Өнер • 10 Қыркүйек, 2018

Ерлан ТҰЯҚОВ, суретші-сценограф: Өнер деген жүректің ісі

1012 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Тыныштықты, құпиялықты сүйетін кәсіп иелері болады. Олар – сахнаның сұлулығын, эстетикасын, керек десеңіз тұтастай атмосферасын түзуші мамандар. Ізденіс барысында іштей буырқанады, толқиды, тасиды. Бірақ жасаған жұмысының нәтижесін көп талқысына ұсынар сәтте өзі елеусіз ғана шымылдықтың арғы бетінде қалғанды ұнатады. Қойылымға келген көрермен де спектакль сыйлаған ғаламат әсерді тек режиссер мен актердің еңбегіне балап, сценографтың маңдай тері сол сұлулықтың тасасына жасырынып, сахна сыртынан тылсым тіл қатады. Алайда біздің бүгінгі кейіпкеріміз өзінің көпшілік үшін түсініксіздеу, жұмбақ мамандығына шексіз ғашық. Кәсібі секілді өзі де құпия болып қалғысы келеді. «Сценограф болу сонысымен қызық қой» деп жымия тіл қатар сахна суретшісі ес білгелі тағдырын театрмен тоғыстырыпты. 18 жасынан бас­тап сахнаның осы бір ерекше әлемін бағындыруды мақсат тұтқан маманның бүгінде өз саласында жеткен жетістіктері аз емес. Италия, Түркия сынды өнері өркениет биігіне көтерілген елдермен бірлесе шығармашылық жұмыстар атқарып, қазақ өнерінің абыройын шет мемлекеттерде лайықты деңгейде асқақтатып жүр. Сондықтан да болса керек, Ерлан Тұяқовты бірлесе өнер тудыруға шақырушы режиссерлер өте көп. Еліміздің маңдайалды театрларының барлығында дерлік Ерланның жұмыстары өзіндік ерекше қолтаңбасында көрерменімен қауышып, көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүр. Суретшімен біздің бүгінгі кездесуіміз де дәл сондай буырқанған шығармашылық жұмыс процесі үстінде өрбіді. Кезекті жаңа қойылымға дайындықты бастап кеткен маманның әңгімесінің әлқиссасы да осы тақырып аясынан тарқатылды.  

Ерлан ТҰЯҚОВ, суретші-сценограф: Өнер деген жүректің ісі

– Өзіңіз байқағандай, дәл қазір Астана қаласы Жастар театрында режиссер Нұр­қанат Жақыпбаймен тандемде жұмыс істеп, Болат Бекжановтың «Өмір» атты қойы­лымына қызу дайындық үстіндеміз. Премьерасын қазан айына жоспарлап отырмыз. Одан бөлек алда Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын ерекше формада сахналау жұмыстары күтіп тұр. Жалпы, режиссер ретінде Нұрқанат Жақыпбаймен жұмыс істеу өте қызық. Талаптары тосын, қиялыңды шыңдайды. Ізденіп жүріп, тіпті өзім үшін талай жаңалық аштым. Дәстүрлі академиялық театрлармен салыс­тырғанда, әрине, Жастар театрының бағыты да, бағдары да бөлек қой. Мәселен, мен Жастар театрына ойлайтын декорациямды, өзге театрларға ұсына алмаймын немесе керісінше. Себебі бұл жақта специфика басқа, режиссер бөлек, актерлік ойын өзгеше. Сондықтан да бұл театрдың қойылымдарына сценографияны бірден өзгеше ойлауға тырысамын.

– Жалпы, сценограф болудың қызығы мен қиындығы неде?

– Театр деген де бір үлкен отбасы ғой. Сондықтан онда тек өзіңнің дегеніңмен, өзіңнің қиялыңмен жүру мүмкін емес. Үнемі режиссермен ақылдасып, актерлердің мүмкіндігіне сай әрдайым ортақ шешімге келіп отыруға тура келеді. Оның үстіне, бізде сценография дәл Еуропа, Ресейдегідей жалпыға бірдей түсінікті сала емес. Қарапайым көрермен жұмысымызды түсіне бермейді. Көпшілігі сценариспен шатас­тырады. Біздің жұмыс жалпыға бірдей ұғынықты болмауымен де, дабыра-дабылсыз үнсіз атқарылатындығымен де ерекше деп ойлаймын. Сонысымен шабыттандырады, қызықтырады.

– Шетелдерде көрмесін өткізіп, жат ел сах­насында өзге ұлт өкілдерімен бірлесе жұмыс істеп жүрген санаулы сцено­граф­тардың бірісіз. Біздегі жұмыс тәсілі мен ол жақ­тағы жұмыс істеу үрдісі арасында қан­дайда бір ұқсастық болмаса айыр­ма­шылықтар бар ма екен? Үйренгеніңіз неме­се көңіліңізден шықпаған тұстары қайсы?

– Қазір Еуропа өнері әлем үшін негізгі бағыт түзеуші күш болып кеткендей көрінеді. «Еуропада сөйтіпті, біз де солай істеуіміз керек» деген пікірлер жиі айтылады. Мен бұл жерде бір-ақ нәрсе айтқым келеді: еуропалықтарға қанша елік­тегенімізбен, біз бәрібір еуропалық бо­лып кете алмаймыз. Сондықтан дәл қа­зіргі театрда ұлттық өнер арқылы қа­зақы құндылықтарымызды ұлықтай отырып, өз бет-бейнемізді сақтап қалуға ұмтылуымыз қажет. Әр қойылымымыздан жаңашылдықпен қатар қазақылықтың иісі аңқып тұруы тиіс. Спектакльдің шағын ғана бөлігінің өзі қазақтың қолынан шыққан дүние екендігін әйгілеп тұрса, міне, біздің жетістігіміз сол болмақ. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Түркияның Самсун қаласында М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» қойылымын сахналап қайттық. Түріктер өте еңбекқор халық. Біздің қазақтардың арасында жалқаулыққа аздап бой алдырып алатындары бар ғой (күлді). Түріктерде ондай жоқ, бәрі «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» ымдасып, елінің абыройы үшін аянбай тер төгеді. Бірақ оларда да Еуро­па өнеріне еліктеушілік басым. Самсун қала­сының бірқатар опера театрларын аралап, сценографиясымен танысып шықтым. Өте жақсы, деңгейі қазақ театрларынан титтей де кем емес. Бірақ жеткізу тәсілдерінде аздаған өзгешеліктер бар. Мәселен, бізде сахна үшін арнайы қылқаламмен өнер тудырып жатса, түріктер көбінесе компьютерлік өңдеудің көмегіне жүгінеді. Бәрі дайын, ешкім суретті қолмен салып жатпайды. Ал театр деген жанды өнер болғандықтан, меніңше, сахна қай кезде де техниканың тіліне емес, жүректің үніне басымдық берсе ұтылмайды.

– Осы тұста тағы бір сауал туындай­ды. Қазіргі заманауи спектакльдерде қойылымның басынан аяғына дейін лед-экранның көмегіне жүгіну қызы­ғушылығы басым. Сахна суреткері ретін­де бұл үрдіске көзқарасыңыз қалай?

– Егер қисыны мен қиюын тапса, лед-экранды да, заманауи техниканың өзге түрін де сахнада қолдануға болады. Лед-экран пайдалану – бұл сахнаны тұтастай экранмен көмкеріп, сол экранның фонында актерлерді ойнату керек деген сөз емес. Экранның шағын ғана бөлігімен көп нәрсені жеткізуге болады. Фокус жасау керек. Қазір концертіміздің барлығы лед-экрансыз өтпейтін болып кетті ғой. Ал біздің міндетіміз концертті қайталау емес. Сценографияның діттеген мақсаты да, оған жүктелер сахнаның талабы да басқа. Шешімі болу керек. Көркемдік шешімі болмаса, ол сценография болмайды ғой. Сахнадағы әрекет пен экрандағы көрініс бір-бірімен байланыс тауып, бірін-бірі толықтырып тұру қажет. Сонда лед-экран өз міндетіне бір табан жақындайды. Ал біздегідей сахнада басқа әрекет, лед-экран бөлек әлемнің әңгімесін айтып тұрған жарамайды. Көрермен сахна мен экранның арасындағы шекараны, бөліністі ажырата алмай қалуы керек. Егер лед-экран сондай көркемдік шешімге жете алса, ондай техникалық қызметті мен қолдаймын. Бірақ өкінішке қарай, біздің театрлар ол үндестікке әлі қол жеткізе алмай келеді.

– Бүгінгі сценографияда суреттің қандай жеткізу тәсілдері сәнде?

– Сценография қазір дизайнға ауысып кетті. Минимализм басым. Маған, шыны керек, ол үрдіс ұнамайды. Мәселен, Еуропа театрларының даладай сахнаға образды түрде үлкен ат, жалғыз орындық немесе сыңар аяқкиім сынды дүниелерді алып, қойылымның басынан аяғына дейін сол детальді ойнатады. Қазір әлем сахналарында осы сән болып кетті. Содан кейін жоғарыда айтқан лед-экранды қолдану, жарықпен ойнау да сәнде. Сценографиядағы жаңашылдық жайы сөз болғанда, техниканың жетістігімен қоса түйткілі де қатар жүреді. Бізге мықты сахна мамандары, әсіресе декораторлар, бутафорлар керек. Техниканы жетік меңгерген білік­ті мамандар жетіспейді. Сахнада жа­рық­пен сауатты жұмыс істеу тәсілдерін меңгеру қажет. Қозғалатын сахналар да де­ко­рациялық жұмысқа көп көмегін тигізер еді.

– «Сықиған мүлікке, қозғалмайтын картинаға толы декорацияның дәурені әлдеқашан өтті» деген пікір бүгінде жиі айтылады. Әйтсе де, «академизмнен» әлі арыла алмай келеміз. Бізге сахнада сан түрлі экспериментке баруға не кедергі?

– Айтып отырғаныңыздың жаны бар. Бірақ біздегі режиссерлердің көбі ондай шешімге келіспейді. Эксперименттен қорқады. Қазіргі сіздің айтып отырғаныңыз, жарық, әртүрлі эффектілер арқылы жасалатын қарапайым да жаңашыл шешімдер ғой. Ондай жұмыстар да жасауға болады. Бірақ сахна деген – синтезді, бір-бірімен байланыс­ты өнер. Мәселен, ондай шешімге суретші барғанмен, режиссер келіспеуі мүмкін немесе керісінше. Сондықтан біз қай кезде де ортақ шешім іздейміз.

– Демек, бұл мысалдан дәл қазір қа­зақ сахнасына жас та креативті режис­сер­лердің қажеттілігін көреміз ғой?

– Әрине жастардың жалыны мен пікір еркіндігі қай кезде де қажет. Тек ең бастысы – оларға сенім арта білу керек. Сонда сапалы нәтиже шығады. Ол үлкен жауапкершілік пен тәуекелді қажет етеді. Кез келген теат­р сәтсіздікке ұрынып қалудан қорқады. Сондықтан да ең оңай шешімі – жаңа қойылымды жұмысы бұрыннан таныс режиссерге тапсырып, спектакльдің соңына жетіп, абыроймен өтетіндігіне сенімді болу. Одан өсу бола ма, жоқ па, ол енді екінші мәселе. Бірақ кейінгі кезде қазақ сахнасында жас режиссерлердің сәтті жұмыстары ара-тұра көрініп жүр. Сол қуантады.

– Әкеңіз Есенгелді Тұяқовты халық сахна саласында ұзақ жылдар аянбай тер төгіп келе жатқан қайраткер тұлға ретінде таниды. Шыныңызды айты­ңызшы, сценографияға тікелей әкеңіздің ықпалымен келдіңіз бе, әлде сурет әу бастағы жүрегіңіздің қалауы ма?

– Әрине бұл салаға келуіме белгілі бір деңгейде әкемнің де ықпалы болғаны анық. Бірақ өзімнің жүрегім қалап, суретті шын сүйіп тұрмасам, әкем қанша жерден мықты сценограф болғанымен, мен игере алмас едім деп ойлаймын. Өнер деген жүректің ісі ғой. Менің бағым – сценографиядағы алғашқы қадамымды М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында режиссер Болат Атабаевпен шығармашылық тандемде бастауым деп ойлаймын. О.Таңсықбаев атындағы көркемсурет колледжін енді бітірген кезімде Болат ағамен тандемде М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын сахна­ладық. Бұл – мен үшін, 17-18 жастағы жас сценограф үшін үлкен мектеп болғаны анық. «Қарагөздей» күрделі психологиялық шығарманы қою жауапкершілігі жүктел­генде, шыны керек, басында аздап жүрек­сіндім. Жаңалық әкелгің келіп құл­шынып тұрған, жан дүниең жастық максимализмге тұнып тұрған жалынды шақ, дегенмен де қалай жаңалық тудырудың жолын білмей қиналдым. Сөйтіп Болат аға екеуміз ақылдаса, бірлесе жұмыс істей отырып, «Қа­ра­гөздің» премьерасын өткіздік. Одан кейін өзбек режиссерімен У.Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасын» сахналауда өзімді сынап көрдім. Ол да үлкен классика. Солай жай-жайлап театр әлеміне қадам бастым.

– Тек баласы ретінде ғана емес, суретші ретінде де Есенгелді ағаның өзіңізге зор сенім артатыны байқалады. Ол сенімнің салмағы сіз үшін қаншалықты?

– Ол жауапкершілікке көңіл бөлмеуге тырысамын. Әкемнің тәжірибесінен қорқып, жүрексіне берсем, әкемнің сеніміне қарайлай берсем, онда мен ештеңе істей алмай қалар едім. Сондықтан барынша өз пікірімде қалып, өзімше өнер тудырғым келеді. Әрине бір салада жүріп, ортақ шеберханада жұмыс істегеннен кейін де үнемі ақылдасып, қажет жерінде тіпті дауласып та аламыз. Онсыз шығармашылық процесс жүрмейді ғой. Менің басты ұстазым – әкем. «Сен жассың ғой, өзгеше ойлайсың ғой» деп маған жиі айтып жатады. Бірақ мен керісінше дер едім. Әкемнің көрген-білгені, сахна өнерінен түйгенінің қасында мен өзімді әлі де бала сезінем. Ол кісі әлемдік сахна өнерімен жақсы таныс, бәрін аралап көзімен көрген. Ой, идея жағынан, тосын форма мен тың шешімге келуде әлі де жастарды он орайтын қиял қуаты бар. Қанша жас, жаңашыл дегенмен, адам емеспіз бе, шығармашылық жұмыс барысында тоқырайтын, тығырыққа тірелетін сәттер болып қалады. Сондай кездерде үнемі жол нұсқап, ақылын айтып отырады. Өнерге келгенде әкем өте жаңашыл, жаңалықсүйгіш адам.

– Ал өзіңіз тек сценографиямен ғана айна­лысасыз ба? Әлде жаныңыз сүйіп айна­лы­сатын басқа да көркемөнер түрлері бар ма?

– Сценографиядан бөлек қылқаламды серік етемін. Қолым қалт еткенде сурет салып тұрамын. Қазір өнердің осы бір ерекше түріне көбірек көңіл бөліп, өзімді сурет өнері саласында да сынап көрсем деймін. Өйткені сценография деп жүріп, барлық уақытым соған кетіп қалып, суретке мардымды көңіл бөле алмай жүрмін. Соның салдарынан көп нәрсені ұмытыңқырап бара жатқандай сезінемін. Бірақ сурет менің жанымда, жүрегімде өмір сүреді. Қылқалам қайталанбас махаббатым десе де болады. Кейбіреулер: «Ол сценограф қой, сурет салса да кәсіби емес, театр­ландырып салатын шығар» деп ойлайды. Меніңше, ол жаңсақ түсінік. Театр суретшісі қиялға бай болады. Өзгені айтпағанда, драматургияны оқиды, сюжет құрастыра алады. Сонысымен еңбегі қызығырақ болады ғой деп ойлаймын. Қазір көп суретшінің қиялы тұрмыстық деңгейден әрі аса алмай жатқанына қарным ашады. Білесіз бе, кейде кейбір суретшілердің ортаңқол суретінің өзін классикамен теңестіріп, жер-көкке сыйғызбай мақтап отырғанын көргенде, суретке қайтып келіп, өзімді суретші ретінде дәлелдегім, шын өнердің қалай туатынын көрсеткім келеді. Бұл – менің өнердегі бағындыруға тиіс мақсаттарымның бірі.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»