Медицина • 11 Қыркүйек, 2018

Жас отбасыларға жеңілдік жасалады

9499 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«7 – 20 – 25» бағдарламасы бо­йынша алғашқы жарна 20-дан 10 процентке төмен­детілмек. Таяуда бағдарла­маның бас операторы «Бас­пана» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы осындай жағымды жаңалықпен бөліскен еді. Біз бірден ұйым өкілдеріне хабарласып, аталған жайттың анық-қанығын білдік. 

Жас отбасыларға жеңілдік жасалады

«Иә, бұл – шынайы ақпарат. Енді Елбасы бастамасымен қолға алынған бағдарлама негізінде алғашқы жарна есебіндегі 20 проценттің 10 процентін ғана төлеп, баспаналы болуға мүмкіндік бар. Бірақ бағдарлама түбегейлі өзгеріске ұшырап отырған жоқ. Яғни бұл барлық азаматтар үшін емес, тек белгілі бір әлеуметтік топқа арналған және жергілікті әкімдіктер арқылы жүзеге асырылады», деді «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ Сыртқы коммуникациялар қызметінің өкілі бізге берген жауабында. 

Жуырда газетімізде жария­лан­ған мақалада («Жалған бағдарлама жарға жықпасын», «ЕҚ», 23 тамыз 2018 ж.) соңғы кезде «7 – 20 – 25» бағдарламасына ұқсас атауды жамылып, жарнамасын жасап жат­қан түрлі бағдарламалардың көбейіп кеткені туралы мәселе көте­рілген еді. Яғни жарнамаларды таратып отырған құрылыс компа­ниялары мен тұрғын үй коопе­ра­тивтері ғаламтор мен әлеуметтік желілерде «0-20-25», «5-19-25», «5-10-25» сынды түрлі ак­циялар ұйымдастырып жатқа­нымен олардың баспаналы болуды армандаған халыққа ұсы­нып отырған талаптары мүлде бас­қа­ша. Мысалы, атауы айқайлап тұр­ғанымен, несиені 25 жылға емес, 25 айға ғана беруі мүмкін. Немесе «20» саны алғашқы жарна емес, несие бойынша үстеме мөлшерлеме болуы әбден ықтимал. Сондықтан жоғарыда аталған жаңалыққа да сәл күмәнмен қарағанымыз рас. Алайда бұл жергілікті әкім­дік­термен бірлесіп жасалатын тиім­ді жоба екені белгілі болды. Мәлім болғандай, «Баспана» ипоте­калық ұйымы» АҚ «7-20-25» бағ­дарламасы аясында жас отба­сылар мен бюджеттік сала қызмет­керлеріне қаржылық жүктемені азайту мақсатында «Жас арман» және «Қамқор баспана» өнімдерін әзірлепті. Өнімдер «Баспана» ипотекалық ұйымы және жергілікті атқарушы органдар арасындағы ынтымақтастыққа негізделіп, атал­ған санаттағы азаматтарға 

«7 – 20 – 25» ипотекасының ал­ғаш­қы жар­насын екі есеге азайтуды қарастырады.

«Біз «7 – 20 – 25»  бағдарламасы­на жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлерінің қатысуына ерекше зор мән береміз. Оларға алғашқы жарнаны жинау қиын екені жөнінде көптеген ұсыныс-пікір келіп түсті. Сол себепті, барынша қолдау мүмкіндіктерін қарастырдық. Мұндай әлеуметтік шешімдерді іске асыру үшін әкімдіктер тарапынан қолдау күте­міз», дейді «Баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков «Жас арман» және «Қамқор бас­пана» өнімдері жайында  берген түсіндірмесінде. 

Шындығында әлеуметтік маңы­зы зор бағдарламаның тиімді­лігі, артықшылығы қаншама айтылға­нымен, осы бір алғашқы жарнаның 20 процент болуы жас отбасылар үшін ауырлау болып отырғаны өзекті мәселе еді. Бұл талай жиында қаралып, талқыланған-ды. Енді міне, бұл тығырықтан шығудың да бір жолы табылғандай. 

Бүгінде «Жас арман» және «Қамқор баспана» өнімдері бірінші болып Шымкент қаласында қанат­қақты режімде жұмыс істей баста­ған екен. Тараптар тиісті мемо­ран­думға 2018 жылдың 3 қыркүйегінде қол қойды. Меморандумға сәйкес Шымкент қаласының әкімдігі қайтарымды негізде бастапқы жарнаны субсидиялау үшін ағымдағы жылы 500 миллион теңге және 2019 жылы 1,5 миллиард теңге бөл­мек. Әкімдіктің қолдауы 2 мың­ға жуық жас отбасы мен бюд­жет­тік сала қызметкерлерін қамти­ды деп жоспарлануда.

Айтқандай, «Баспана» ипоте­калық ұйымы өкілдері бүгінде жалпы «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша ең жоғары сұраныста аумағы 62 шаршы метр екі бөлмелі пәтерлер екені анықталғанын айтып отыр. Сонымен бірге «7 – 20 – 25» бағдарламасы арқылы сатып алынатын баспананың орташа құны да есептелген. «Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 14 миллион 68 мың теңгені құрайды. Қарыз алушының ортақ сипаты да белгілі болған. Ол – Қазақстан Республикасының азаматы, жас шамасы 24 пен 40 жас аралығында, отбасының ай сайынғы табысы 200 мың тең­ге көлемінде», дейді «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ Сыртқы байланыс қызметі бастығының орынбасары Айбар Олжаев. 

Сондай-ақ бүгінде «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша баспаналы болғысы келетіндер қатары күн санап артып келе жатқанын айта кету керек. Мәселен, осыдан бір ай бұрын, яғни 13 тамыз күнгі жағдай бойынша, Қазақстан халқынан бағдарламаға қатысуға 15,4 миллиард теңге сомасына 1323 өтініш келіп түскен екен. Оның жалпы сомасы 9,7 миллиард теңгені құрайтын 843 өтініші банктер тарапынан мақұлданған.

Ал Ұлттық банктің кеше, 10 қыркүйек күні жарияланған ақ­па­раттық хабарламасында «7 – 20 – 25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде қарыз алуға 26,7 млрд теңге сомасына  2 255 өті­ніш қабылданғаны айтылды. Оның ішінде 18 млрд теңге сома­сына қарыз беруге 1 514 өтініш мақұлданған. Яғни өтініштер саны екі еселенген. Ал «7 – 20 – 25» бағдарламасының «Жас ар­ман» және «Қамқор баспана» бағыттары бойынша әзірге еш­қандай өтініш қабылдана қойған жоқ. Оның нақты талаптары қазіргі күні әкім­діктермен келісіліп, нақ­ты­ланып жатыр.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»