Өткен шілде айында Көктұма ауылындағы «Самал» пансионатында демалыста болып қайттық. Пансионат иесі Союзхан Нөсерханқызы балаларымен демалушыларға барлық жағдай жасап отыр. Үш мезгіл дәмді ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Азық-түлікті өздері әр жерден әкеледі. Негізінен әжептәуір алыс Үшарал қаласынан тасиды. Демалатын жерде толық жабдықталған бөлмелер. Балалар алаңы. Кешке би өткізетін орын. Табиғи шөппен қапталып, ауасы әруақытта таза жазғы асхана. Демалушылардың саны жүз адамға жететін уақыттары да болатын көрінеді. Келушілердің көпшілігі алматылықтар. Олардың біразымен сөйлескенімде пансионат иесіне риза екендіктерін білдірді.
Екінші бір пансионат иесі Әлім. Оның мекен еткен жері көлдің жиегі. Бұл мекенде бірнеше көлде серуендейтін моторлы кішігірім жүзу техникалары бар. Тауда шаруашылығы бар екен. Біраз мал өнімдерін содан қамтамасыз етіп отыратын көрінеді. Бұл өнімдер ешқандай химиялық қоспасыз экологиялық таза. Осы бір жарым мыңдай халқы бар Көктұма ауылының біразында әртүрлі көлемдегі пансионаттардың барын байқадым. Онымен қоса ірі қалалардың қалталы азаматтары үлкен зәулім ғимараттар салып, пансионаттар ашып жатқан көрінеді. Солардың біреуі алматылық азамат Марат деген кәсіпкермен әңгімелескенімде, ол кісі мұның өзі үшін, демалуға келушілерге де, онымен қоса үкіметке де пайдалы екендігін баяндады.
Осылардың бәрін сараптап қортындылағанда, әлі де көлдің жағалауы толық игеріліп, жабдықталмаған. Осы елді мекеннен он бес шақырымдай жердегі Ақши елді мекені жақсы игеріліп жатқан көрінеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Көктұма өңірінің Ақшиден кейбір артықшылықтары бар екен. Бұл ел тұрғындарының сұрайтыны – жолды жақсарту. Азық-түлік алатын жерлерді жақындату. Көлдің жиегін абаттандыру. Менің өзімнің көзіммен көргенім көлдің кейбір жағалары тік жар, тіпті биіктігі жеті-сегіз метрге жетеді. Опырылып құлап жатыр және байқамасаң тік жардан құлап кету қауіпі бар. Әрине, Алакөлдің келешекте жақсы демалыс орнына айналатынына кәміл сеніміз. Әйтсе де көлдің кейбір жерлеріне ерекше көңіл бөлініп, кейбір жерлері ұмыт қалған сияқты. Осы олқылықтың орнын толтыруға барлық жағдай жасалса, елімізде туризмді дамытуға қосылған үлес болар еді.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі