Қазақстан • 11 Қыркүйек, 2018

Жедел жәрдемдегі жетістіктер

1515 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ет пен сүйектен жаралған соң сырқаттанбай тұрмайтының белгілі. Мұндайда емхана жақын болса бағыңның жанғаны, керісінше қақпаңнан қашықтау болса әлсіреген ағзаңды әуреге салуың әбден мүмкін. Шыбын жанын шырқыратқан сырқаттың есіне ең бірінші жедел жәрдем түсіп, телефоннан «103» нөмірін тереді... 

Жедел жәрдемдегі жетістіктер

Қазіргі уақытта Қазақ­стан­ның медициналық әлеуеті әжеп­тәуір дамып, жүйелі жұмыс­тар жүргізілуде. Соның ішінде жедел жәрдем қызметі жеделдей түскенін аңғару қиын емес. Ден­саулық сақтау министрі Елжан Біртанов жуырда Үкімет отырысында жедел жәрдем қызметін реформалау жұмыстары жүр­гізіліп жатқанын жеткізді. 

«Ең алдымен емханаларға шұғыл емес қоңырауларды беру жүргізілді, кезең-кезеңімен қызметкерлерді халықаралық стандарттар бойынша оқыту іске асырылуда. Еліміздің 9 өңірінде бірыңғай диспетчерлік қызмет құрылды. Биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша жедел жәрдем көлігінің жол жүруінің орташа уақыты 7 минутқа қысқарды, сәтті реанимация көрсеткіші 14%-ке өсті», деді Е.Біртанов.

Денсаулық сақтау минис­тр­лігінің мәліметінше, жедел медициналық жәрдем қызметі 2018 жылғы 4 ай ішінде 2,5 млн-нан астам шақыртуға қызмет көрсеткен. Бұл 2017 жылғы шақырту санының салыстырмалы кезеңінен 5 процентке артық. Халықтың жедел медициналық көмекке жасаған өтінімдерінің негізгі себептері тыныс алу органдарының аурулары – 24%, жүрек-қан тамырлары аурулары – 21%, неврологиялық аурулар – 7%, улану мен жарақаттар, оның ішінде ЖКО-да – 6%, инфекциялық аурулар – 5%, акушерлік және гинекологиялық аурулар – 5%, асқазан-ішек жолдарының аурулары – 4%, құрсақ қуысының жіті хирургиялық аурулары – 4%, зәр шығару жолдарының аурулары – 3% және 19%-і басқа да аурулар болды. 

Ал 2018 жылғы бірінші тоқ­сандағы статистикалық мәлі­меттерге сүйенсек, республикада өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда кешігіп қызмет көрсетілген шақырулар саны 0,7 процентке азайған. Жедел жәрдем қызметінің кешігуіне әсер ететін факторларды айта кетейік. Бұл санитариялық авто­көліктердің тозуының үл­­кен про­центі, жолдардағы мәсе­лелер, па­циенттердің мекен жайын қате беру сияқты көлденең кедергілер.
Осындай олқылықтардың орнын толтырып, жедел жәр­дем жұмысын одан әрі жетіл­діру мақ­сатында 5, 7 қыр­күйек аралығында елордада Қазақ­станның барлық өңірінің және Литва командаларының қаты­суы­мен жедел медициналық жәр­дем бри­гадаларының III респуб­ликалық жарысы ұйым­­дас­­ты­рылған болатын. Жа­рыс­тың жеңім­­паздарын құт­тық­таған Денсаулық сақтау ми­нис­трі Елжан Біртанов, жедел ме­дициналық жәрдем брига­даларының жарысын өткі­зу төтенше жағдайлар туында­ған кезде алғашқы көмек көрсету­дің дағдыларын оқытуға, Қазақстан­да симуляциялық білім беру са­ласында, медицинадағы шұғыл жағ­дайлар кезінде ең үздік тәжі­рибені енгізуге, жедел меди­ци­налық жәрдем қызметін ұйым­дастыруға, командада тиімді жұ­мыс істеуді үйренуге мүмкін­дік беретіндігін атап өтті. 

«Дәрігер, со­ның ішінде жедел жәрдем дә­рігері қоғамдағы ең қажетті мамандық. Бұл өте күрделі, жанқиярлықты кейде адам өмірін құтқаруда шұғыл шешім қабылдауды талап етеді. Медицина қызметкерлерінің тәжірибесі, оларға тән адам өмірі мен денсаулығына деген жоғары жауапкершілігі реформалардың сәтті жүзеге асырылуының және қоғамның тұрақты дамуының кепілі», деді министр. Ал Қоғам­дық денсаулық сақтау ұлт­тық орталығының директоры Уә­лихан Ахметов алғашқы жедел медициналық жәрдем брига­да­ларының жарысы 2016 жыл­дың маусым айында Алматы қала­сында ұйымдастырылғанын, мұндай жарыстар медициналық мамандарды кәсіби даярлаудағы кемшіліктерді анықтау жолы арқылы үйлесімді жұмыс істеу­ге, ұжымдық рух және қатысу­шыларға ұмытылмас тәжірибе беретіндігін, сондай-ақ тәжірибе алмасуға қажеттігін тілге тиек етті. Сайыс қорытындысы бойынша еліміздің ең үздік жедел медициналық жәрдем бригадасы Ақмола облысының командасы болды. Екінші орынды Жамбыл облысының командасы иеленсе, Астана қаласының командасы үшінші орынға жайғасты.

Жедел жәрдем қызметіндегі жаңашыл бастамалар, әлем­дік дәрежедегі әртүрлі тәжі­рибелерді қолдану тың сер­пі­лістерге жеткі­зуде. Мамыр айының басынан бастап көлік­тердің түсі мен жолда жүру тәртібіне өзгерістер енгізілгені есімізде. Астана қа­ласы әкім­ді­гінің «Қалалық же­дел меди­циналық жәрдем стан­сасының» бас дәрігері Тимур Мұратұлы қазіргі уақытта қала­лық стан­садағы 86 көліктің 21-і сары түске боялғанын, қал­ғандары жылдың соңына дейін жаңа стан­дарттарға сәйкес­тен­­діріле­тінін атап өтті.

«Тұрғындар көліктің түсі неге сары деп түсініспеушілік танытулары мүмкін. Біздің мақсат – науқастанған адамның мекен жайына жедел жету және оған медициналық көмек көрсету. Ал осы сары түс көліктің анық көрінуіне, тез танылуына септігін тигізеді. Оның медициналық көлік екенін байқаған көлік жүр­гізушілері кептелекке тұрғыз­бай, бірден жол береді. Жедел-жәрдем көліктерін осындай стан­дарттарға енгізу үшін Денсаулық сақтау министрлігі көп уақыт бойы дамыған шетелдердің тәжірибесін зерттеген болатын. Айта кететін тағы бір жайт, енді жедел жәрдем көліктеріне дабыл белгісін қосып жүру міндеттелді. Әлеуметтік желілерде осы жағ­дай біраз талқыланып, тұрғындар ішінен дабылдың дауысын ұнат­пағандары да кездесті. Жедел жәрдем көлігінің дауысын қосып жүру шақырған жерге жедел әрі жылдам жетуімізге көп көмегін тигізгенін айта кетуіміз керек. Біздің «Қалалық жедел ме­дициналық жәрдем стансасына» күніне 2 жарым мыңдай қоңырау келіп түседі. Осындай жаңа стандарттарды енгізу медицина саласының қызметін жақсартып, тұрғындардың наразылығын азай­тып, дертке шалдыққан нау­қастарға дер кезінде қолұшын беруге көмектеседі», деді ол.

Бас дәрігердің баяндауынша, ақ түсті жедел жәрдем көліктері қолданыстан алынбайды. 

«Себебі жедел жәрдем жұ­мысы екі шақырту негізінде қыз­мет атқарады. Бұл – шұғыл немесе шұғыл емес. Осы шұғыл емес ша­қыртуларға біздің ақ түсті көліктеріміз аттанатын болады», дейді Тимур Мұратұлы.

Аталған мекеменің көлік жүргізушісі, 11 жылдық еңбек өтілі бар Сәлімжан Мұқанов та сары түске боялған жедел жәрдем көліктері діттеген жеріне жедел жетуіне үлкен септігін тигізіп отырғанын айтады.

«Ел халқының саны көп, са­пасы мықты болуы үшін ең бірінші денсаулық сақтау саласына мән берген абзал. Осы ретте атқарылып жатқан шаруаларға көз жұма қарауға болмас. Соның бірі жедел жәрдем көліктерінің ақ түстен сары түске ауыстырылып жатқаны. Бұл біздің жұмысымызды едәуір жеңілдетті деуге болады. Себебі көлігімізді алыстан қарағанда бірден жедел жәрдем машинасы екенін аңғаруға болады. Соны байқаған тұрғындар, көлік тізгіндеген жүргізушілер бірден жол беріп, шұғыл шақыртуларға жедел жетіп, бір адамның болса да өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді», дейді ол.

Ал «Kazmediaconsult» директоры Кевин Фрик көптеген адамның автомобильді ақ түстен сары түске айналдыру мақсатсыз ақша жұмсау деп ойлайтынын айтады.

«Бірақ қазір халық түрлі қиындықтарға кезіккенде, бұл машинаны оңай танып, оған жол береді. Бұл жаңашылдықты Денсаулық сақтау министрлігі Америка мен Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып жасады», дейді ол. 

Оның сөзіне қарағанда, жедел жәрдем бригадаларының жұмысына АҚШ 1960 жылдары, Канада 1980 жылдары, Аустралия 1990 жылдары және Еуропалық Одақ елдері 2000 жылдары реформа жасаған. 

«Біз де бұл тәжірибені пайда­ланғымыз келеді. Реформадағы тек бірнеше құрамдас бөлікті байқап көруге болады. Ең ма­ңыз­дысы – ақпараттық қоғам. Шұғыл медициналық көмек көр­сету үшін екі ірі модель – ағыл­шын-америкалық және еуро­палық үлгілер қолданы­ла­ды. Бүгінгі таңда көбінесе, ағыл­шын-америкалық модельдің үрдісі пайдаланылуда. Бұл нау­қасты ауруханаға «алтын сағатта» жеткізу деген сөз. Қа­зақ­стан­ның «алғашқы көмек» қыз­меті ден­саулық сақтаудың бар­лық ж­үйесінің ішіндегі ең маңыз­дысы, әрі ең күрделісі болып отыр», дейді К.Фрик.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»