мал мен аңда да бар. Бар дейтін себебіміз – оларда өлімнен қорқу, үрку сезімі бар. Ал осы құштарлық сезімін адамның бойынан алып тастаса, ол адам тіпті малдың деңгейінен де төмен түсіп кетер еді.

Психологтардың айтуынша, мұндай дертке шалдыққандар есалаңдана, не үшін екенін өздері де түсінбестен жанталаса жүгіріп жүреді немесе ұйықтаған да емес, ояу да емес, мәңгірген қалпында, мағынасыз көздерімен өткен-кеткенге үңіле қарап, біреу бірдеңе деп қалса зәресі ұшып, жұмсаған жағыңа кетеді. Олар шаршағанын да, тоңғанын да сезбейді. Соқыр адамдардай сапырылысқан замананың ортасында сүрініп-жығылып, қаңғалақтай қаңғырып кетіп бара жатады. Қайда бара жатқаны да маңызды емес олар үшін. Өмір бойы жыртқыш аңдардың психологиясын зерттеген К.Лоренц деген ғалым  «табиғи «ауыр қару-жарағы» (мүйізі, азу тісі, ауыр тұяқтар) бар аңдардың өз күшіне өзі тежеу сала алатын өте күшті ішкі механизмдері де бар. Осы тежегіш күштері арқылы бұл аңдар өз тұқымдастарын құртып жіберуден сақтанып жүреді. Мысалы, ғаламат күшті арыстандар «әлім келеді» деп басқа бір арыстанды өлтірмейді. Сөйтіп арыстандар ғаламының сақталуын қамтамасыз етеді» деп жазыпты. Ал адамдар ше? Адамдардың дене бітімінде басқаны өлтіріп жіберетін табиғи «қару-жарағы» жоқ. Бірақ адамға ғаламат күш ретінде – ақыл-ой және ғажап таланттылық берілген. Ол таланттылық қабілетінің ішінде бәрі бір. Сол бәрінің ішіндегі қауіптісі – адамның адамға жасайтын қастығы. Мананалар – сол қастық механизмінің кішкентай тетіктері. Бұрап қалсаң, өздерінің қастандық қызметтерін ойланбастан, өкінбестен, ренжіместен, таңқалмастан атқара береді. Дегенмен, адамға тән тағы бір қасиет – іште жатқан құпия сырды сақтай алмайтындығы. Ондай құпия нәрсе ішке сыймайды. Сол ішке сыймайтындығының әсерінен Таразидің кейіпкері де бір күні өздерінің не істеп жүргендерін біреулердің құпиялап айтқандарынан біліп қойыпты. Сол біліп қалған сәттен бастап Манананың санасында аласапыран басталған. Оны автор тәптештеп жазып жатпай, тек оның айтқан сөздердің астарымен білдіріп отырады. Осындай ерекшеліктеріне қарап мен бұл туындыны психологиялық драма жанрына жатқызар едім. Өйткені мұнда кейіпкерлердің ішкі психологиясы алдыңғы орынға шыға береді. Және шығарманың өн бойы тұтас оқиға. Мұның ішінде суреттеулер жоқ. Бар! Бірақ оның өзі автордың жандүниесіндегі алай-дүлейдің сол сәттегі толқынысын жеткізу үшін бір-екі жерде қолданылады. Мысалы: «...Төменде білінер-білінбес бүлкілдеп ағып жатқан Москва өзенін мен сол арада аса жуан айдаһарға теңедім. Айдаһар болғанда қабыршығы жыбырлап, сәулеленіп білініп тұратын, ұзын, иретіліп солға бір, оңға бір бұрылып кететін айдаһардың жұп-жуан бел тұсы сияқты. ...Апандай өңешінен кедергісіз өткен еліктің лағын місе тұтпай, бұлқына түсіп, оқыс қимылға дайындалған ашқарақ айдаһар...» деп суреттейді жазушы. Ал бұл суреттеуде Москва өзені тіпті өзен ретінде көрініп тұрған жоқ. Ол шынында да жазушының шебер тілімен Кеңестік саясаттың құлқыны болып көрініп тұр еді.

