Бірде ақылы жұрттан асқан Платон көшеде жүріп бұзақылық жасап тұрған бір баланы ұстап алып ұрсыпты. «Мені болар-болмас нәрсе үшін сонша жазғырғаныңыз қалай?» деп томсырайған баланың иығына қолын қойып тұрып данышпан: «Жаман дағдыға ешқашан елеусіз қарауға болмайды», деп ескерткен екен. Жай уақытта көпшілік мән бере бермейтін дағдының адам өмірінде алар орны ерекше. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, адам өз ортасына тез бейімделгіш, көрген жағымды-жағымсыз қасиеттерді бойына тез жұқтырып алатын болмыс иесі. Айталық темекі, арақ, есірткіге құмартушылық, өтірік айту, жамандау, өз ісінің емес, өзгелердің қателігін қазбалау, ауызды балағат сөзге үйрету, екі кісіні шағыстыру, қызғаныш, қолын сұғанақтықтан тыймау, сұраншақтық, ең аяғы түкіре беру де жаман әдеттер.
Нашар әдет күнделікті араласқан адамдардан, дос-жарандардан, қоршаған ортадан, көрген бейәдеп бейнефильмдерден жұғады. «Әр сәби өмірге күнәдан таза болмыспен келеді» деп хадисте айтылғандай, адамның сәби шақтағы пәк болмысы есейе бастаған шағында жақсы-жаман орталарға тап болуына байланысты өзгереді. Әсіресе жасөспірімдік әрі жастық шақта еліктеушілік қасиеті басым тұрады. Бұл уақытта «Бір рет сынап көргенде тұрған не бар?», «Мен одан қалаған уақытымда бас тарта аламын» деген ой көп адамның алдануына әкеліп соғады. Шын мәнінде «Бір еткеніңді екі етерсің. Екі еткеніңді үш етерсің. Үш еткеніңді әдет етпей не етерсің?!» демекші, екі-үш рет қайталанған істің әдетке айналғанын адам сезбей қалады. Бастапқыда ескермегендіктен, одан құтылу барған сайын қиындай түседі.
Шара барысында «Сырғалым» клубының жетекшісі Бибігүл Шамеденова әдептілік, әдемілік жайында айтып, тақырыпқа сай бейне роликтер мен слайдтар көрсетті. «Жаман әдеттен аулақ бол!» атты кітап көрмесіне А.Әлімжанов, С.Байниетова «Нашақорлық − қасірет», Б.Төтенай «Дене тәрбиесі», Р.И.Воробюев «Питание и здоровье», «Апатқа апарар үш індет» т.б кітаптар және әр жылдары баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар қойылды. Көрмеге Ләззат Бултекова библиографиялық шолу жасады. Жас оқырмандар мен кітапханашылар арасында «Ғасыр тағдыры үшін күресейік!», «Уланбасын өмірің» атты ойындар ойналды.
Сөзіміздің тобықтай түйіні – «жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену». Өйткені дағды адам баласына жақсы қасиеттерді үлгі етіп, бойына сіңіру үшін берілген қасиет. Нашар қылықтарға үйірсек болғандар өмір бойы орны толмас өкініштерге ұрынып жатса, ал жақсы қасиеттерді үлгі еткендер екі дүниеде де сый-құрметке бөленбек.
Азатгүл ҚАЙНАҚАЕВА,
С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері
АҚТӨБЕ