Қазақстан • 10 Қыркүйек, 2018

Бала тәрбиесіне ата-ана да жауапты

2120 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Отбасы тәрбиесі институтымен бірлесе отырып биылғы қыркүйек-қазан айларында еліміздің мектептерінде «ХХІ ғасырдың ата-аналары: балаңызға үлгі болыңыз» тақырыбында бірыңғай республикалық ата-аналар конференциясын өткізеді.

Бала тәрбиесіне ата-ана да жауапты

Мектептегі дәстүрлі ата-аналар жиналысы көптеген мә­селелерді шешуге көмек­тесетіні анық. Алайда сынып жетекшілерінің айтуынша, ата-аналармен қарым-қатынас орнатудың бұл түрінде бірқатар қиындықтар туындайды. Ең басты себебі, педагогтерге жүктелетін жұмыстың шамадан тыс болуы және жиналысты өткізу әдісінің ескіруі. Сайып келгенде, бұл ата-аналардың мектеппен қарым-қатынас орнатуына әсер етеді. «Бірыңғай республикалық ата-аналар конференциясының» дәстүрлі ата-аналар жиналы­­­­сынан ерекшелігі, бұл жас ұрпақты инновациялық білім­мен және отбасылық тәрбие­леу әдістерімен оқытуға ба­ғыт­­талған және түрлі тақы­рып­­тарды қамтитын жаңа формат. Осыған орай ата-аналар кон­ференциясын еліміздің бар­лық мектебінде өткізу жос­пар­лан­ған. Кездесу барысын­да әр сы­ныптың ата-аналарына арналған түрлі тақы­рып қоз­ға­лады. Атал­ған конфе­­рен­цияның алғаш­қы жиыны өткен апта соңында бар­лық мектеп­те өтті. Елорда­­дағы №54 мек­теп-лицейі­нің қабыр­ға­сын­­да ұйымдас­тырылған ма­ңыз­ды мәслихатқа Білім және ғы­лым вице-министрі Асхат Ай­мағамбетов қатысып, бұл кон­ференцияның ұстаз, ата-ана, оқушы үшін қаншалықты қажет екенін тілге тиек етті.

«Биыл 1 қыркүйек күні елі­міздің 7024 мектебіне 3 миллионнан астам оқушы келсе, олардың 350 мыңнан астамы 1 сыныпқа барғандар. Мектеп табалдырығын енді аттаған бүл­діршіндеріміздің саны жыл сайын артып келе жатқаны бізді қуантады. Мектепке алғаш барған балалардың ата-анала­ры­мен тығыз байланыста болып, осындай конференция­ларды өткізу мектеп пен ата-ана арасындағы қарым-қаты­насты одан әрі арттырады. Ма­мандарымыз түрлі тақырыпта ой қозғайтын болады. Мыса­лы, баланың ақпараттық қауіп­сіздігін қамтамасыз ету тақы­ры­бы. Бұл – өзекті. Қазіргі таңда бүлдіршіндер балабақша жасында болса да планшет, смарт­фондардан алуан түрлі ақпа­рат алады. Сондықтан бала қандай ақпарат алып жат­қа­нын қатаң қадағалау керек. Ел­басының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдар­ламасында білім-тәрбие саласына қатысты маңызды мә­селелер көтерілді. Сонымен қатар білім саласындағы жаңа бағдарламалар туралы әртүрлі ақпарат таралуда. Бұл бағдарламалардың барлығын сараптаудан, саралаудан өткі­зіп, 2000 жылдардан бері жүр­гізіп келеміз. Себебі бізге функ­ционалдық сауаттылық керек. Өйткені бүгінде ақпарат жыл­дам жаңаруда. Сондықтан теле­фондардағы, басқа да құрыл­ғылардағы ақпаратты жатта­ғаннан гөрі оны қалай пайда­ланамыз деген сұрақтың жауабын қарастыру қажет. Тағы бір мәселе – ұстаз мәрте­бесі. Ұстаз мәртебесі тек мем­ле­кет шешетін мәселе емес. ­Оға­н­ ата-аналардың да қосатын үлесі қомақты. Неге? Себебі дастарқан басында мектептегі мұғалім туралы жағымсыз пікір айтатын болсаңыз, оны балаңыз да тыңдап отыруы мүм­кін. Одан кейін ұстаздың мәр­тебесі қалай көтеріледі? Көп мәселелер отбасына байла­нысты. Осы мәселе бойынша да, ұстаздардың жалақысын көтеруге байланысты да көпте­ген жұмыс атқарудамыз», деді А.Аймағамбетов.

Аталған оқу ордасының басшысы Шәкәрім Толыбайұлы бұл шараның негізгі мақса­ты – мектеп әкімшілігі, мұғалімдер және ата-аналар қауым­­­­дас­ты­ғының арасындағы бірлік, осы бірліктің арқасында мектепке жаңадан  қадам басқан оқушыларға педагогикалық, психологиялық кеңес беру еке­нін жеткізді. Сондай-ақ кон­­ференция барысында «Ба­ла­ның ақпараттық қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету», «Ба­лада интернет-тәуел­ділік қа­лыптасуының алдын алу», «Мектеп ортасына деструк­тивті діни ағымдар енгізудің алдын алу», «Отбасылық құнды­­лықтарды нығайту», «Бала­ға мектепке оқуға бейім­делуге тиімді көмек шаралары тура­лы», «Нейро-психофи­зио­лог­­тердің болашақ бірінші сы­­нып оқушылары – ұлдар мен қыз­дардың ата-аналарына ар­налған ұстанымдары», «Ба­­ла­ның өзін-өзі бағалауын артты­­руға ық­пал етіңіз» сияқ­ты маңыз­д­ы та­қырыптар маңайын­да маман­дардың пікірі айтылды.

Шара аяқталған соң баласы 1 сыныпқа барған ата-ана­лардың бірі Маржан Нұр­ша­йых­­қызын әңгімеге тартқан едік.

«Менде баламды мектепке бермей тұрып білім саласы, мектеп жайлы жағымсыз пікір басым болды. Себебі әріп­­тестерімнен мектеп жүйе­сіне көңілдері толмайтынын көп естіген едім. Осы кон­ферен­цияға шақырған кезде қатар­дағы бір жиналыс шы­ғар деп ойлаған едім. Бірақ алуан­ түрлі ақпараттар, ма­ңыз­ды пікірлер ойымды тү­гелдей өзгертті. Өйткені жиын­нан көп әсер алдым. Ең бірін­ші, ұйым­дастырушылар бүгінгі маңыз­ды мәселе, яғни балалардың ақпарат алуын, оны пайдалану жайын дұрыс таңдаған. Вице-министр атап өткендей, біз бар­лық міндетті тек мектепке немесе мұ­ғалім­дерге артып қойып отырмауы­мыз керек. Неге десеңіз, ба­ла­ның қалыптасуына ата-ана да әсер етеді. Осыны ескере отырып, ата-аналар қауы­мы жұ­мысы қауырт болса да, бала­сына назар аударып, қан­дай ақпарат алып жатқа­ны­нан хабардар болуы керек. Спикерлердің білім мен тәрбие­ні қатар алып жүру керек деген пікірі құнды және бола­шағымыз үшін маңызды», дейді ол.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»