Кейіпкер Әкімге талай сөз айтқан болар, бірақ автор сол талай сөздің ішінен негізгілерін таңдап алып отыр деп пайымдаймын. Сол таңдалғандарының бірі Голощекин туралы, оның әлі де тірі және осы Москвада тұрып жатқандығын айта келіп: «Менің зейнетақымнан оның зейнетақысы он есе көп» дегені. Неге оларға осыншама көп зейнетақы тағайындалған екен? Шамасы бұл – кеңестік заманның мемлекеттік деңгейдегі саяси ауызбастырығы. Мемлекеттің  қылмысы неғұрлым зор болған сайын, сол қылмысты білетіндердің зейнетақысы да солғұрлым зор болған екен деген формула шығаруға болады. Ауыр қылмыстың куәгері ретіндегі Манананың да тұрмыс жағдайының өте жақсы екендігін автор оның ақшасының көптігімен, Москваның қақ ортасында айналасы ат шаптырым кең үйі бар екендігімен айтып өтеді. Кеңестік саяси жүйенің тағы бір қаруы – осы. Білгеніңді айтқызбайтын «қарудың» мұндай да түрі болған. Шығарманың бұрын-соңды айтылмаған осындай шындықтарды кейіпкердің сөзімен жеткізу тәсілі өте ұтымды екен. Бірақ оның бәрі, саясаттың мақсаттары бадырайып айтылып тұрған жоқ. Бәрі де автор жазған деректердің астарында жатыр. Бұл тұста автор кейіпкерлерінің айтқандарының терең қабаты не нәрсеге меңзейтін тұстарын әдейі теріп алып, шығармаға тек соларды ғана арқау еткен. Астарлау детальдары мақсатты жерден дәл шығып тұр. Міне, осындай шындықтарды өзі де білмей айтып қалған  Таразидің бұл кейіпкері өзіне  осындай қарудың қолданылып жатқанына қатты намысы келгенімен, одан шығып кететін жолдың тарс жабық екендігіне көзі жеткен адам.

Бір Манананың бойында екі түрлі адам бар екенін байқар едік. Біреуі – кезінде адамдарды жындандыру науқанына белсене кіріскен адам, екіншісі – өзі білмей жасаған сол қылмысы үшін азап шегіп жүрген адам. Қайсысы жеңер екен? Екеуі де өмір сүргісі келеді. Бірақ бұл туынды автор қайсысын жеңдіргісі келсе, соған жеңіс алып беретін туынды емес. Бұл шығарманың бір ерекшелігі – кейіпкерлері өмірдегі өз есімдерімен және өздерінің бастан кешкен оқиғаларының ішінде жүр. Тіпті автордың өзі де. Мұндай стильдегі шығарманың кейіпкерлері қолдан жасалып, оқиғалары ойдан құрастырылып, автор қалай бұрам десе, солай бұрыла кететіндер емес. Бұлар – авторға ерік бермейтін кейіпкерлер. Автор олардың алдында еріксіз болғандықтан да қалай бар, солай жазып шыққан. Шығармадағы тарихи шындыққа құныққан кезде, оқырман одан әдеби шығармаларға тән көркемдік, әдемі сөздер, қызба-қызыл суреттеулер дегенді іздемейді де. Ал егер ондай әдеміліктер тұрса, тіпті ол оқырманға басы артық нәрсе сияқтанып, кедергі келтіргендей де әсер берер еді. Бұл шығарма өзінің осындай «қарабайырлығымен» көркем.  Әкім Тарази көркем сөз таба алмай қалған жоқ. Ол ондай көркемдеуден әдейі қашты. Шығарманың ширығып тұрған құндылығы да осында.

Мұнда басты кейіпкердің бірі – Андрей. Андрей айтады: «Әй, Әкім, сен шынында да ақылды адамсың. Сен Шыңғысханның ұрпағысың ғой, далалықсың ғой, алыстағыны көресің. Мен қалада өскенмін. Көп нәрсені біле бермеймін» дейді. Андрейдің бұл сөзіне мен оқырман ретінде ерекше назар аудардым. Андрейдің бұл сөзіне қарап, далада туғандардың алыстағыны көретінінің себебін де енді тапқандаймын. Өйткені – дала кең. Жақындағыдан басқаға қарамаса, кәдімгі екі көз де алыстағыны көруден қалады ғой. Дәл сол сияқты көкірек те, ой-сана да далада жүріп, алыс қиырларды, ұзақ-ұзақ жолдарды, құс ұшып, қаз қонған өзен-көлдерді, құйын кезген даланы, түнгі аспанның ғажайып көріністерін, айлы түннің тіл жеткісіз көркемдігін көріп жүріп, қиялы да алыстарды шарлап, кеңірек ойлауға бейім болатын болса керек. Соны мына қалалық Андрей бір-ақ ауыз сөзімен жеткізіп тұр. «Мен қалада өстім. Көп нәрсені біле бермеймін» дейді. Алысқа қарайын десе, көз де, көкірек те тас үйге барып тіреле беретін жағдайдың қиял әлемін шектейтіні рас болғаны ма!? Бұл – Андрейдің өзін далада өскен адаммен салыстыра көруі арқылы көз жеткізген шындығы. Автор оның айтқан талай сөзінің ішінен осы сөздерді әдейі теріп алу арқылы далада өскендердің бойында болатын биологиялық па, физикалық па, әйтеуір, бір ерекшеліктерге қатысты бір шындықтың бар екендігіне сілтеме жасайтындай.  

Автор бұл кейіпкерінің тағы бір қасиетін айтады: Андрей көшеде тұрған милиционер көрсе болды, әй-шәй жоқ, киіп тұрған формасының жез түймесін жұлып алады екен. Бұл не әдет? Автор Андрейдің саяси көзқарасы туралы ештеңе айтпайды. Бірақ осы қылығы арқылы оның өзі өмір сүріп жүрген жүйенің жалпы құрылымына, бағыныштылық деген жүйеге риза еместігін сездіріп жүретіндей. Өзіндік қарсылығын көрсеткендегісі ме екен, әйтеуір, бұл да оғаш қылықтарымен басқалардан өзгешелеу адам. Әлде, өзінің немере әпкесі Манананың ауыр тағдырының бір қайтарымы болсын дей ме екен? Ол Манананы ерекше құрметтеді. Адам төзбес мінездерінің бәріне кешіріммен қарады. Ақшасы үшін емес екені анық. Кеңестік жүйе жасаған ауыр қылмыстардың зардабын тартып жүрген Манана үшін өш алғысы келетіндей. Тұтас бір халықтың сыртқа шыға алмай тұншығып жатқан сол кездегі қоғамдық жүйеге деген қарсылығы осы Андрейдің бойында жүргендей.

Тағы бір деталь – Андрейдің өнері. Бірақ ол ән айтқанда шкафтың ішіне кіріп алып айтады екен. Неге? Оның бұл қылығы – Андрейдің болмысында адам бетіне қарап сөйлеуге ұялатын ұяң мінезінің хабаршысы.   Егер ол шкафқа кірмей-ақ, отырған орнында отырып айта берсе, автор оның ән айтатындығы туралы айтпай кетуі де мүмкін еді. Жалпы адам бойындағы мінездің небір иірімдері көп жағдайда көрінбей жатады да, осындай бір сәттер де көрініп қалады. Жақсылығы да, жамандығы да. Әкімге Андрейдің басқаларға қарағанда бір табан жақындығының да бір сыры осындай қасиеттерінде жатса керек. Және, өмірдегі Әкім Тарази да кез келген анау-мынауға еріп жүре беретін адам емес. Андрейдің оғаш мінезінің түп төркінінен нағыз ақкөйлек, адамгершілік қасиеттің иесі екендігін танып, ежелгі досындай серігіне айналды. Оқырман Андрейдің қандай адам екендігін Әкім Таразиге қарап бағамдай алады дер едім. «...Андрейдің қызығына мен еш уақытта тоймайтын едім. Басқалар қашып кеткен кезде мен қасында қаламын. Себебі – Андрейді аяймын. Оған біреулер тиісуі мүмкін, ұрып кетуі мүмкін. Себебі оның түрінен – момын екені, аңқау екені, бала мінезі басым екені көрініп тұратын. Ал мен болсам «азиялық кейіппен» басқа жұрттың адамы ретінде көшеде кездескендерге кәдімгідей әсер ететінімді сеземін» деп жазады автор.

Бұл шығармада Андрей мен Манананың қандай екендігін Әкім баяндаса, Әкімнің кім екендігін Манана мен Андрей баяндайды. Баяндағанда отыра қалып, айта бастамайды. Біз ол баяндауларды үш кейіпкердің диалогынан табамыз. Бұл туынды «Он бес республикадан жиналған отыз екі тыңдаушы Мәскеудің Воровская көшесінде екі жылдық курсқа келіп оқи бастағанымызға он бес күндей болған» деп басталады. «Осы он бес күннің ішінде маған іш тартып, мені жағалап өзі танысып, сөзге шақырып, үзіліс кезінде кофе ішіп жүрген жаңа танысым Андрей Вердиян мен Арик Агабабов деген жігіт еді» дейді автор. Арик Агабабов Әкімге «Шыңғысханның ұрпағы» деген ат тағып қойған. Андрей Әкімнің әр қылығына риза болған сайын «Шыңғысханның ұрпағысың ғой» деп, оның сөзі мен мінезінің астарынан арғы тарихтың көрінісін тапқандай болып жүреді екен. Өзіңді білмесе де, ұлтыңды білу арқылы сыйға бөлену үлкен мақтаныш емес пе?!

Туындының негізгі діңгегі болып тұрған Манананың «Сен, Аким, мынау шалапайға сене берме. Бұл ақымақ. Бұл алысқа бармайды. Бірақ сен осы Андрейден қол жазба, бірге жүр» деген сөздерінен оның Әкімді бір көргеннен-ақ өзіне жақын тұтып қалғанын көрер едік. «Мына шалапайға сене берме» деген сөздерінен екеуін салыстыра қарап, өз бауырынан әлдеқайда озық тұрған қазаққа деген бағасын көрер едік. Және інісіне: − Андрей, енді сен келген сайын өзіңмен бірге Акимды алып келетін бол. Егер Акиммен бірге келмесең мен саған көк тиын бермеймін, түсіндің бе?» дейді. Мынадай достан айрылып қалмаса екен деген бауырмалдық жатыр бұл сөздерде.

Ал Андрейдің «Сен, Аким, Манананы дұрыс түсін. Оның тағдыры өте қиын болған» деп кешірім сұрағандай болғанынан Әкімге деген Андрейдің құрметін көреміз Тіпті Әкім «...Манананың ақылды екені бірден сезіледі» дегенде, Андрей қуанып кетіп: − Рас айтасың ба, Әкім? ...Шын рас айтасың ба?» деп қайталап сұрауынан Әкім секілді интеллектісі мен талғамы жоғары қазақтың осындай баға бергеніне сене алмай тұрғанын көрер едік. «Әй, Әкім, сен шынында да ақылды адамсың. Сен Шыңғысханның ұрпағысың ғой, далалықсың ғой, алыстағыны көресің». Бұл – оның Әкімге берген және үнемі қайталап айтып жүретін бағасы.

 Ал Манана өзінің ең соңғы хатын Әкімге арнапты және Голощекиннің телефон номерін қалдырыпты. Ол алдыңғы кездесулерінің бірінде Әкімге «Мен сені Шая Ицхаковичпен таныстырамын» деген еді. Бірақ оған үлгермеді. Сол кездегі жап-жас Әкім де Голощекин деген адаммен танысуға құштарлық таныта қоймаған болар. Өйткені қазақты қырғынға ұшыратқан осындай адамның болғандығы туралы біздің тарихтың беті тастай болып жабық тұрған және оны айтуға болмайтын кез еді. Дегенмен Манананың соңғы хатын оқып тұрған Әкімнің «Голощекин деген сөзді бірнеше рет қана әкемнің аузынан естіген едім» деп жазғанын оқып, сол кездің өзінде ол туралы сыбыр-сыбыр әңгімелер жүре бастағанын байқар едік.

 Міне, енді Әкім Андрей екеуі Манананың үйіне келіп тұр. Келгенге дейін қанша рет телефон шалса да, Манана жауап бермеді. Андрей де, оның әке-шешесі де бұл үнсіздіктен бір түрлі күдіктене бастады. Есікті қақты. Үн жоқ. Ақыры әпкесінің өзі берген кілтпен ашуға кірісті. Андрей өзінен «Шыңғысханның ұрпағының» әлдеқайда батыл екендігін де мойындап қойған сыңайлы. «Жоқ, - деді Андрей, - сен Шыңғысханның ұрпағысың ғой, ашшы». Мен мырс етіп күлдім де, ішкі есікті ары қарай итердім. Андрейдің бойын билеген қорқыныш, үрей маған әлі де сезіле қойған жоқ еді. − Кірсең, өзің кір. Әпке сенікі, кір, - дедім. Андрей қипақтап тұр. ...Шыңғысханның ұрпағы деген соң сәл де болса қанаттанғандай, дәлізден өтіп барып ас бөлменің есігін тартып ашып қалдым.

Ас бөлменің есігін тартып ашып қалдым.

Ас бөлменің есігін тартып ашып қалдым...

Ас бөлменің есігін... есігін... жұлқып ашып қалдым...».

Автор «ас бөлменің есігін тартып ашып қалғандығын» үш қайтара жазыпты. Әлде, төрт қайтара жазған ба?! Төрт қайтара! Төрт қайтара жазыпты да, соңына көп нүкте қойыпты, яғни, үш нүкте. Станиславскидің сөзі бар еді: «үтір деген керемет қой!» деген. Мынау үш нүкте де дәл осы жерде керемет қызмет атқарып тұр! Ол есікті тартып ашып қалған Әкімнің ішкі жан шошынуының сипаттамасындай екен. Былай қарағанда есікті тартып ашып қалғанның несі үрейлі? «Несі үрейлі» екендігін осы үш нүкте айқайлап айтып тұрғандай. Ашып қалғандағы жағдайды оқырман әлі білмейді. Бірақ, көп нүктемен біткен осы сөйлем оқырманның санасына «не болды?» деген үрейлі сұрақты айтып үлгіртеді. Бір сөйлем шошына үш рет қайталанып, төртінші рет қайталануға ұласқанда, Әкімнің сөйлем ішіндегі айқай салған дауысын естіп үлгересіз. Шошыну ма, өкіну ме, шарасыздық па, әйтеуір адам түсініп те, түсіндіріп те болмайтын жағдайға сіз де тап боласыз.

Жазушының ішкі эмоцияны басы артық сөзбен емес, тыныс белгілерімен жеткізу тәсілі бұл.

Жап-жас адамға, өмірдің азап-тозағын көрмеген адамға есікті ашып қалғанда дарға асылып салбырап тұрған адамның үстінен шығу оңай ма?! Көз алдында тұтас бір дәуірдің дарға асылып қалған кескінін көру қайдан жеңіл болсын! Андрей дәл осы жағдайды алдын ала сезген сынды. Дәл осы суретті немесе осы жағдайды ол көрмей тұрып көрген сияқтанды. Оны автордың сөздерінің астарынан түсіндім. Автор «көрмей тұрып көрді» деп жазбаған. Бірақ Андрейдің дәл сол сәттердегі қимыл-қозғалысын бейнелегені соны айтып тұрды. Сондықтан да ол «Шыңғысханның ұрпағын», яғни, батыл адамды алдына салып, әрең кірді ас бөлмеге. Шошынатындай қандай да бір белгіні әлі көре қоймаса да, шошына кірді. Мұндай жағдайда адамның бірдеңені жүйелеп ойлай алуы да мүмкін емес. Осы жерде екі кейіпкердің бір-бірінен аумай қалған характерлері көрініс береді. Екеуі де зұлымдық атаулыдан жаны түршігетін, мына өмірге тек қана мейіріммен қарайтындар еді. «Ең алдымен салбырап тұрған өлік денені көрдім. Көзі шарасынан шығып кеткен Манананы көрдім. Бұл, енді, Манана деп айтуға келмейтін басқа бір адам. Дәлірек айтқанда, басқа бір ұғым еді» дейді автор. Автордың айтып тұрғаны не ұғым сонда? Әрине, Манананы ешкім өлтіріп кеткен жоқ. Ол өзін өзі өлтірді. Бірақ Е.Евтушенко ақынның «Самоубийств не бывает вообще!» дегені – ұлы шындық. Е.Евтушенко Марина Цветаеваның асылып өлгендігі туралы өлеңінде тап осылай жазған. Әкім Таразидың айтып тұрған ұғымы осы болар. Адам өмірге жарқын ниетпен туады. Тек сол жарқын ниетті түбірімен жоқ еткенде, адам да өзінен өзі қақырап түскен ағаштай құлайды. Біз оны «өзін өзі өлтірді» деп айтамыз. Андрей мен Әкімді шошындырған да осы жағдай еді.   

Автордың баяндауынан біз қазақ баласын көрген сәтте Манананың ішкі әлемінде дүр көтерілген дауылды байқадық. Сол күндердің сұмдығы есінен кетпей жүрген Манананың қазақ баласын, яғни, Әкімді алғаш көрген кезде санасы хаосқа айналып жүре берген сияқты. Баяғы өзі укол салып, жындандырып жіберген адамдары мына жап-жас, келбетті қазақтың, яғни, Әкімнің кейпінде тіріліп, қарсы алдынан шыға келгендей. Тіпті Манана дәл осы сәттен бастап адам кейпінен адасып қалып, адам сияқтылардың жапан даласына лақтырылып тасталғандай кейіпке енді ме екен?! Оның бойындағы кәдімгі адамға тән қасиеттердің бәрін баяғы өзі салған уколдары жан-жақтан талап, улы құмырсқалардай жапырлай бас салған сияқты. Автор өзінің осы кейіпкерін бір көргенде оның тек біртүрлі екендігін байқағанымен, оның өз құрбандарының кебін киген, есалаңдау, бақытсыз қалпын әрбір қиымылы мен сөзі арқылы жеткізген екен.  

Автор асылып тұрған Манананың аяғында табаны балшық-балшық етігі болғандығын және  «ас бөлменің төрт бұрышында сол балшық етіктің іздері қалғанын» жазады. «Бір ғажабы, қарама-қарсы екі қабырға кемінде жиырма-жиырма бес мәрте етік табанымен тебілген» дейді автор. Бұл Манананың жан арпалысының таңбасы дер едік. Сыртқа атыла шығуға жанұшыра ұмтылғанымен, кек пен ызаның шығып кетер есігі жоқ еді. Тағдырын тепкілегені шығар. Автор осы көріністерді де бекер жазып отырған жоқ. Кейіпкерінің өлер алдындағы жағдайын көп сөзге созбай-ақ, қабырғада қалған етіктің іздерімен айтқан екен. Із деген де керемет қой. Оның да айтары көп. Бұл етіктің іздері Манананы азапқа салған свастикадай үрейлі екен.

Зерттеушілердің айтуынша ішкі өкініш, өзін кінәлі сезінудің ауыртпалығы «бұл – іште ырылдап жатқан алып құбыжық тәрізді, не кетпейтін, не тынышталмайтын дүниядағы ең жабайы да жыртқыш аң тәрізді» дейді. Автор  мына етіктің іздерін баяндау арқылы оқырманға «не кетпейтін, не тынышталмайтын дүниядағы ең жабайы да жыртқыш аңмен» Манананың қалай айқасқанын сипаттап отырғандай. Бұл да автордың көркем шығарма жазудағы қысқалықты нұсқаған өзіндік тәсілі дер едік.

Біз – жап-жас халық едік негізі. Бірақ бізді 70 жыл бойғы рухымызға жасалған эксперименттер шаршатып кетті. Дегенмен біз әлі де тыңбыз және соңғы ширек ғасырда жақсы тыңайып қалдық. Қай халық жоспарлы түрде қырғынға ұшыратылған болса, ол – аса дарынды халық болған деген сөз. Өзінен асқан дарындылардың көзін жойғысы келетін жойымпаздық науқаны – соның дәлелі. Егер де ол тумысынан мал сияқты халық болса, билік оларды қырып-жоюға қаржы жұмсап не қылады. Мен біздің қазақтың қандай қырғынға ұшырағанынан қазағымның қандай батыр да қасиетті, дарынды да алғыр халық болғандығын және қазір де сондай халық екендігін болжаймын. Ал кей жағдайда еріншектігімізді, көнбістігімізді, ұйқышылдығымызды сол уколдардың генге тарап кеткен және әлі күнге дейін әлсіз де болса, күшін байқатып қоятын әсері ме деп те ойлап қалам.  

Қысқасы, бұл шағын ғана әңгіме-эсседе әлі де таусылмайтын әңгіме бар.

Оңайгүл Тұржан

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

22.09.2018

Жаңа Жібек жолы: Алматы

22.09.2018

Катонқарағай ауданы тұрғынының сібір жарасынан көз жұмғаны расталды

22.09.2018

Сенаторлар сенбілікке шықты

22.09.2018

Б.Бекназаров Әзербайжан Парламентінің 100-жылдығына арналған шараға қатысты

22.09.2018

Мұнайдың әлемдік бағасы өсті

22.09.2018

Лондонда қазақстандық өнер көрмесі ашылды

22.09.2018

Түркия «Қазақстан» журналын шығарды

22.09.2018

Ақтөбеде «Анаға тағзым» орталығы ашылды

21.09.2018

Тимур Жақсылықов Президенттің көмекшісі болып тағайындалды

21.09.2018

Маман дайындау мәселесі талқыланды

21.09.2018

Астанада тұрғын үй кешенінде шартты өртті сөндіру бойынша тактикалық оқу-жаттығу өтті

21.09.2018

Бүркітші қыз Айшолпан түскен «Көшпенділер» фильмі көрерменін қуантады

21.09.2018

Павлодарда биыл 1655 жұп қосылса, 1101-і ажырасқан

21.09.2018

Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу бойынша жоба әзірленді

21.09.2018

Кәрім Мәсімов терроризмге қарсы орталықтың отырысын өткізді

21.09.2018

Қостанайлықтар жарықдиодты шыны жолмен жүреді (ВИДЕО)

