Медицина • 10 Қыркүйек, 2018

Түркістанды дамытуға кәсіпкерлер де үлес қоспақ

462 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Түркістанды дамытуға кәсіпкерлер де үлес қоспақ

Түркістан қаласында таяу арада салынуға тиіс нысандар көп. Шаһардың жаңа әкімші­лік-іскерлік орталығында әкімдік ғи­ма­раты, басқармалар мен депар­таменттер үйі, драма театры, Конгресс-холл, филармония, кітап­­­­хана, мәдениет сарайы, спорт кешені, стадион, жүзу бас­­сейні, Назарбаев зияткерлік мек­­тебі, саябақтар, көпқабатты тұр­­ғын үйлер, мектептер, бала­бақ­­ша­­лар, көрме орталығы, мұра­жай, опера және балет театры, денсау­лық сақтау және басқа да әлеу­меттік-мәдени нысандар құры­лыс­тарын жүргізу, оларға қажет­ті инфрақұрылымдар тарту бірін­ші кезекте қолға алынатын іс.

Әрине, бұл көп қаржыны, уақыт пен тынымсыз еңбекті қажет ететін шаруа. Осы орайда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыс­тық, аудандық, қалалық мәс­лихат депутаттарымен және кәсіпкерлермен кездесіп, жос­пар­ланған жұмыстарды жүзе­ге асыруға қолдау көрсетуге шақыр­ды. Іскер азаматтарды қала­ны көр­кейту үшін түрлі әлеумет­тік нысандар мен ойын-сауық орта­лықтары сынды халық­қа қажет­ті ғимараттар салуға үндеді. «Түркістанды тү­ле­туге ерекше назар аударған Ел­басы оған рес­пуб­­ликалық бюд­­жеттен бөлек, еліміздің өзге өңір­лерін, ұлттық компаниялар мен бизнес өкілдерін атсалысуға шақырған болатын. Түркістан қаласының туристік әлеуеті өте жоғары. Өткен жылы 1 миллионнан астам турист келген болса, алдағы уақытта олардың санын көбейту көзделіп отыр. Осы мақсатта қалаға жаңа әуежай, темір жол вокзалы мен автовокзал, сервистік қызмет көрсететін әлеуметтік мәдени нысандар салып, оларға қажетті инженерлік инфрақұрылымды жүргізу жос­парлануда», деді Ж.Түймебаев.

Кездесу барысында бір аңғар­ғанымыз, кәсіпкерлер тарапынан көмектесуге дайындығын білдіргендер байқала қоймады. Керісінше «Бізге жобаларды жүзеге асыруға қаржы бөлінсе» деген­­ді айтып, бергісі емес, алғы­сы келетінін емеурінмен таныт­қандар табылды.

Аса құлшыныс білдірген­дер болмаған соң, облыстық мәсли­хат хатшысы Қайрат Балабиев Мемлекет басшысының 26 жыл бойы кәсіпкерлерге жәрдем көрсетіп келгенін, ендігі кезекте іскер азаматтар елге, мемлекетке қызмет ететін уақыт жеткенін айтып қамшылағандай да болды. Сондай-ақ хатшы кәсіпкер ұлының спорттық кешен – фитнес орталығын салуды ұйғарып қойғанын жеткізді. Облыс әкімі де кәсіпкерлердің мемлекеттен алған көмектерін ұмытпағанын қалайтынын білдірді. «Кім не алғанын өздері жақсы біледі. Енді соны қайтаратын кез келді», деді Ж.Түймебаев.

Дегенмен, жаңа облыс орта­лығын дамытуға көмек көрсете бастаған кәсіпкерлер де жоқ емес. Мәселен, есімі елге мәлім бизнесмен, облыстық мәслихат депутаты Серікжан Сейіт­жанов қонақүй салуды бастап кетсе, түріктің бір іскер азаматы да бес жұлдызды екінші қонақүйді тұр­ғызудың жобасын жасап қойыпты.

Игі іске Шымкент қаласының әкімдігі де атсалыспақ. Осы орайда Түркістан облысы мен Шымкент қаласы əкімдіктері­нің арасында меморандум жасалды. «Елбасы Парламент пала­таларының бірлескен отырысында Түркістан мен Шымкентті дамыту мəселесіне ерекше тоқ­талып өтті. Қырғызстанда өткен Түркі мемлекеттері басшы­­лары­ның кеңесінде де Түркі­стан­ның маңыздылығына мән берді. Шымкент – Түркістан облысына ең жақын қала. Сондық­тан өңірдің дамуына бірінші кезекте Шымкент қаласының қосар үлесі зор. Біз бір-бірімізді қолдай отырып, облыс пен қаланы, сол арқылы республикамызды дамыта беруіміз керек», деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ облыс әкімі қала­ның ертеңгі келбетіне қатысты бірқатар ұсынысын жет­кізді. Мысалы қаладағы үйлер­дің биік­тігін 5 қабаттан асыр­май, сая­лы ету, көлік қозғалы­сын азайту үшін көшелер­дің енін кеңейтпеу қажеттігін айтты.

Түркістанда 66 тойхана бар екен, оларды басқа мақсатта пайдалану жолын қарастыру да маңызды. Ал Шымкент қала­сының əкімі Ғабидолла Əбді­рахымов Бас жоспар бекітілген соң, Түркістанға ең бірінші болып үлкен ғимарат салып беруге үшінші мегаполис әзір екендігін мәлімдеді.

Жиынға қатысушылар Түркі­стан қаласын дамыту мақсатында жасалған жобалармен танысты.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы