Медицина • 10 Қыркүйек, 2018

Төртем мектеп есігін ашты

650 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Төртем мектеп есігін ашты

Қызылжар өңірінде ел тәуелсіздігінің 27 жылы ішінде тұңғыш рет тіркелген айтулы оқиғалардың біріне Андрей мен Светлананың бірден төрт қыз баланың ата-анасы атануы­н жатқызуға болады. Отбасы иелері он жыл бойы бір сәби сүюді армандап, бақытқа кенелер қуанышты кезді зарыға күтіп жүргенде Маша, Катя, Лиза,Тоня есімді үйелменді-сүйелменді шақалақтар дүние есігін іңгәлап ашқан. Қызылжар ауданының орталығы Бескөл кентінде тұратын қарапайым отбасына облыстық ішкі істер департаменті үш бөлмелі пә­терді сыйға тартып, басқа да жөн-жоралғыларын жасаған. Бұдан бөлек жергілікті «Ұрпақ» қоры арқылы нәрестелерге депозит ашылып, 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы салынған.

Жетіге келгенше жерден таяқ жеп өскен сәбилер биыл мектеп табылдырығын аттап, партаға отырды. Шәкірт атанып, алғашқы қоңырау соғу мәртебесіне ие болды. Қазір өзі қатарлас 19 құрбысымен бірге ұстаздарының алдынан тәлім-тәрбие алып жүр.

– Төртеуінің мінезі әрқилы болғанымен, бәрі де зейінді, сабаққа алғыр. Қазақша да, орысша да жүзге дейін жаңылмай санайды,–дейді сынып жетекшісі Евгения Сомбарецкая. Аналары Светлананың айтуынша ба­лабақшаға барған күннен бастап ән айтуға, би билеуге машықтанған. Кейін бұл қабі­леттерін әрі қарай дамытып, түрлі мәдени кештерге белсене қатысатын болған.

Андрей ОІІД-нің қызметкері, Светлана сатушы. Алдағы уа­қытта «Мерейлі отбасы» бай­қауына қатыспақ ойлары бар. Оған дайындықты бас­тап кетіпті. Департамент басшылығы жылдағы дәстүр ізімен Ивановтар отбасына арнайы келіп, төртемге сый-сияпаттарын көрсетіпті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы,

Қызылжар ауданы