21.09.2018

Қанат Ислам мақтааралдық жас боксшыларға мастер-класс өткізді

21.09.2018

Алексей Луценко: «Алматы турын» апталық жарыс қылса керемет болар еді

21.09.2018

Бурабайда жаңа мешіт ашылды

21.09.2018

Онкологиялық қызметтің атасы Сәкен Нұғмановтың 100 жылдығы атап өтілді

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Qasiet pen qasiret

«Dánikkennen qunyqqan jaman» degen sózge mán bersek, munda úlken fılosofııalyq maǵyna bar. Táýba, bireý bireýden nan surap jeıtin zaman emes qazir. Toqshylyq zaman. О́zimizdi qoı ústine boztorǵaı jumyrtqalaǵan barshylyqta, etek-jeńniń keń kezinde dúnıege kelgen, zárýlik kúıin sezinbeı ósken urpaqqa balaımyz. Dastarqannan nan, maı, qant, sút, qaımaq eshqashan úzilgen emes. Sonymyzben baı sanalmasaq ta, bardyń sanatynan bolatynbyz... Qudaı saqtaı gór, taǵamǵa talǵam-talabymyzdyń sharyqtap ósip ketkeni sonshalyq keıde dastarqannan búginde nan qoıylatyn bos oryn tappaı qınalatynymyz ras. Sóıte tura, toqshylyq zamanda ómir súrip jatqanymyzdy sezinbeıtinimiz jaman. Moıyndaǵymyz kelmeıtini qorqynyshty. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Minez adamnyń taǵdyry ma?

Qazir Elbasynyń «Bolashaqqa baǵdar: rýhanı jańǵyrý» baǵdarlamasy týraly jıi áńgime qozǵalýda. Jańa turpatty jańǵyrýdyń eń basty sharty – ulttyq kodyńdy saqtaı bilý, ıaǵnı zaman jańalyqtaryn qabyldaı, oǵan ún qosa otyryp, basqa ulttardan árdaıym erekshelendirip turatyn ózińniń ulttyq bolmysyńdy, qazaqy qalybyńdy damyta bilý ekendigi aıtylýda.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Esti men eski

Elektrondy aqparat quraldaryn qosa qalsań-aq jarq etip shyǵa keletin ánshilerdiń bitim-bolmystarynan syr aýlaı uzaq qadalatynyń bar. Qyz-jigitterdiń arasynda burynnan biletiniń ıa qatarǵa jańa-jańa ilingenderiniń oryndaǵan ánderine qulaı elikpeseń de – beker obaldary káne, beıjaı tyńdap otyrǵyzbaıtyn izdenisteriniń qýaty barshylyq. Bul salanyń jetik bilgiri sanalmasań da, tańdaǵan repertýaryna ózińshe kóńil aýdaryp, naqyshyn ishki tarazyńmen ólshep, órnek ıirimin oısha saraptaısyń ǵoı, baıaǵy. 

Ермухамед Мәулен, «Егемен Қазақстан»

Boljam aıtyp baıyǵandar

Sport bızneske aınalǵaly qashan. Árıne bul sózben qazir eshkim daýlasa almaıdy. Álemdegi eń baı adamdar sportshylar ekeni anyq. Alaıda osy sport bıznesi salasynda alaıaqtyq ta joq emes. Ásirese bás tigip aqsha tabatyndar men qandaı báske qoıý kerektigin usynatyndardan aıaq alyp júre almaısyz. Keńes beretin keń­seler men aqyl aıtyp otyratyn saıttar qap­tady. Aldaǵy ýaqytta alaıaqtardyń arbaýyna túspes úshin bul júıeniń qalaı áreket etetinin aıtyp óteıin. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Naǵyz Báıterek

Qazirgi baspasóz betterinde, buqaralyq aqparat quraldarynda «Báıterek» degen sóz teńeý retinde kóbinese qoǵamǵa eńbegi sińgen nemese ómir jolynda jeke basy jaqsy tabystarǵa jetken, sodan halyqtyń kózine túsken adamdarǵa qatysty qoldanylyp júr. Durys-aq. Ondaı adamdardyń eńbegi halyq ıgiligine jarap jatsa, sol ıgilikten kóptegen adamdar nár alyp, turmysyn jaqsartsa nemese sol adamnan úlgi alý arqyly urpaǵyna durys tárbıe, baǵyt-baǵdar berse, tipti basqany bylaı qoıǵanda, et jaqyn týystary, aýyldastary sonyń saıasynan pana taýyp, sol arqyly ómirin durys arnada jalǵastyryp jatsa, nege qoldanbasqa. Rasynda da, mundaı adamdar «Báıterek» degen atqa ábden laıyq qoı.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу