Күрес • 10 Қыркүйек, 2018

Түркі дүниесінің түйе балуаны

917 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қырғыз елінің Шолпан-Ата қаласында дүркіреп өткен үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының барысы жайлы жан-жаққа хабар таратушы қырғызстандық ақпарат көздері моңғолиялық қазақ балуаны Серік Бердімұратұлы туралы аста-төк мақтауларды саршаның сары қымызындай сапырып жатыр.  

Түркі дүниесінің түйе балуаны

Аңдап бақсақ олардың айтқаны рас екен. Өйткені Се­рік балуан түркі һәм парсы халықтарына тән жекпе-жек сайыс түрлерінің түгелінен абсолюттік салмақта олжа салыпты. Айталық, дүбірлі тойдың алғашқы күні түрікмендердің гуреші (белбеу күрес) бойынша белдесіп, қола медалға қол жеткізсе, келесі күні басталған қазақша күрес түрінен түйе балуан сайысында иран-парсы, орыс-татардың небір алыптарын алып ұрып, бас жүлдені тақымға басыпты. Қызық болғанда Серік батыр қазақша күрестің алтын тұғырынан түскен бойы, қолма-қол екінші кілемде арпалысып жатқан иранның пахлавани күресіне қойып кеткен. Барғанда барлығын қоғадай жапырып, күміс тұғырға нық тұрақтаған. Бір күнде екі-үш халықтың ұлттық күресімен қатар белдесіп, алтын-күміс-қола тұғырға алма-кезек қонақтаған 24 жастағы қазақ оғыланының мықтылығы расында көшпенділер тойына жиналған жұрттың еріксіз таңдайын қақ­тырып, басын шұлғытқан. Қыр­­ғыз бауырлардың да тамсанып, толғанып жүргені осы екен. Кейбір күресқұмар қырғыз аға­йындар Серіктің ерік-жігері мен күрескерлік рухына қарап «Түркі дүние­сінің түйе балуаны» деп әспеттеп жатыр.

Орайы келіп тұрғанда айта кетейік, Серік Бердімұратұлы бұған дейін де талай биіктерді бағындырған. Атап айтқанда: самбо күресінен жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының екі дүркін (2010, 2011) қола жүл­дегері, жасөспірімдер арасында сумо күресінен Жапония ашық чемпионатының (2011) қола жүлдегері. Моңғолдың ұлт­тық күресінен жастар арасын­да ел чемпионы (2012) және өте мәртебелі «Мемлекеттік лашын» (2017) атағының иегері. Дзюдодан жасөспірімдер арасында Моңғолия чемпионы (2009) және ересектер арасында (2014) күміс медаль иегері. Қазақша күрестен «Еуразия Барысының» (2013) күміс жүлдегері және Азия чемпионы (Астана, 2018).

Әсіресе, Серікті елге танымал еткен оқиға – 2012 жылы қазан айының 27-28 күндері Гон­конгте сумо күресінен өткен әлем чем­пио­наты. Бұл додаға дү­ние жүзінің 40 елінен 200-ден астам балуан қатысқан екен. 100 кило салмақта белдескен Серік әуелі жергілікті сумошыны жығып, келесі белдесуде грузин балуанымен жолы түйісіпті. Оны да жеңген жас қазақ өз тобының шешуші сынында ресейлік балуаннан айласын асырады. Сөйтіп чемпиондық белдік үшін жапондық балуан, студенттер арасындағы әлем чемпионы Онами Ашихашимен күш сынасып, оны бар-жоғы екі минутта төңкеріп тастаған. Сөйтіп, сумо күресінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ ретінде тарихта аты қалды. Осы чемпио­натта сумо күресінің ғұламасы Ояката Такасаганың қырағы көзі Серікті шалады. Бұл кісі атақты Асашеорюдің бапкері. Ояката бапкер Серікке айтады: «Жапон еліне кел, құдай бұйыртса, дүниені дүр сілкіндіретін сумошы болатын түрің бар, тірі адамға не қажет, бәрін жасаймын». Бірақ Серік әр қилы себептерге байланысты бас тартқан.

Осылай, бозбала шағында тұлпар мініп, ту ұстаған Серіктің түп-тұқиянына үңілсек, арғы аталары Ақтай мен Бозтай аюмен алысып атағы шыққан. Осы Ақтай балуаннан Қанжығалы, одан – Қылаң, одан – Жаманқара, одан – Елеш. Елештің төрт ұлының бірі мына біз сөз етіп отырған Серік балуанның әкесі Бердімұрат. Бекең қазір Ұлан-батыр қаласында жеке кәсіппен айналысады. Ал Серіктің анасы Гүлдана Жеңісханқызының мамандығы – инженер.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»