Медицина • 10 Қыркүйек, 2018

Суицидке соқтыратын жағдайды ерте анықтау маңызды

1919 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

10 қыркүйек – Дүниежүзілік суицидтің алдын алу күні. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемде суицидтен жылына 800 мың адам көз жұмады. Бұл дегеніңіз әрбір 40 секунд сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсайтынын көрсетеді. Біздің елде де бұл проблема өткір мәселелердің қатарында, әсіресе жасөспірімдер арасындағы суицид көрсеткіші жоғары болып тұр. 

Суицидке соқтыратын жағдайды ерте анықтау маңызды

Қазақстанда суицидтің және суицидке талпыну әрекет­те­рі­­нің тереңде жатқан себеп­те­рін анықтаған зерттеулерге сүйен­сек, 90% жағдайда жасөс­пі­рімдер арасындағы суицид психикалық денсаулықтың нашарлауымен тікелей байланыс­ты. Жасөспірімдік кезеңнен ересек өмірге аяқ басар кезінде адам бойындағы психологиялық күйзеліс кей жағдайда суицидке итермелейді. Жастар арасында психикалық ден­саулықтың ақауларын жасөс­пі­рім кезеңінде анықтау қиын­­дықтар туғызады. Деген­мен Ден­саулық сақтау министр­лі­гінің Республикалық психи­ка­лық денсаулық ғылыми-прак­ти­калық орталығының бас директоры Н.Негайдың айтуын­ша, суицидтің алдын алуға да, оны­мен тиімді күресуге де әб­ден болады. Бұл орайда, Bi­lim Foundation қорының жергі­лік­­­­ті әкімдіктермен бірге ЮНИСЕФ, Білім және ғылым министрлігімен, Денсаулық сақ­­тау министрлігінің Респуб­ли­калық психикалық денсау­лық ғылыми-практикалық орта­лығымен әріптестік негіз­інде жү­зеге асырып жатқан «Жас­өс­пі­рімдердің денсаулық пен өмірлік дағдыларын қалып­тас­тыру және олардың арасында суицидтің алдын алу» атты бағдарламаны мысалға алуға болады. Бұл бағдарлама қазір Астана қаласында тәжірибеге енгізіліп жатыр.

Қор жетек­шісі Ерлан Айтмұ­хамбетовтің сөзіне қарағанда, елімізде жыл сайын шамамен 700-дей жас­өс­пірім өз-өзіне қол салу­­ды ой­­лай­ды. Өкінішке қарай, со­ның шамамен 30% жағ­да­йын­да баланың өмірін сақ­тай ал­май қалып отырмыз. Сон­дық­­тан жасөс­пірімдердің арасын­дағы суицидтің алдын алуға бағыт­талған бағдарлама бір­неше негізгі мәселені қамтиды. «Алдымен жан күйзелісінде, өмірлік тығырыққа тіреліп, өлімнен басқа жол көре алмай жүрген балаларды ерте анықтап отыру керек. Бұл бағдарламаның бірінші компоненті. Оның өзінің әдістері бар. Бұл әдіс, ең алдымен мектеп психологтеріне, мұғалімдерге, ата-аналарға үйретіледі. Олар баланың мінез-құлқының өз­гергенін байқаған жағдайда не істеу және кімнен көмек сұрау керек екені ақпараттандырылады. Бағдарламаның үшінші компо­ненті – жасөспірімдердің пси­хи­калық саулық туралы сауат­тылығын, хабардарлығын арттыру. Біз, ең алдымен жасөспірімге өзінің көңіл күйін өзі бағалай ­алуын үйретеміз. Стресс, күй­зе­ліс, депрессия деген не, оны өзіңнің бойыңнан және қа­сың­дағы досыңның бойынан қалай анықтау керек екені үйретіледі. Сонымен қатар өз-өзіне қол салу өмірлік тығырықтан шығатын жол деп есептеуге болмайды деп түсіндіріледі. Оны үйрете­тін мектеп психологі», дейді Е.Айтмұхамбетов. 

Оның айтуынша, жүргізілген зерттеулер мәселенің түпкі себептерін көрсетті. Бала­лар­дың жан саулығының нашарлауы, олардың өмірге төзім­ділік қасиеттерінің төмен­дігі өз-өзіне қол жұмсау оқиға­ла­рымен тығыз байланысты болып отыр. Сондықтан Қызыл­­­орда, Ақмола, Атырау облыс­тары және Шымкент пен Ас­тана қаласы әкімдіктерімен күш жұмылдырып, жасөспі­рімдердің денсаулығы мен өмірлік дағдыларын қалыптас­­тыру және суицидтің алдын алу бағдарламасын енгізу қолға алынды. Бұл бағдарламада балалардың өмір сүру құш­тар­лығын қамтамасыз ететін әлемдегі ең озық стратегиялар біріктірілген. Оның аясында 1 мыңнан астам дәрігерлер, 1500-ден астам  мектеп пен колледж психологтері және 70 мыңнан астам мұғалімдер оқудан өтіп жұмыс атқарып келеді.

Жанат Досжанова, пси­­­­­­хо­­­те­­­­­­рапевт дәрігер:

– Өкінішке қарай, біздің қо­ғамда психикалық саулық деген сөзге теріс көзқарас қалыптас­қан. Біз бұл сұрақтан қашуға немесе оны мүлдем елемеуге тырысамыз. Бұл дұрыс емес. «Психикалық» немесе «жан саулығы», ең алдымен біздің ішкі дүниеміздің саулығы, көңіл күйіміздің ашықтығы және өмір сүруге деген құштарлығымыз. Егер де балаларымыздың аман­дығын ойласақ, онда олар­дың жан саулығына көп көңіл бөлу керекпіз. Сондықтан да барлық ата-аналарды бұл мә­се­леге бей-жай қарамау­ға ша­қырамын. Мектеп психолог­терінің, дәрігерлердің сөздеріне назар аударып, олардың берген кеңестерін орындауға тыры­сы­­ңыздар. Балаларыңызбен жиі сөйлесіңіздер. Арнайы маман­дардан көмек сұраңыздар. Мә­селен, жан күйзелісінде жүр­ген балаларға құпиялылықты сақ­тай отырып кеңес беретін 111 сенім телефоны бар, ал www.zhastar.org сайтында «ата-ана­ларға» деген бөлімнен кәсіби ма­ман­дардың видео, сұхбат, мақа­лаларымен және түрлі пайдалы кеңестерімен танысуға болады.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»