Қазақстан • 10 Қыркүйек, 2018

Жедел жәрдем жұмысын жетілдіруді көздейді

954 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада 5-7 қыркүйек аралығында Қазақстанның барлық өңірі мен литвалық командалардың қатысуымен жедел медициналық жәрдем бригадаларының III республикалық жарысы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық және халықаралық стандарттарды ескере отырып, халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету дағдыларын дамыту.

Жедел жәрдем жұмысын жетілдіруді көздейді

Жарыс барысында қатысу­шы­лар анафилактикалық шок, нә­рестені реанимациялау, жарақат алу кезіндегі ситуациялық тапсырмаларды орындап, «оқиға» орнында манекендер және стан­дартталған пациенттер пайдала­нылды. Ауқымды шара аясын­да сәрсенбі күні Қалалық же­дел медициналық жәрдем стан­сасының конференц-залында шұғыл жағдайлар бойынша «Астана» клиникалық орта­лы­ғының жетекші мамандарының қатысуымен Ресей, Израиль, ҚХР, Малайзия және басқа елдер өкілдерінің шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Жиынның ашылуына қатысқан Денсаулық сақтау министрі жедел жәрдем бригадаларының жарысын өткізу тәжірибе алмасуға, білім мен білікті шыңдауға ықпал ететін маңызды шара екенін атап өтті.

«Осымен 3 жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған осы­нау жарысқа былтыр еліміз­дің 6 өңірінен ғана команда­лар қатысқан болатын. Биыл олардың саны артып, 17 командаға жетке­ніне қуаныштымыз. Жарысты өткізудегі басты мақсаттың бірі – жедел жәрдем жұмысының сапасын көтеру, халықаралық стандарттарға көшу. Өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан жедел жәрдем жұ­мы­сын жетілдіруге, емханалар қыз­метін одан әрі дамыту жө­нінде бұйрық шығарған бола­тынбыз. Өйткені бұл сала аса маңызды. Еліміздегі орын алып жатқан өлім санының өсуі көбінесе осы жедел медициналық көмектің дер кезінде жетпеуі жағдайларынан туындауда. Сол себепті медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында осы шараны қолға алдық», деді Е.Біртанов.

Денсаулық сақтау министр­лігі және Астана қаласы әкім­ді­гінің қолдауымен Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғам­дық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, Астана қаласы Қо­ғамдық денсаулық сақтау бас­қар­­масы және «Астана» оқу-кли­никалық орталы­ғының ұйытқы болуымен ұйымдас­тырылған жедел жәрдем бригадаларының биылғы жарысы 6-7 қыркүйек күндері  «Жерұйық» саябағында өтті.

Сонымен қатар төтенше жағдайларға қатысатын жедел медициналық жәрдем бригадаларына санитарлық автокөлік және медициналық жабдықтар табысталып, командалар триаж­ жүйесінде жұмыс істеу дағ­­ды­лары мен командалық жұ­мыс­ты көрсетті. Мұнымен қоса, жарыс шеңберінде отан­дық өнді­рушілердің медици­на­лық тех­никасының, дәрілік зат­­тарының көрмесі ұйымдас­тырылды.

Жарыс нәтижесінде еліміздің ең үздік жедел жәрдем бригадасы болып, Ақмола облысының командасы танылды. Ал екінші орынды Жамбыл облысынан келген бригада еншілесе, үшінші орынға астаналық жедел жәрдем қызметкерлері ие болды.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»